Өңірлік жедел штаб жиынында карантиндік шараларды күшейту туралы бірқатар шешім қабылданды. Сонымен сейсенбіден бастап қоғамдық тамақтану нысандарына сағат 23:00-ге дейін ғана жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Асханалар мен кафе, мейрамханаларда бірге тамақтанушылардың саны 30-дан аспауы тиіс. Сондай-ақ ашық аттракциондардың жұмысы уақытша тоқтатыла тұрады. Бұл шектеу түрлері күнделікті талап етілетін болады.
Жедел штаб шешімімен демалыс күндеріне де шектеу күшейтілді. Сенбі-жексенбі күндері:
- облыс аумағында қоғамдық көлік қозғалысына тыйым салынды;
- ауданы 2000 шаршы метрден асатын сауда нысандарының, азық-түлік супермаркеттері мен сауда-ойын-сауық орталықтарының жұмысы тоқтатылады, бірақ аталған нысандардағы дәріханалар жабылмайды.
- азық-түліктік емес және жабық азық-түлік базарларының жұмысы тоқтатылады;
- азық-түлікке жатпайтын тауарлар сататын нысандардың жұмыс режімі сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін шектеледі;
- фитнес-орталықтар мен спорттық-сауықтыру орталықтарының жұмысы тоқтайды;
- қоғамдық моншалар мен сауналар жұмыс істемейді.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда Қостанай облысындағы эпидемиялық жағдай тұрақты. Індет басталғалы аймақта COVID-19 жұқтырған 3 538 науқастың 3 198-ы, яғни 90,4%-ы емделіп шыққан.
Қостанай облысы