Аймақтар • 16 Қазан, 2020

Теректілік кәсіпкер күрделі техниканы жөндейді

300 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алып, кәсіп бастағандар көбейіп келеді. Солардың бірі – Мұрат Баймұхамбетов.

Теректілік кәсіпкер күрделі техниканы жөндейді

Суретті түсірген Нұрбек ОРАЗАЙ

Теректі ауданының Подстепное ауылында орналасқан «Diesel Energy KZ» жеке кәсіпкерлігін осы өңірдегі шаруа кәсіпкерлер жақсы біледі. Тіпті көлігі дизель отынымен жүретін еңгезердей «джип» иелері де Мұраттың алдына мұқтаж болып келеді. Өйткені Мұрат Баймұхамбетов екінің бірінің қолынан келе бермейтін сирек кәсіптің иесі. «Diesel Energy KZ» мекемесінің ұядай шағын шеберханасында дизель отынымен жүретін техникалардың электронды форсункалары жөнделеді.

- Форсунка – дизелдік моторлардың ең негізгі құрамының бірі. Форсункасы дұрыс жасамаса, көлік оңбайды. Мұны дизель инжекторы деуге болады. Осы форсункаға осы жерде бастан-аяқ күрделі жөндеу жасаймыз: қақпақтарын ауыстырамыз, бүріккішін алмастырамыз. Міне, дәл қазір «МАЗ» жүк көлігінің форсункасын жасап жатырмын. Стенд-аппаратқа салып, ақауын анықтадым, енді қосалқы бөлшегін ауыстыруым керек. Бұл «МАЗ» көлігі «Еуро-4» стандартына сәйкес келеді. Жалпы біз қазір экологиялық таза Еуро-5, Еуро-6 стандарттарына сәйкес көліктерді де қарап, жөндей аламыз, - дейді бізге Мұрат тәптіштеп түсіндіріп.

Теректі ауданы – Батыс Қазақстан облысында өндірісі дамыған, егін шаруашылығына қолайлы өңірге жатады. Сондықтан мұнда күрделі ауыл шаруашылық техникалары да көп. Шебер жігіттің айтуынша, жаз бойы тапсырыстың көптігінен сіңбіруге мұршасы болмаған. «Күніне 2 топтама форсунка жөндеп жүрдім. Бір топтамада 6-8 форсунка болады. Бұл аз жұмыс емес. Бір өзім үлгермейтін болған соң жаныма көмекші-шәкірт алдым» дейді Мұрат. 

Мұраттың шаруасы осыдан бір жыл бұрын Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 6 млн теңге несие алып, электронды форсунканың ақауын тексеретін заманауи қондырғы сатып алғалы ерекше алға басқан.

- Бұрын бұл аппарат болмаған кезде қиын еді. Бұл болмаса, жұмысыңның сапасын тексеріп, кепілдік бере алмайсың. Ол аппаратты өзім сатып алуға жағдай жоқ. Сөйтіп жүргенде Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры туралы, «Кәсіпкер» бағдарламасы туралы естідім. Бұл несиенің шарттары бізге өте қолайлы екен: өсімі төмен, небәрі 6 пайыз, бір жылдай каникулы бар. Мұның бәрі қарапайым кәсіпкерлердің аяғын нық басып, кәсібін жолға қоюына мүмкіндік береді, - дейді Мұрат.

Бүгінде Орал қаласында дәл осындай үш-ақ аппарат бар. Олар бір-бірімен хабарласып, ақылдасып отырады екен. Бәселеспіз деп бәстесу жоқ. Өйткені клиент көп, жұмыс бастан асады.

- Болашақта өндірісімді кеңейткім келеді. Өйткені менің қызметіме сұраныс бар. Әсіресе ауылдарда көне техника өте көп. Олардың қарапайым сорғысы мен форсункаларын да жөндеуге кірісуді ойлап жүрмін, - дейді шебер жігіт.

Мұраттың мұнтаздай шеберханасын, тиянақты жұмысын көріп, ол мақсатына да жететініне шүбә келтірмедік. Өйткені мемлекет тарапынан кәсіп бастаймын, іс жасаймын деген адамға нақты көмек, қаржылай қолдау бар.

 

Батыс Қазақстан