14 Қараша, 2013

Қытай Си Цзиньпиннің билігін күшейткелі отыр

290 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

15-11-13-si stzinpin-1

Қытай Компартиясы төраға әскерилердің, күш құрылымдарының және сыртқы саясаттың үстінен қадағалауды күшейте түсуі үшін мемлекеттік қауіпсіздік комитетін құруға шешім қабылдағалы отыр. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.

Осы өзгеріс Си Цзиньпинге өзінің алдындағы екі төрағада болмаған артықшылықтарды береді. Былайша айтқанда, Қытай осыдан бастап шын мәнінде ұжымдық басқару қағидатынан бас тартпақшы.

Енді тарихқа біршама шолу жасап өтейік. 1978 жылы билік басына келген Дян Сяопин жұмысты нарықтық қатынастардан бастап, нәтижесінде әскерилердің де, үкіметтің де тарапынан құрмет пен беделге тез қол жеткізді. Ал 1997 жылы Дэн қайтыс болғаннан кейін елді техниканы құрметтейтіндер басқара бастады. Сарапшылар сөзіне қарағанда, әлдеқандай қауіпсіздік органын құру жөніндегі инициативалар негізінен әскерилердің күш салуларымен іске аспай қала берген.

Қазір сол кедергілердің бәрі ығысып қалып, партия ақыры қауіпсіздік комитетін құру жөніндегі шешімге қол жеткізді. Күтіліп отырғандай, ол көп жағдайда АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік кеңесі үлгісіне ұқсас негізде жұмыс істемекші.

Бұл жаңалық жақында өткен Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің пленумынан кейінгі коммюникеде жария болған санаулы нақты шаралардың бірінен саналады. Ал пленум шешімін билік басына келгеніне бір жыл болған Си Цзиньпиннің өзіндік «жобасы» ретінде қарастыруға да болады. Коммюникеде сондай-ақ нарықтың күші экономикада шешуші рөл атқаратыны, бірақ партияның қолы бұрынғысынша күшті күйінде қала беретіні айтылған. Бір жақты түсінуге келмейтін бұл дабыл реформаның алдағы бағыты мәселесінде әлі көп сұрақтың бар екенін аңғартады.

Қазір көптеген сарапшылар Қытайда қауіпсіздік комитетінің құрылуы Си Цзиньпиннің өз билігін шоғырландыра бастағанын жарыққа шығарды деп есептейді. «Ол биліктің барлық тетігін уысында ұстайтынын паш етті», - деп атап өтті Кристофер Джонсон.

Бұл қадам Қытайдың жаңа басшысы имиджімен сәйкес келеді. Билік басына келген алғашқы жылының өзінде ол әскери базаларда бірнеше рет болып, әскерилерге «соғыс жүргізіп, жеңіске жетуге» бұйрық берді. Алдындағы екі басшыға қарағанда, Си өзінің әскерилерге билігін тез қалыптастырып, ондағы жемқорлыққа қарсы науқанды тиімді жүргізе бастады.

Елде ұлттық қауіпсіздік мәселесін жүргізетін органның керек екені барған сайын білініп жатыр. Бейжіңнің көршілері оның Азиядағы аумақтар мен акваториялар төңірегіндегі шиеленіске жауынгерлік тұрғыда қарауынан алаңдап отыр. Ал аналитиктердің ұғымынша, ұлттық қауіпсіздік комитеті Сидің сыртқы және қорғаныс саясатын үйлестіріп отыруына мүмкіндік береді. Тағы бір сарапшылар бұл комитет елдің ішкі қауіпсіздігіне Американың ұлттық қауіпсіздік кеңесіне қарағанда да артығырақ араласатынын айтып отыр.

Бұл жаңалықтардың әлем үшін қандай әсері болмақ? Бәлкім, Қытай енді Құрама Штаттарға мейлінше тегеурінді жауап қайтара алатын шығар. Бұған дейін америкалық шенеуніктер қауіпсіздік мәселесі жөнінде диалог жасамақшы болғанда, Қытай басшылығының консенсусқа бара қоймайтыны, ал қытай әскерилерінің басқа елдердің қарулы күштерімен байланыс орната бермейтіні көп нәрсенің орнынан жылжымай тұрып қалатынан себепкерлік ететінін айтушы еді. Мүмкін жаңа орган осы мәселелер түйінін шешуге көмектесетін де шығар?

Мұрат Айтқожа. 

Соңғы жаңалықтар