Бұл медиа-форумды Қазақстан халқы Ассамблеясы, Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым, Сыртқы істер министрліктері бірігіп ұйымдастырып отыр. Оған мемлекеттік органдардың ресми адамдары, этномәдени, БАҚ және коммуникация саласындағы белгілі халықаралық сарапшылар, Парламент депутаттары, елшіліктер мен дипломатиялық миссиялардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, отандық және шетелдік БАҚ журналистері қатысуда. Сондай-ақ форумға еліміздің барлық түкпірінен ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер, ҮЕҰ, ғылым-білім және шығармашылық қауымдар өкілдері келіп отыр.
Медиа-форумның ең алғашқы шарасы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында өтті. Онда ұйымдастырушылар мен қонақтардың БАҚ өкілдерімен кездесуі болды. Шараны ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко ашып, жүргізіп отырды. Спикерлер қатарында АҚШ-тың Огайо штаты университетінің магистрі, Солтүстік Каролина университетінің философия докторы, Назарбаев Университетінің доценті Хэл Фостер, М.В.Ломоносов атындағы ММУ журналистика факультеті деканының орынбасары Петр Шульцман, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Ғаділбек Шалахметов, ҚХА Хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанаи және басқалар болды.
Өзінің кіріспе сөзінде Л.Прокопенко шараны ұйымдастыруға қолұшын берген әріптестеріне ризашылығын айтты. Соның ішінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ге де алғысын білдірді. Одан әрі медиа-форумның ұйымдастырылу себебіне тоқталып, бұл шараның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 20 сәуірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған жаңа тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігі туралы берген тапсырмасынан бастау алатынын айтты. Бұл Қазақстан халқының этносаралық төзімділігі мен қоғамдық келісімін одан әрі тереңдетуді көздеген ең басты стратегиялық бағдарламалық құжат болады. Ол 2020 жылға дейінгі аралықтағы еліміздің этносаралық және конфессияаралық келісім саясатының негізгі бағыттарын белгілейді. Елбасы Н.Назарбаев ҚХА-ның 20 сессиясында Ассамблеяны барлық 17 миллиондық қазақстандықтардың ұйымы екендігін айтып, оның жалпыотандық сипатын айқындап берді. ХХІ ғасырда ҚХА Қазақстандағы қоғамдық келісім мен Ұлттық бірліктің құралы атанатын жалпыазаматтық, жалпыұлттық, жалпыхалықтық саяси институт болады, деген еді Президент. Елбасының осы идеяларының мазмұнын ашу үшін және осы жолдағы БАҚ-тың миссиясын айқындау үшін біз осы медиа-форумды ұйымдастырып отырмыз, деді модератор.
Одан әрі қазақстандықтардың медиа-форум өткізуде үлкен тәжірибе жинақтағанын атап өтті. Біз солардың тәжірибелерін пайдалана отырып, Ассамблеяның тәуелсіздік жылдарында жасаған іс-әрекеттерін халыққа ашып көрсетуді мақсат еттік, деді ол. Келесі кезекте жүргізуші біздің елімізде таза этножурналистика саласында жұмыс істеп жүрген қаламгерлердің мол екендігін атап өтті. Олар еліміздегі 15 тілде шығатын 37 этностық БАҚ-тарда еңбек етеді. Отанымыздағы Ұлттық бірлікті нығайтуға да журналистердің үлкен армиясы үлес қосып жүр. Бүгінгі күні әлемдегі мәдениеттер, өркениеттер, діндер қақтығысы деген өзекті тақырыптарды меңгеріп, оларды халықаралық бейбітшілікті сақтау тұрғысында сараптап, халыққа түсіндіруде өзінің мол білігі мен білімін аямай жұмсап жүрген мамандар мен сарапшылар арамызда отыр. Осылай деген Л.Прокопенко кезекті спикерлерге берді.
