Аталған байқауды 2004 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы музейінде өткізу дәстүрге айналып, 2006 жылы бұл шара жаңа жобалық деңгейге көтерілген болатын. Мұндағы мақсат – әлем балаларын Қазақстанның мәдениеті және өнерімен таныстыру, олардың жеке қабілетін, шығармашылық әлеуетін тереңдету.
Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаеваның айтуына қарағанда, аталған бастама балалар шығармашылығын қолдауға бағытталған Тұңғыш Президент музейінің арнайы жобасы. Ал балалар шығармашылығының стилдік ерекшелігіне тоқталсақ, кескіндеме мен мүсін, сәндік-қолданбалы өнер үлгілері, көркем картиналар енген.
Биылғы байқауға Қазақстан, Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Өзбекстан, Украина, Әзербайжан, Беларусь елдерінен 400-ден астам жұмыс жолданыпты. Қазылар алқасының мүшесі, «Құланшы» заманауи өнер орталығының директоры Ләйлә Махаттың айтуынша, жас жеткіншектер шығармашылығына баға беру оңай емес. Мұнда әр баланың маңдай тері мен көз майы сіңген. Бұл реткі байқауға жолданған жұмыстар көңілге толымды және қатысушылардың көптігі мен жан-жақтылығы таңғалдырады. Осы орайда, өз жұмыстарын жолдаған барлық қатысушыларға рахмет айтамын, құттықтаймын, деді ол.
Сонымен 8-10 жас санатындағылар арасынан: бас жүлдені татарстандық Матвей Крылов қанжығаласа, келесі орындарды: София Моргун (Украина), Алексей Литвинцев (Беларусь), Алина Порхачева (Ресей), София Никулина (Долгопрудный, Ресей), Валерия Алексеенко (Барнаул, Ресей), Сүрия Сапар (Нұр-Сұлтан, Қазақстан) ие болды.
11-13 жас санатындағылар арасынан: бас жүлдеге Ділнұр Ақпаева (Соль-Илецк, Ресей) мен Виктория Савельева (Магнитогорск, Ресей) ие болса, келесі орындар Анастасия Шеляпа (Свердлов облысы, Ресей), Жансая Бердібай (Шымкент, Қазақстан), Сағдат Тоқтаева (Шахрисабз, Өзбекстан) т.б. бұйырды.
14-16 жас санатындағылар арасынан: бас жүлде Севинч Ботиров (Шахрисабз, Өзбекстан), Айым Сейілханға (Ақтөбе, Қазақстан) бұйырса, жүлдегерлер ретінде Александра Ефремова (Екатеринбург, Ресей), Екатерина Кривлева (Рудный, Қазақстан), Рай Нина (Волгодонск, Ресей) танылды.
Ұйымдастырушылар тарапынан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге онлайн түрде диплом табысталып, алған сыйлықтары пошта арқылы жіберілетін болды.
Байқауды қортындылап сөз сөйлеген «Байта» шығармашылық бастамалар мен мәдени мұра қайырымдылық қорының директоры Светлана Махат, жас таланттарға табыс тілей отырып, шығармашылық жұмыста биік белестерден көріне беруіне тілектестік танытты.
Байқауда үздік деп танылған жұмыстарға Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы музейінің көрме залынан орын бұйырды. Көпшілік бұл туындыларды онлайн арқылы тамашалай алады.