Табиғат қорғаумен айналысатын полиция басқармасының мәліметіне сенсек, соңғы 9 айдың ішінде облыс аумағында 498 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Оның 197-сі аңшылық, 301-і балық аулау ережелерін бұзған. Табиғат байлығына заңсыз қол сұққан сұғанақтарға жалпы мөлшері 5 млн теңгенің үстінде әкімшілік айыппұл салынып, бүгінге дейін оның 4 млн теңгесі өндіріліп алынған.
Мұның сыртында, табиғат сақшылары заңсыз аңға шығу, сирек кездесетін жабайы жануарларды ату, жасыл ағаштарды кесу сияқты экологиялық қылмыстарға қатысты жалпы саны 31 қылмыстық іс қозғап отыр. Полицейлердің айтуынша, қазір екі қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары аяқталып, іс сотқа жіберілген.
– «Браконьер» шарасының мақсаты – табиғатты қорғауды күшейту және экологиялық қылмыстарға тосқауыл қою. Мәселен, 5 қыркүйектен аңға шығу маусымы басталғалы, табиғат қорғау жөніндегі заң талаптарын бұзған 78 адамның үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, 800 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің «Заңсыз аңшылық» бабы бойынша 4 қылмыстық іс қозғалып, тергеу шаралары жүріп жатыр. Қазіргі таңда аймақта табиғатты қорғау заңнамасын сақтау мәселесіне қатысты бақылау күшейтілді, – деді облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғат қорғау полициясы бөлімінің аға инспекторы Ғазіретәлі Әлімғазин. Аймақта жүріп жатқан «Браконьер» жедел алдын алу шарасы қараша айының 11-іне дейін жалғасады.
Қостанай облысы