Кәсіпқой бокс • 20 Қазан, 2020

Ломаченко-Лопес: жастың аты жас екен

354 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күллі әлем жұрты тағатсыздана күткен жеңіл салмақтағы украиналық Василий Ломаченко мен америкалық Теофимо Лопес арасындағы абсолютті әлем чемпионы атағы үшін тартысты жекпе-жек өтті. 12 раундқа жоспарланған айқаста 23 жастағы америкалық жас талант Теофимо Лопес төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.

Ломаченко-Лопес: жастың аты жас екен

Жыл жекпе-жегі деп саналған айқаста жанкүйерлер де, бокс мамандары да әу баста өз салмағында WBA Super, WBC Franchise және WBO нұсқалары бо­йынша чемпиондық белбеудің иегері 32 жастағы украиналық боксшының жеңісіне сенімді болды. Тіпті Теофимо Лопестің еншісінде IBF тұжырымының әлем чемпио­ны деген атағы болса да, Ломаченкодан оңбай таяқ жейтінін айтып, сенімді сөй­легендер де жан-жақтан табылып жатты. Оның үстіне әуесқой бокста бір ға­на жекпе-жегінде жеңіліп, қалған бар­лық айқасында қарсыластарын қоғадай жа­пырған Лопеске қарағанда тәжірибелі Ломаченко бұл айқастың сөзсіз фавориті еді. Өз заманында екі дүркін әлем және Олимпия ойындарының жеңімпазы атанған украиналық кәсіпқой бокста да біраз боксшының мысын басып, қарсылас шақ келтірмей жүрген-ді.

Жекпе-жек алдындағы баспасөз мәслихатында журналистердің сұрағына жауап берген украиналық боксшы: «Кездесу барысында шахмат тактикасын қол­данып, айқас барысында жұдырықтасу мәнерімді өзгертіп отырамын», деген болатын. Бірақ барша жанкүйер жекпе-жекте Ломаченконың өнерінен ерекше ештеңе байқай алмады. Алтыншы раундқа дейін тек аяқпен жұмыс істеп, ринг жағалай жүргеннен басқа ештеңе істей алған жоқ. Тіпті бірінші раундта қарсыласына бірде-бір соққы жұмсай алмады.

Ал Лопес қарсыластың кез келген жоспарына қарсы бірнеше тактикасы дайын екенін айтты. «Егер Ломаченко шегініп жүріп ұрыс салатын болса немесе алға қарай ұмтылып, бірінші нөмірмен жұдырықтасса біз оған да дайынбыз», деп жауап берген-ді. Жекпе-жек баста­ла салып тізгінді өз қолына алған Теофимо Лопес раунд сайын қарқынына қарқын қосып отырды. Рас, жекпе-жектің бірінші бөлігінде көп соққы жасағанымен, Ломаченкоға дөп тигені аз болды. Бірақ қарсыласқа қарағанда белсенді іс-қимыл көрсетті. Алтыншы раундтан бастап қана іске кіріскен Ломаченко сериялық соққыларын жұмсай бастады. Алайда Василий рингте кеш оянғанын өзі де сезген шығар. 12 раундта екі боксшы бір-бі­рін айқын жеңе алмаған соң, жеңім­­паз боксшыны анықтау төрешілерге бұйыр­ды. Жекпе-жекке баға берген үш төреші америкалық Теофимо Лопестің жеңісі­не күмән келтірмейтінін мәлімдеп, бірауыз­дан оның жеңіске жеткенін жариялады.

Жекпе-жектен кейін пікір білдірген украиналық боксшы төрешілердің шеші­мімен келіспейтінін жеткізді. «Шынымды айтсам, жекпе-жектің алғашқы алты раунды тең дәрежеде өтті. Иә, бір-екі раундта Лопес басым түскен шығар, бірақ қалған алты раундта мен жеңіске жеттім деп есептеймін. Сондықтан төрешілердің шешімімен келіспеймін. Бірақ төреші менің қолымды көтермеген соң бәрі бекер», дейді ол. Ал жеңіл салмақтағы төрт белбеуді иығына таққан Лопес: «Бүгін мен жеңіске лайық өнер көрсеттім және мен жеңдім», деп қысқа қайырды.

АҚШ-та жұдырықтасып жүрген қазақстандық боксшы Мадияр Әшкеев Лопеске қарағанда Ломаченко жеңіске әбден лайық болды, бірақ бұл жерде саясат пен бизнес өз әсерін тигізбей қоймады деп есептейді.

«Ломаченко алғашқы алты раундта түк істей алмағанымен, жекпе-жектің екінші бөлігінде көп соққы жасап, белсенді болды. Әдетте мұндай тең дәрежеде өткен жекпе-жекте жеңісті чемпиондық раундта (10, 11, 12 раундтар – ред.) басым болған боксшыға беретін. Бірақ бұл жолы олай болмады. Оның екі себебі бар деп есептеймін. Біріншісі – Ломаченко украиналық боксшы болғандықтан, ол АҚШ нарығына аса қызық емес. Оның жекпе-жектерінің трансляция сатылымы да аз болады, бизнесмен де жарнамаға көп ақша төлей қоймайды. Ал АҚШ, Мек­сика, Канада елдерінің боксшысы кез келген жағынан әрқашан АҚШ нарығында сұра­ныс­қа ие. Екіншісі – екі боксшының да про­моутері бір кісі. Яғни, Боб Арум. Талай жылдан бері осы салада жұмыс істеп ке­ле жатқан соң әрі ол осы бизнестің өкілі бол­ғандықтан, қалай ақша табу керек екенін жақсы біледі. Егер Ломаченко абсолютті әлем чемпионы атанып кетсе, ол карьерасын аяқтауы да мүмкін еді. Сондықтан чемпиондық атақты жас әрі болашағынан зор үміт күттіретін Лопеске берді. Енді тараптар реванш өткізеді де, тағы да ақшаның астында қалады», дейді боксшы.

Осылайша 23 жасында жеңіл салмақта әлемнің абсолютті чемпионы атанған Теофимо Лопес мұндай атаққа қол жет­кізген әлемдегі ең жас боксшының бірі атанды.