Ақтабан шұбырындының үшінші жылында, 1726 жылғы көктемде Ордабасыда Бірлік басқосуы болды. Бәтуалы басалқа жасалды. Азаттық жолындағы алаш рухты аттаныс басталды. Ордабасы биігіндегі сол оқиға болмағанда, қайран қазақтың тоз-тозы шығып кете барар ма еді, қайтер еді... Келесі, 2011 жылы Ордабасыдағы Бірлік басқосуына 285 жыл толады. Келесі, 2011 жылы Қазақ елі тәуелсіздігінің жиырма жылдығы тойланады. Мұндай үйлесімнің өзі де тегіннен-тегін емес-ау.
Ордабасы – алаш үшін, қазақ үшін “бұлт болған айды ашқан, мұнар болған күнді ашқан” (Қазтуған) киелі төр.
“Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі”. Бұл – тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың анықтамасы.
“Ордабасы – қазақ рухының қағбасы”. Мұны мәністеген – халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы.
Ордабасы тоталитарлық заман тітіреткен жылдарда мәңгүрттіктің құрбаны бола жаздады. “Ордабасы” деген сөздің өзін жазуға оншалықты рұқсат етілмейтін. СССР-ыңыз үшін стратегиялық маңызы аса күшті қиыршық тас зауыты осында салынды. Ордабасының тас қиыршығы Ресейдің орталық бөлігіндегі темір жолдың табанына төсеу үшін таптырмас дүние екен. Алпысыншы жылдардың басынан сексенінші жылдардың ортасына дейін қиыршық тас зауыты Ордабасы биігін жан-жақтан кеулеп, үштен бірін кеміріп жеп тынған еді.
Сексенінші жылдардың ортасынан бастап қарымды қаламгерлер Ордабасыны қорғауға жаппай жұмылды. Аянбай айта білді. Жеріне жеткізе жазып, көзге шұқығандай көрсете білді. Олай етпеске болмайтын еді.
Тәуелсіздікке қол жетті. Сонда-дағы Ордабасыңыз омсырайып, Тутөбеңіз томсырайып қала берді. Ойран-асырлық пен асыр-тасырлық екпінін бірден баса алмайды екен ғой. Ақырында, тек тоқсан үшінші жылы ғана, “ең соңғы состав Еділден ары асқанда ғана” үңірейген карьер үнсіз қалған. Себебі сол, Елбасымыздың өз ұсынысымен, өз бастамасымен Төле биді, Қазыбек биді, Әйтеке биді еске алу күндерін өткізу белгіленген болатын.
Осылайша, Ордабасыға оралғанбыз. Сол жылы Бөген ауданына Ордабасы атауы берілген. Сол жылы, 1993 жылғы 28-29 мамырда қасиетті Ордабасы биігінде тәуелсіздіктің ұлы тойы өткен. Сол ұлы жиынға жүз елу мың адам жиналған. Тұңғыш Президентіміз сәскенің сәулелі шуағына оранып, Бірлік биігіне беттеп бара жатқан сәтте жұртшылықтың жанарына жас үйіріліп: “Тәубе-тәубе! Тәуелсіздікке тәубе!” дескен. Сәлден соң Елбасы Тутөбеде Тәуелсіздіктің туын желбіреткен.
“Береке басы – бірлік” атты баяндамасын жасаған.
Тутөбе биігінен “Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорығын құру туралы” Жарлық оқылған.
1997 жылы Ордабасы жотасының тепсеңдеу тұсына биіктігі отыз метрге жуық зәулім монумент орнатылған. Онда ұлы бірліктің мұраттары, ұлы хандарымыз бен билеріміздің, ұлтымыздың арман-аңсарлары бейнеленген. Ескерткіштің ашылу салтанатына Елбасымыздың өзі қатысып, сөз сөйлеген. 1998 жылғы күзде Президентіміз Ордабасыға және оралған.
Өкінішке қарай, бірте-бірте Ордабасыңыз бұлыңғырлау тарта бастады. Белгілі ғой, бірталай бағалы бастамалар мен бағдарлардың осылайша бұлдырланыңқырап, былайырақ қалып қоятыны жасырын емес. Мемлекет басшысы қай жағына жетеді? Елбасымыз: “Бұ қазақ бөлініп те көрген, бірігіп те көрген. Бөлінгені – Ақтабан, біріккені – Ордабасы”, – демеп пе еді? Ордабасыға оралып отыру, Ордабасыны ойланып жүру, Ордабасымен тыныстау, Ордабасы тауын сақтау, көркейтіп-көріктендіру перзенттік парызымыз емес пе?
