Аймақтар • 19 Қазан, 2020

Атырауда құтқарушыларға 8 арнайы көлік берілді

372 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құтқарушылар күніне орай Төтенше жағдайлар департаментінің арнайы техникалары жаңа 8  көлікпен толықты. Төтеншеліктерді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов құттықтап, үздіктерге Алғыс хат табыс етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда құтқарушыларға 8 арнайы көлік берілді

"Құтқарушы – әрдайым жоғары дайындықты, үлкен жауапкершілікті, сондай-ақ кәсіби іскерлік пен қырағылықты талап ететін мамандық. Төтенше жағдайлардың алдын алып,  оқыс оқиғаны ауыздықтауда құтқарушылар лайықты үлесін қосып келеді", деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

"Бейбарыс сұлтан" алаңында Төтенше жағдайлар департаментінің иелігіндегі өрт сөндіру,  авариялық-құтқару техникаларының көрмесі өтіп, гидроцикл, жол талғамайтын "Трэкол", "Холматро" секілді осы заманғы 17 түрлі көлік қойылды. Департамент бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Омар Бержановтың мәліметінше, қазір құрылымда 690 қызметкер, әртүрлі 118 техника бар. Соның ішінде 53 өрт сөндіру, 19 арнайы, 46 қосымша, 20-дан астам жүзу техникасы өрт сөндіру, авариялық-құтқару жұмыстарына жұмылдырылады. Құтқарушыларға "Гром", "Абрек" атты екі иттің де көмегі тиеді. 

Көрмедегі техникаларға қызығушылық танытқан балалар өрт сөндіру машинасының кабинасына, гидроциклге отырып, құтқарушылардың каскасын киді. Жұртшылықтың назарын  "Гром" мен "Абрек" көбірек аударды.