Аймақтар • 16 Қазан, 2020

Петропавлда Абайдың суреті бейнеленген мурал салынды

437 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір монументалдық қылқалам туындыларын мурал деп атайтын болған. Кеше Петропавл қаласындағы Абай мен Әуезов көшелерінің қиылысыныдағы бес қабатты үйде Абайдың 175 жылдығына арналған ұлы ақынның қабырғаны түгел алған сондай муралы ашылды.

Петропавлда Абайдың суреті бейнеленген мурал салынды

Мұндай мурал әзірге Қазақстанда біреу ғана. Оның ерекшелігі сонда – ол керамикалық плиталардан құрастырылған. Мұндай плиталар 830 градустық ыстықта қақталған, темірден де төзімді. Олардан өнім жасаудың өзі үлкен технологиялық процесстерден тұрады. Қызылжарда оны алматылық суретші – шебер Болат Әсербеков жасап шықты. Ұлы ақынның портреті де айнымай түсірілген. Оның жан-жағы әсем ою-өрнектермен безендірілген. «Енді бұл пано-мурал ұзақ жылдар бойы қаланың көркі болып тұратын болады. Біз қала тұрғындарына ұлы Абайды таныстырумен қатар оның бейнесінен эстетикалық ләззат алсын деген мақсатпен керамикадан осы көрікті суретті салдырдық», деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов оның ашылу салтанатында.  

Жаман індетке байланысты шектеулі адамдар ғана қатысқан салтанатта сөйлеген ғалым Зарқын Тайшыбай да, облыстық ардагерлер алқасының төрағасы Ескендір Елеусізов, өлкетанушы Жақсыбай Самрат та муралдың келбетіне ризашылықтарын білдірді. Сонымен бірге осы керамикадан QR-кодтар арқылы Абайдың шығармаларын оқуға болады. Муралдың осындай ерекшеліктерін білген тұрғындар оны қызыға тамашалауда.

Айта кететін жайт, қала әкімі Болат Жұмабеков қызмет істеген жерлерінің бәрінде осындай тамаша істер қалдырып келеді. Бұған дейін ол Ғ.

Мүсірепов ауданының әкімі болғанда Мағжан Жұмабаевқа тамаша ескерткіш орнатқан еді. «Артыңда мал қалмасын, тал қалсын» дегенді ол жүрегіне бек тұтқан сияқты.

ҚЫЗЫЛЖАР