Бұлыңғырлау тартып, бұлдырлана бастады деп бекерге айтып отырған жоқпыз. Шүкіршілік, Ұлысымыз Ордабасы мұраттарына адал, бірлік рухына берік. Бірақ, баяғы, 1993 жылғы мамыражай мамырда теңдесі жоқ текті жиын өткен биіктің бүгінгі күйі қандай? Неге озыңқы емес, тозыңқы тартып барады? Республикалық тиісті орындарыңыз бар, облысыңыз бен қала, аудандарыңыз бар, ұлттық тарихи-мәдени қорық аталатын мекемеңіз бар, неліктен тиіп-қашты тірлікпен ғана шектеліп қалдық? Неге тараңдық танытып, сараңдық көрсетіп келеміз? Неге жер-жерде таласа-тармаса орнатып тастаған рулық “рухани орталықтарға”, зәулім-зәулім тайпалық тұғырларға жиі-жиі жиналамыз-дағы, Ұлысымыздың, ұлтымыздың ұлы ұстыны – Ордабасыны ұмыт қалдыра береміз?
Президентіміз үшінші мәрте келген 1998 жылғы күзден кейін республикалық, облыстық деңгейдегі үлкен басшылар ат ізін салмайтынға айналды. Облыстық, тіпті Шымкент қалалық және аудандық іс-шаралар Ордабасыда өтпеуге кеткелі қашан. Мәселен, 2001 жылы Ордабасыдағы Бірлік басқосуы атанған ұлы жиынға 275 жыл, Тәуелсіздігімізге 10 жыл толғанда ше? Облыс орталығындағы Әл-Фараби алаңына ондаған автобус әкелінді. Ардагерлер, зиялы қауым, студенттер, мектеп оқушылары, өзге де жұртшылық өкілдері Ордабасыға жол тарттық. Кенет: “Облыс әкімі де, орынбасарлары да келмейтін бопты”. Десті. Жұрт аңтарылып қалды. Сол сәтте аудан әкімі де: “Шымкентке шақырып жатыр” деп, Ордабасы биігінен төмен қарай домалаңдай жүгірді. Сөйтсек, күтпеген жерден Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі кеп қапты!..
Ордабасыдағы арнайы жиынымыз жаман өткен жоқ сонда. Алайда, қанша дегенмен, әкімқараларсыз шараны бейшара көретін психология қалыптасып кеткенін және жасыра алмайсыз.
2004 жылы Ордабасы биігінің төменгі тепсеңіне қарағаш көшеттерін отырғызу акциясы ұйымдастырылған. Бірақ бәрі дерлік қурап кетті. Шіліңгір шілдеге шыдамады.
Биылғы сәуір айының басында облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен “Жасыл желек” акциясы өтті. Шымкент шаһарының студенттері, Ордабасы ауданының оқушылары. Алты жүздей жас жайраңдап-ақ жұмыс істеп жүр. Ән шырқап жүр. Ордабасының мән-мәнісін ағайлары мен апайлары айтып та жүр. Алайда, айналайындардың қуанып-ақ қадаған қарағаштары қайтадан қурап қалуы бек бәлкім. “Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорығының” жиырма бес адамы бар. Солардың не тындыратыны да онша айқын емес. Осы Ордабасыда өсетін бұта ма, басқа ағаш түрлері ме, соларды осы уақытқа дейін зерттеп, зерделеп, анықтап алуға болатын еді ғой. Мамандарды, ғалымдарды жұмылдырып дегендей. Жоқ, ондай-ондай оңды істер ойластырылмаған. Айналып келіп қарағашқа жармасады. Оның өзі жапырақ шығарып үлгергенде отырғызылады. Оңтүстік көктемі ортасынан ауғанда.
Міне, біз тоқсан үшінші жылдың мамырында ұлы жиын өткен биікті барламаққа шықтық. Көңіл шіркін көтерілмектің орнына құлазып сала берді. Жаңа ғана жаймашуақтанып тұрған күн табан астында түнеріп, өкпек жел екілене соқты-ай келіп... “Не тындырып жүрсіңдер, неменеге келдіңдер?” дейтіндей. Осыдан он жеті жыл бұрын, Ордабасы биігіне, әсіресе, кезінде жүз елу мың адам тебірене көз тіккен Тутөбеге темір көлік шықпасын, келушілер тек қана жаяу көтерілсін деген бәтуа жасалған еді. Сол басалқалы бәтуа бұзылыпты. Мәшинелердің айқұш-ұйқыш іздерін, жасыл көк жабар беткейлердің жараларын көріп, жаныңыз ауырады. Жара-жаралар мен жыра-жыралар бітелудің орнына беткейлердің бәрі тарғақ тартып, тарғылдана түсіпті. Баяғы қиыршық тас зауытының залымдары тура Тутөбенің түбінде де соңғы жарылысын жасап, зардамдап кетіп еді. Қорық қызметкерлері ең болмаса сол жарылыс жарасының орнын да әлі күнге дейін бітемепті. Емдемепті.
