Аймақтар • 16 Қазан, 2020

"Тіленшіде" қызу тірлік

327 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры облыстық филиалы ғимаратының алдында адам қарасы көп. Өйткені бұл қор ауылдағы қарапайым шаруалардың кәсібін қолдап, нақты көмек беріп отырған бірегей ұйым.

"Тіленшіде" қызу тірлік

Суретті түсірген Нұрбек ОРАЗАЙ

– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 2017 жылдан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына тікелей қатысуда. Осы бағдарлама аясында ұсынатын 4 несиелік бағытымыз бар. Яғни мал шаруашылығын дамытуға, егін шаруашылығын дамытуға, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға және ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуге несие беріледі. Жалпы «Еңбек» бағдарламасы бойынша несие 6 пайызбен ұсынылады. Ал көпбалалы аналарға, жағдайы төмен отбасыларға 4 пайызбен беріледі, - дейді қордың облыстық филиалы басшысы Ербұлан Түшкенов.

Таратып айтсақ, жоғарыда аталған 4 бағыттың бірі - мал шаруашылығын дамытуға 4 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Зәкірлік кооперациясы аясында 12 миллион теңгеге дейін несие қарастырылған. Бұл қарыздар 6,5 жылға дейін беріледі. Оның ішінде жеңілдетілген кезең қарастырылған. Екінші, егін шаруашылығын дамытуға несие 6 млн теңгеге дейін беріледі. Үшінші, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға несие 6 млн теңгеге дейін, 5 жылға беріледі. Бұл несие ауылдағы ауыл шаруашылығы түрлеріне жатпайтын наубайхана, монша т.б. бизнесті дамытуға арналған.

Несиенің төртінші, ең қомақты бөлігі ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және сақтауға бағытталған кәсіпкерлікті қолдау үшін қарастырылған. Яғни, шаруалар 15 млн теңгеге дейін қаражатты 5 жылға дейін ала алады.

- Ауыл шаруашылық кешендерді дамыту бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында мал шаруашылығын дамытуға 10 жылға 30 млн теңгеге дейін бере аламыз. Бұған ірі қара, жылқы, түйе сатып алуға болады. Бұл несие 16 пайызбен беріледі, бірақ мемлекет ол өсімнің 10 пайызын өз мойнына алады. Кәсіпкерге 6 пайызы ғана қалады. Биыл Батыс Қазақстан облысына агроөнеркәсіпті дамыту бағдарламасы бойынша мал шаруашылығын дамытуға 800 млн теңге қарастырылған. Оның 400 миллионы жылқы шаруашылығын дамытуға, 380 млн теңге – ірі қара алуға, 75 млн теңге – ұсақ мал алуға жұмсалмақ. Дәл қазір өтініш қабылдау жүріп жатыр, - дейді Ербұлан Түшкенов.

Ауылдағы ағайынның несие аларда алдынан шығатын үлкен кедергі – кепілдік қой. Дәл осы тұста бұл несиенің үлкен жеңілдігі бар екен. Мәселен, шаруа асыл тұқымды мал сатып алғысы келсе, жалпы несиенің 25 пайызына ғана кепіл қояды. Қалған 75 пайызы үшін алған малы кепіл болады.

1414

Дәл осы несиенің қайырын көріп, даланы малға толтырып отырған шаруаның бірі – «Тіленші» шаруа қожалығының жееткшісі Ерген Таумышев.

Сырым ауданының Шағырлыой ауылдық округіне қарасты Тіленші қыстағын жайлап отырған Ерген ағаның қожалығында бүгінде 350-ден аса сиыр, 80-нен аса жылқы бар екен. Осы малдың құралуына Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының тікелей көмегі болған.

- Совет өкіметінің соңғы жылдары дәл осы Тіленші қыстағында балам шопан болып, мал бақты. Кейін совхоз тарағанда осы жерді иемденіп қалдық. 2000 жылдардың басында шаруа қожалығын құрдық. Әйткенмен, кәсібіміздің дамуына 2013 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан алған 10 млн теңге несие көп көмектесті. Ол қаржыға 50 бас сиыр алдық. Ауыл шаруашылығына қажетті техникамызды түгендедік. Балалардың татулығының арқасында шаруамыз жүріп тұр. Бұрынғы несиеден толық құтылып, биыл жаңа несие – 30 млн теңге алып отырмыз. Асыл тұқымды 90 бас сиыр сатып алдық. Осылайша тек аналық сиырдың өзі қазір 250-ге жетті. Несиенің 6 пайыз өсімін ғана төлейміз. Екі жыл каникулы тағы бар, - дейді Ерген ақсақал.456

Тіленші шаруа қожалығының тірлігін көзімізбен көріп, шаруаны ұршықтай үйірген ағайынды жігіттердің ісіне риза болдық. Тайланған 2 мың орама шөп қос мая болып жинаулы тұр. Төбесінен су өтпейтін қарағай қора да сайлы. Бұл маңда ашық су, өзен-көл жоқ. Мал суды құдықтан ішеді. Су мотормен тартылады. Малды құдықтан суарудың әбігері болғанымен, пайдасы да аз емес. Шіліңгір шілденің ыстығында құдықтың тастай суық, таза суын ішкен мал ауырмайды, күйлі болады. Расында да Тіленшінің түлігінің түгі жылтырап тұр екен. 

- Ауылымызда электр желісі де, көгілдір отын да жоқ еді. Жақында арнайы трактор алып, осы қыстақтан 2-3 шақырым жерден өтіп жатқан табиғи газ құбырынан желі тартуға кірістік. Газ келсе, балалар от жағып, күл шығару бейнетінен құтылар еді, - дейді Ерген ақсақал.

Бала демекші, Ерген ағаның алты ұлы бар. Орал қаласында әрқайсының үй-жайы, отбасы бар. Мал бағуға Тіленші қыстағына кезекпен келеді. Барлық шаруаны ұйымдасып жасайды екен. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген осы.

456

- Болашақта сауын сиырды көбейтіп, мал өнімдерін өзіміз өндіргіміз келеді. Оған арнайы жабдықтар, сайлы қора-жай керек. Мемлекеттің көмегі арқасында кәсібімізді дамытып, жылдан жылға көтеріліп келе жатырмыз. Адал еңбек арманға жеткізеді ғой, - дейді ұлдарын ұйымдастырып, ұлағатты істің ұйытқысы болып отырған ақсақал.

 

P.S. Биыл Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының өңірдегі филиалы жергілікті кәсіпкерлерге жалпы сомасы 2 миллиард 51 миллион теңге болатын 524 несие берген. Соның ішінде 469 несие «Еңбек» бағдарламасына тиесілі. Нәтижесінде 627 адам жұмыспен қамтылған. «Несие беру жұмыстары әлі де жалғасуда» дейді филиал директоры Ербұлан Түшкенов.

 

Батыс Қазақстан