Хоккей • 19 Қазан, 2020

«Ақ Барстан» айласын асырды

130 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын елорданың «Барысы» Ресейдің Қазан қаласына сапар шегіп, тартысты өткен ойында жеңіске жетті.

«Ақ Барстан» айласын асырды

«Барыстың» қатысуымен өткен кейінгі бес ойында командалар кемінде 5 шайба соғатынына үйреніп қалған жанкүйерлер бұл жолы тек бір ғана голдың куәсі болды. Осылайша елорда клубының бес ойынға жалғасқан 3:2 (әр матч осы есеппен аяқталып отырды) нәтижесіне нүкте қойылып, ерекше статистиканың мұрты бұзылды. «Ақ Барс» пен «Барыс» арасындағы кездесу ә дегеннен-ақ тартысты басталды. Өйткені екі командаға да жеңіс ауадай қажет еді. Әсіресе турнир кестесінде төменгі орындарда жүрген қазақстандық команда үшін сырт алаңдағы жеңіс аса маңызды болатын.

Үш кезең бойы бір-бірін ала алмаған командалар қосымша уақытқа жүгінді. Бұған дейінгі екі ойында да қарсыластарынан овертаймда басым түскен «Барыс» бұл жолы да жүрісінен жаңылған жоқ. Овертаймның бірінші минуты түгесіліп жатқанда команда капитаны Даррен Диц қарсыластың екі ойыншысынан сытылып өтіп, ашық тұрған әріптесі Роман Старченоға тамаша пас шы­ғарып берді. Өз кезегінде Роман қақпаны дәл көздеп, командасына маңызды жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп – 1:0.