Алғашқы болып сөзді Хэл Фостер алды. Ол Қазақстандағы этносаралық төзімділік пен конфессияаралық келісімнің әлемнің көптеген елдеріне үлгі болатынын атап өтті. Соның ішінде бұл мәселелерге америкалық мамандар да көңіл аударып, соңғы жылдары өздерінің зерттеу нысандарына айналдырып отыр. Бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылатын бұл проблемаларды зерттеудің маңызы зор, дей келіп, америкалық маман ендігі сөзін панельдік пікірталастарда сұрақ-жауап түрінде жалғастыруға құлықты екенін айтты.
Одан кейін сөз М.Ломоносов атындағы ММУ-дің оқытушысы П.Шульцманға берілді. Мен Астанаға жиі келетіндіктен, өзімді қонақ емес, үй иесі секілді сезініп отырмын, деп бастады ол өзінің сөзін. Әрине, Кеңес Одағының тарап кеткеніне көп жылдар өтсе де, біздің елдеріміздің журналистері үшін посткеңестік кеңістік біртекті ақпараттық арал болып қала беретін шығар. Мен осы форумға келген адамдардың бәрінде этносаралық төзімділікке деген оң көзқарас қалыптасатынына сенімдімін. Әрине, бұл істе Ассамблеяның жасап жатқан істері ұлан-ғайыр екенін сезіп отырмын. Бұл істердің, әсіресе, жастар арасына тарағаны жөн болар еді, деді мәскеулік мейман.
Сөз кезегі өзіне тигенде Ғ.Шалахметов бүгінгі шараның аса маңызды екенін атап өтті. Егер ХХ ғасырда біз атом бомбасы мен ядролық қуаттан қорыққан болсақ, ХХІ ғасырдағы адамзат үшін қорқыныш тудырып отырған мәселе – этносаралық және конфессияаралық төзімсіздік, көзқарастардағы қайшылықтар. Біздің жаңа ғасырымызды осы проблемалар жаруы мүмкін. Мен осыны 20 жыл бұрын түсініп, ядролық қарудан алғашқы болып бас тартып, Қазақстан халқы Ассамблеясы атты жобаны іске қосқан Президентіміздің ісін қазақстандықтар мақтан тұтуы керек шығар деп ойлаймын. Енді сол жобаның арқасында біз этносаралық және конфессияаралық қатынастардың ұңғыл-шұңғылын түгел ашып, оның қайнауы жеткен проблемаларын шешуге мүмкіндік алдық. Ал кейбір аймақтар, соның ішінде Еуропа елдері, Ресей әлі күнге бұл проблемаларды жаба тоқып, оның ашылуынан айналып қашып отыр. Сондықтан да, ол бізді де алаңдатуда. Менің ойымша, алдымыздағы екі күнде осы проблемалар ашық талқыланар деген үміттемін, деді Ғ.Шалахметов.
* * *
Одан әрі жиналған қонақтар Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ этностық және діни төзімділік жөніндегі ЮНЕСКО және Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедраларын аралап көрді. Осыдан кейін халықаралық сарапшылардың бұқаралық дәрістері мен шеберлік сыныптарын өткізу басталды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының халықаралық медиа-форумы аясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті аудиториясында белгілі ғалым, дипломат, ЕҰУ ЮНЕСКО кафедрасының профессоры Әділ Ахметов студенттер мен өзге де жиылған жұртшылыққа «Батыс БАҚ-тарындағы діни толеранттылықты насихаттау мәселелері» тақырыбында бұқаралық дәрісін оқыды. Ол өз сабағында еліміздегі этностық топтардың ауызбіршілікте ғұмыр кешіп жатқандығын айта келе, республикамыздың абыройы жоғары тұрғандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, лектор бүгінде көп елдерде этностар арасына іріткіні қарумен емес, алауыздық арқылы салып елді бүлдіруге ниеттенетіндер бар екенін де жоққа шығармады. Кейбір «сәуегейлердің» жаңсақ теория айтып қойып, соған қатысты бір шетін нәрсе бой көрсете қалса, міне, айттым ғой, осылай болды деп шыға келетіндері бар. Бұл – дұрыс емес. Біздің еліміз ауызбіршілікті сүйетін ел, деп бір тоқтады ол.