Мыңдаған адам өнер құдіретін тамашалаған үлкен сахнаның орны да одағайланып, оғаштанып, сояу-сояу темірлері сорайып көрінеді. Оны айтасыз, қорық қызметкерлері ешкіммен ақылдаспай-кеңеспей, Тәуелсіздік зәулімінен Тутөбеге дейінгі жолдың қос қапталына сұрықсыз, ойқы-шойқы тастарды орынды-орынсыз орнатып тастапты. “Бұл немене?” дедік. Қорық директоры: “Ескерткіш тас белгілер ретінде қойып жатырмыз. Рулардың таңбаларын, тағы басқа да таңбаларды салғызамыз”, деп жауап берді. Сонау тоқсаныншы жылыңыздың көктемінде “Ордабасыға оралу” атты қымызмұрындық мерекесін өткізген белгілі ақын Нармахан Бегалыұлы жылап жібере жаздады. “Мына масқараны тоқтатып, тастарды тезірек алдырып тастау керек”, деді ол. Өзгелердің де: “Шырақтар-ау, мұндай мәселені ойласып барып істеген жөн емес пе?” десіп, шыр-пыры шықты.
Міне, Ордабасыда осындай-осындай жағдайлар боп жатыпты. Оғаштықтар орын алып жатыпты. Ордабасыңыз ойсоқты адамдай омсырая томсыраяды.
Не істемек керек?
Біздің ойымызша, ұлттық тарихи-мәдени қорықтың жиырма бес адамы Ордабасы биігіне, әсіресе, Тутөбеге темір көліктердің шығуына тыйым салып, көздің қарашығындай сақтауға міндетті. Рулардың таңбаларын салудың түкке де қажеті жоқ. Онсыз да көп жерлерді, тіпті бейіттерге дейін сондай таңбалар басып барады. Рулық, жүздік санаға емес, ұлттық сана сапасына ұмтылайық та. Нармахан ақын айтқандай, Ордабасы биігінің көркін кетіріп, көзге шыққан сүйелдей сүйкімсіз көрініп тұрған, бертінде әкелінген тастарды түгел әкету керек. Жараланған, тарғақ тартқан тұстарды қалпына келтірумен айналысқан абзал. Көп кешіктірмей, білгір ғалымдарды, білімпаз тарихшы, археолог, сәулетші, қабырғалы қаламгерлерді, тағы басқа да майталман мамандарды қатыстыра отырып, жан-жақты ақылдасып, Ордабасы биігін безендірмектің, көріктендіріп, көркейтпектің бас жоспарын жасамаққа әрекеттенбей болмас. Ал әзірше жүдә шыли қолдан ештеңе келмейді, қамқорлық пен қаржы-қаражатқа ешқандай шама-шарқымыз жоқ десек, ең құрығанда, артық қылам деп тыртық қыла берудің қылмыспен барабар екенін түсінейік. Түйсінуге тырысайық. Ойқы-шойқыны, ойқанақ-шұқанақтарды көбейте бермей, тәбәрік тауымыздың табиғи қалпын қастерлей қорғайық. Сақтайық. Бұл – бір. Екіншіден, көп болмаса-дағы, жыл сайын бір-екі мәрте республикалық немесе облыстық, ең болмағанда, қалалық, ауданаралық іс-шаралар өткізіліп тұрмағы ләзім. “Ордабасыға оралу”, “Ордабасы көктемі”, “Біз жастарға сенеміз”, “Ордабасы – ел жүрегі”, “Ордабасы – қазақ рухының Қағбасы” дегендейін. Шымкент шаһары мен Ордабасы тауының арасы таяқ тастамдай ғана дерлік қой. Қазақ рухының Қағбасын қалаңыз қамқорлыққа алса, құба-құп емес пе?
Келесі, 2011 жылы қазақ ұлтының, қазақ елінің, қазақ жерінің тағдыры шешілген Ордабасыдағы Бірлік басқосуына 285 жыл толады. Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы тойланады. Ордабасыны ойланайықшы.
Мархабат БАЙҒҰТ.