Руханият • 16 Қазан, 2020

Тарихқа енген таңғажайып қалашық

337 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елді сүйсінткен ЭКСПО қалашығының ендігі ғұмырының жалғасы не боларын үстірт болжап жүргендер көп-ақ. Қойдың құмалағындай шашылған қыруар қаржы әркімнің бір табанына тапталып, желге ұшқанын мысалға алады. Кейбір саясаттанушылар сол пікірді үстей түсуде. Ал біз астанамыздың айнасына айналған сәулетті ғимараттарға «жаңа ғасырдың адамы» ретінде көз ­тастаймыз. Иә, тәуелсіз ұрпақ биігінде. Әлемге аты әйдік көрменің Сарыарқада салтанат құрғаны тарихта қатталып қалғаны анық.

Тарихқа енген таңғажайып қалашық

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

 

Қоғамның мәдени өміріне өзгеріс алып келетінін сол уақытта Англияның ханзадасы Альберттің сезбеуі мүмкін емес. Әйтпесе ағылшын асыл тектісі қоярда қоймай көрме ұйымдастыруға кірісе ме. Бұл қисапсыз қыруар қаржыны қисынсыз оңды-солды шашудың реті болса да, ертеңге қалар ұлы оқиғалардың бастаухаты еді. Несі бар, тақырға тұқым сепкендей тарихқа тың дүние қалдырды. Сөйтті де Лондонның маңдайын жарқы­ратып, атын әлемге танытты.

Ақыры ағылшынның әлгі «әумесер» ханзадасы әлем тарихында тұңғыш рет ЭКСПО ұйымдастырушы есебінде қалды. Дәл осы көрмеден соң халық­аралық аренада дизайн мектептері, туризм саласы және өндіріс өнері пай­да болды. Олай болатыны да бар, се­бебі көрменің тақырыбы: «Барлық ұлт­тардың өнеркәсіптік жұмыстарының ұлы көрмесі». Осылайша Гайдпаркте өткен көрме дүниежүзілік сауданың дамуына ерекше әсер етті.

 Адамзат дамуы мен қоғам игілігі үшін ұйымдастырылған бәсі биік жиын жаһан назарын бірден өзіне аударды. Аударып қана қоймай, дәстүрлі дүниеге айналды. 1855, 1878 жылдары Парижде өтсе, мұнан ары 1939 жылы Нью-Йоркте, 1985 жылы Цукуба – Жапонияда, 1992 жылы Севилья – Италияда шамын жақ­ты. Бұл тізімді тағы да ары қарай үздіксіз соза түссеңіз, тура біздің Нұр-Сұлтанның төрінен бір-ақ шығасыз. Тарихтан ептеп суыртпақтағанда алтын тіндей үзілмей, бүлінбей жеткен осы өміршең идеяның өз еліңе бастап келгеніне сүйінесің. Сүйінбей көріңіз, баяғы заманда тоғыз жолдың торабы – Ұлы Жібек жолының бойында отырып, жәрмеңке ашып, жер дүниенің соңғы жаңалықтарын, тың технологиясын көз алдында сайратып отыратын Ұлы Дала елі енді тағы да тарих басын теңеді.

 Бұл көрменің бізде өтуі де баба арма­нының бір жеңісі іспетті. Олай дейтініміз, аталған халықаралық көрмені елордада өткізу арқылы көп қырлы әлеуетке, дамудың бірегей мүмкіндігіне ие болдық. Өйткені онда әлем елдерінің соңғы жылдардағы экономикалық, технологиялық және мәдени жетістіктері таныстырылып, бүгінде озып шыққан озық елдің игілігі үшін қолданылуда. Бұл тұрғыдан келгенде, «Болашақ энергиясы» деген тақырып өз миссиясын орын­дағанына көз жеткізуге болатындай.

Иә, айтулы шара Ұлы Дала елін жат­жұрттықтарға теп-тегін танытты. Өйт­кені бұл – бұрынғыдай «өнеркәсіптің ұлы көрмесі» ғана емес, әмбебап көрме. Былайғы жұртқа түсінікті тілмен айт­қанда, тек қарыштап кеткен техника тетігі ғана емес, қазақ деген халықтың өзі таза болмысымен, тұрған бойымен төрткүл дүниеге танылды. Мұндайда баяғыдан бергі жылт еткен жаңалыққа қарап, «Міне, ғажап! Қазақстан аты әлемге танылып жатыр!» – деп шағын ақпаратты сүйіншілей таратудан бас тартасыз. Оған да алабөтен себеп жоқ емес. Дүниенің төрт бұрышынан келген қонақтардың көзқарасымен салмақтап көріңіз. Қазақы қисынға жықсаңыз, отыз тісінен тараған сөздің отыз рулы елге тарайтыны бар. Ендеше ауыздан ауызға тараған берекелі сөздің жетер жеріне болжам жасап жатсақ, несі айып?!

Бүгінде Нұр-Сұлтанның бір бүйре­гінде теңіз меруертіндей таңғажайып шағын қалашық пайда болды. Отандық компаниялар көптеп тартылған құрылыс нысандары әлем сәулет өнерінің сарап­талған бірегей туындылары ретінде қаз-қатар бой түзеді. Сөйтіп, Сарыарқа төсінде толықтай табиғи ресурстар есебінен энергия алатын зәулім де зерлі ғимараттар пайда болды. Мәсе­лен, Лондондағы Хрусталь сарайы, Париждегі Эйфель мұнарасы, Монреал­дағы Хабибат сияқты аты әйгілі кешен­дерді айтпағанның өзінде, бергі көр­шіміз 2000 жылы Шанхайда өткен көр­меден түскен табыс пен кеткен шы­ғын­нан бұрын ешкім арқалап әкете алмайтын әр алуан ғимараттарды айтып мақтанады. Бізге неге сөйтпеске? Аталған нысандардың бір бөлігі ғылыми зертханалар, ғылыми орталықтар, зерттеу институттары ретінде қолданылып, енді бір бөлігі ел игілігіне беріліп жа­тыр. Ол аз десеңіз, осы «Болашақ энер­­гиясымен» түбегейлі қамтамасыз етіл­ген шағын қалашық астанамызды энергия түрлерімен шама-шарқынша қам­тамасыз етуде.

Жалпы, бүкіләлемдік көрме аты бар, дақпырты һәм ауқымы жағынан Олим­пиада ойындары мен әлемдік фут­бол чемпионатынан кейінгі орында тұр­ған «ұлы тойды» өткізу санаулы ғана мемлекеттің маңдайына бұйы­рыпты. Әрі осы мемлекеттерді көл-кө­сір пайдаға көміп тастамаса да туризм саласында не мәдени өмірінде айшық­ты оқиғаларға жол салған екен. Алпауыт АҚШ-тың әр қаласында жиырма рет, Париждің өзінде сегіз рет әлемдік деңгейде әртүрлі дүбірлі той өтіпті. Со­дан ғой, әлем халқының Америка мен Еуропаға ағылатыны. Біздің кейде қолда бар алтынның қадіріне жете алмай, іштартып қалатынымыз бар. Неге бізге, жас шаһардың шырайын келтірген шағын қалашықты дәріптемеске. Бұл алдымен әлеуетіміздің биіктігін көрсетсе, екіншіден, қонақ тартудың тәуір тәсілі болар еді.