Осыдан кейін ұстаз болашақ журналистерге: «Емшінің жақсысы – ауруға ауру қоспау» дегендей, ақпаратты дәл, шынайы жеткізу журналистің басты мақсаты болуы керек. Журналист шындықты темірқазық етіп ұстауы қажет. Сонда ғана оның абыройы арта береді», деген кеңесін айтты.
Көп оқу мен көп ізденудің жас буын журналистер мен студенттер үшін берер пайдасы молынан екені белгілі. Бұл тұрғыда да профессор өз ойын іркіп қалмады. Біздің құндылықтарымыз тереңде. Абайды терең оқуымыз керек. Қазақтың әрбір мақалында бір заң жатыр. Мақал-мәтелдерді бойына сіңірген ұрпақ жаман жолға түспейді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні деп айтылатын мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді зердеге түйіп үйренгеннен кім-кімнің де ұтары көп, деді ол.
Профессор Ә.Ахметовтің дәрісін үлкен ықыласпен тыңдаған жұртшылық келесі кезекте медиа-форумның арнайы қонағы, Солтүстік Каролина университеті (АҚШ) журналистика және бұқаралық коммуникация саласындағы философия докторы, Назарбаев Университетінің доценті Хэл Фостердің дәрісіне ден қойды. Доктор өз сабағына этика мен гуманизмді өзек етіп алыпты. Адамдардың бір-біріне деген құрметтері қашанда алғашқы орында тұруы керек дегенді алға тартты ол. Нәсілшілдікке байланысты кемсітушіліктерде журналистердің өте абай болуы қажеттігін айтқан ғалым, ізгілікті қалыптастырғанда ғана барлық жақсылықтардың болатындығына сенетінін білдірді. Біреудің ар-намысына тию ұлтаралық араздықты тудырып жіберуі мүмкін екендігін де жасырмады. Нәсілшілдікке орай тарихтан аздап шолу жасай келіп, бұл мәселенің қоғамда өте нәзік екендігін тілге тиек етті.
Салада көптеген шәкірттер тәрбиелеген Х.Фостер өзінің білім іздеген жастар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасындағы баларға қолынан келгенінше көмегін аямайтындығын жеткізді. Мұның дәлелі ретінде ол Алматыда ата-анасыз қалған қос қыз – Ақнұр мен Айнұрға әкелік қамқорлық жасап, олардың жоғары оқу орнындағы оқу ақысын төлеп мүмкіндігінше қолұшын бергенін де студенттерге айта отырды. Менің бүгінде балаларым үлкен азамат. Осыдан кейін аталған қыздарды мен өз қыздарым деп есептеймін. Өз балаларымнан бір мысқал да кем көрмеймін. Үмітімді ақтап, олар қазір өз елдерінде білім алып, жақсы азаматшалар болып өсіп келеді. Мен бұған өте қатты қуанамын, деді ол. Ұстаздың ойы білім аламын деген жасқа қашанда қолдау білдірілуі керек дегенге сайды. Қос лектордың сабағы студенттердің тақырыпқа қатысты өз ойлары мен пікірлерін ортаға салған сұрақ-жауапқа ұласты.
Елорданың төріндегі аталған білім ордасындағы бұл жүздесудің, әсіресе, студенттерге бергені мол екенін дәріс соңында филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы үлкен ықыласпен айта келіп, білім іздеген жасқа форум аясындағы өткізілген шара алдағы уақытта да өз жалғасын таба берсе деген ниетін жеткізді.
Бұқаралық ақпарат құралдары және бұқаралық коммуникация саласындағы халықаралық сарапшылар ретінде медиа-форум қонақтары дәрістер мен шеберлік-сыныптарын өткізді. Сондай бір шеберлік сабағын «Телеграф» газеті мен «Бизнес-КЛАСС» журналының журналисі (Латвия, Рига қаласы) Владимир Решетов жүргізіп отырды. Журналистің бұқаралық дәрісі «Латвиядағы Рига геттосы мен Холокост мұражайы: тағзым мен толеранттылық» деп аталды. Қазақстанда 7 жыл тұрған оның қазақ тіліне деген ықыласы ерекше, алайда, өзге елге кетуге мәжбүр болғандықтан, бұл тілді меңгере алмағанына өкініш те білдіре кетті. Өзінің айтуынша, ол отбасымен 1982 жылы Латвияға көшіп барып, сонда тұрақтап қалған. Еврей әйелінің отбасы соғыс жылдары осында тұрыпты, алайда, фашист басқыншылары келе жатыр деген соң, эвакуацияланған көрінеді. 400 жыл бойы немістермен қоян-қолтық бірге тұрып келген әрі олардың өркениетті халық екеніне иланып қалған көптеген еврейлер Латвияда қалып қойған. Солардың барлығы дерлік қаза тауыпты. Неміс басқыншылары иелік еткен жерлердің барлығында еврей халқын қырғынға ұшырату үшін геттолар құрса, солардың бірі Рига геттосы деп аталған. Аталған гетто 1941 жылдың 1 шілдесінде құрылыпты.
Араға үш күн салып жергілікті синагогаға қашқын еврейлерді қамап, тірідей өртегені мәлім. 17 маусым, 1940 жылы Молотов-Риббентроп пактісі бойынша Латвия жеріне кеңестік танктер баса-көктеп кіреді. Сол кезден бастап ұлттық басылымдар жабылып, валютасы кеңестік рубльге көшкен. Шығармашылық зиялы қауым өкілдері тұтқындалып, қоғам кеңестік жүйемен құрыла бастаған. Алайда, неміс басқыншылары келердің алдында мыңдаған адамдар вагондарға тиеліп, онда да ауқатты отбасыларды Сібірге немесе қазақ даласына жер аударған. НКВД қатарында еврейлер аз болмапты, қатыгездік жергілікті халыққа жасалғандықтан, олар мұны еврейлерден көре бастапты. Кеңестік жүйе кеткеннен кейін еврейлерге деген жеккөрушілік күшейіп, оларды жою қолға алынған. Соғысқа дейін Латвияда 90 мың еврей өмір сүрсе, олардың 75 мыңы ажал құшқаны туралы мәлімет бар. Батыс Еуропадан әкелінген еврейлердің барлығы дерлік өлтірілген. Фашистік басқыншылар арнайы кітап шығарып, большевиктік режімнің әрекеттерін әшкерелеген. Сол кітапта еврейлерге деген жеккөрушілік пікір қалыптастыратын материалдар кеңінен беріліпті. Сол да өзіндік себін тигізгені белгілі болып отыр. Міне, осындай шеберлік сыныптарын өткізу сол келеңсіздіктердің себебін түсінуге, оның алда қайталанбауына өзіндік үлесін қосатын болады.
Бұдан кейін Мемлекеттік телевизия мен радио журналисі, жүргізуші (Беларусь Республикасы, Минск қаласы) Виктория Урбанович «Сөз өнері» шеберлік сыныбын өткізді. Ол өз елінде көптеген джаз, классикалық музыка фестивальдері өткізіліп жататынын, ал жақында «Листопад» кинофестивалінің өткенін де тілге тиек ете кетті. Бұл шаралардың барлығы да теле-жаңалықтары мен бағдарламаларында жан-жақты көрсетіліпті. Осы ретте В.Урбанович сұхбатты қалай ұйымдастыруға болатыны жайлы тәжірибелерімен де бөлісе кетті. Оның айтуынша, кез келген кездесуге барғанда, ең алдымен, байқағыштық қасиет қажет екен. Мәселен, сұхбат берушінің сағатына көз салып-ақ оның немен айналысатынын байқауға болады. Әңгімені содан бастап, дамытып алып кетуге де болады, дейді тележүргізуші. Және де сұрақтарды төтесінен қоймай, сөздің ара-арасында ұтымды пайдаланған жөн. Сонда ғана әлгі сұхбат беруші ашыла түседі. Онда да әңгімені сұхбат берушіге жағатын жайттардан бастаған дұрыс. Сұхбат беруші адамның көңіл күйі жоқ болса, онда оның ыңғайында кету қажет немесе ыңғайын табу үшін басқа да амалдарды қарастыруына тура келеді. Әрине, мұның барлығы журналистің шеберлігіне байланысты. Әсіресе, журналист адамның жеке өміріне сұғына бергенді ұнатпайтындығы да белгілі жайт, деді ол. Қойылған сұрақтардың көптігіне орай ол тіпті желілер арқылы соларға жауап беруге дайын екенін білдірді.
* * *
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен, сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Аңсар-2013» әдеби байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
«Байқау Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан қазақ әдебиеті мен қазақстандық әдебиетті, публицистика мен журналистиканы дамыту, сөз өнерін биік өнер ретінде қадірлеп, жастайынан жазумен айналысып жүрген жастарды қолдау үшін ұйымдастырылды. Әр заманда да жастар арқылы өнердің өрісі кеңейіп отырады. Өнерлі жастарға тек қана сәттілік тілейміз», деген Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев марапаттау рәсімін ашып берді. Байқау барысында Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов сахна төрінен жастарға жалынды сөзін арнады. Еліміз дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін ең алдымен, жастар мықты болуы керек. Жастардың шығармашылығы, ойлау қабілеті өсуі керек. Бұл тұрғыда алдыңғы буын ағалар биікке талпынған жас дарындарға қолдау көрсетеді, деді ол.
Байқауға 14 жастан бастап 30 жасқа дейінгі журналистика, поэзия және прозамен айналысатын жастар қатысқан. Қазылар алқасының қарауына барлығы 200-ден аса шығарма ұсынылыпты. Марапаттау рәсімі барысында қазылар алқасына Еуразия ұлттық университетінің ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі, ҚХА жанындағы Журналистер клубының басшысы Ғаділбек Шалахметов төрағалық еткені белгілі болды. Сондай-ақ, қазылар алқасының құрамында Халықаралық достық академиясының ректоры Меруерт Жаппарова, Еуразия университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, махамбеттанушы ғалым, ақын Оңайгүл Тұржан және белгілі тележүргізуші Гүлназ Әлімгерей бар. Жас талаптардың еңбегін іріктеу барысында материалдардың өзектілігі мен қоғамдық маңыздылығы, өзіндік стильмен айқын да мәнерлі жазылуы, дәйектердің шынайылығы, оқиғалардың бірегейлігі, жанрлық белгілеріне сәйкестігі сынды нышандарға баса назар аударылған.
«Аңсар-2013» әдеби байқауында «2013 жылдың ең үздік жас тілшісі», «2013 жылдың ең үздік жас ақыны», «2013 жылдың ең үздік жас қаламгері» аталымдары бойынша жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды. Бұл жерде атап өтер жайт – үздіктердің қатарынан көрінген жастардың барлығы да еліміздің түрлі қалалардағы жоғары оқу ордаларында оқитын студент жастар. Сонымен, тараздық Гүлжайнар Сейітжанова жылдың ең үздік жас қаламгері атанса, жылдың ең үздік жас тілшісі мәртебесі астаналық Назым Кенжебаеваға, ал жылдың ең жас ақыны мәртебесі талдықорғандық Сырым Әбілге бұйырды.
Шығармашылық байқаудың нәтижесі бойынша байқау қатысушыларының еңбектері жинаққа енгізілмек.
Жақсыбай САМРАТ,
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».