Станса табиғи желдеткіші бар металл үйшіктен тұрады, оның оттегі сыйымдылығын сақтау және пайдалану кезінде маңызы өте жоғары. Оттегі сауытын сақтауға және толтыруға арналған арнайы алаңға 30 баллон қоюға болады. Бұл жағдайда 15 қондырғы жұмыс істейді (оны рампаға қосқанда) және 15 камера қосымша сақталады. Оттегі стансасын құрастыру жұмыстары қысқа мерзімде зауыттың бас маманы Сергей Панфиловтың жетекшілігімен жүзеге асырылды. Станса барлық ерекшелікті ескере және пайдаланудың барлық нормативтік қағидаларын сақтай отырып орнатылды.
Кәсіпорынның өзінде «Денсаулық сақтау орталығы» жұмыс істейді. Зауыттың жұмысшылары ем алу үшін өндірістен қол үзбей қажетті зерттеулерден өтуге мүмкіндіктері бар. Қабылдауды тәжірибесі мол білікті дәрігерлер жүргізеді. Жедел жәрдем бригадасы құрамында реаниматолог және фельдшерлер бар, олар тәулік бойы кезекшілік етеді. Сауықтыру пункті жедел және шұғыл медициналық көмекке арналған дәрі-дәрмектер және жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Пульсоксиметр, дефибриллятор, электрокардиограф, вакуум шиналары, оттегі аппараты, тыныс алу аппараттары, реанимациялық сөмке сияқты барлық заманауи жабдықтармен жабдықталған реанимобиль бар. Жұмысшыларға медициналық қызмет көрсетудің бірыңғай жүйесіне «Нефтехимик» профилакторийінде сауықтырылу да қосылады. Жыл сайын 400-ге жуық жұмыскер мен олардың отбасы мүшелері емделеді.
Қазір «Мұнай-химия» ЖШС партия мүшелері жергілікті Nur Otan фракциясы арқылы аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созу бағытына белсенді қатысуды жалғастыруда. Мысалы, облыс орталығында тұратын бір жасар ұлын жалғыз тәрбиелеп отырған жас ана Меруерт Хасенова көмек сұрап партияның жергілікті бөлімшесіне жүгінген екен. Бұл хабарды естіген «Мұнай-химия» зауытының бас директоры, бастауыш партия ұйымының төрағасы Оспанбек Әлсейітов өз атынан Меруертке жеке көмек ретінде кішкентай нәрестеге арналған қажетті бұйымдар, жаялықтар сатып алып берді. Басшы бастаған қамқорлық зауыт жұмысшыларына да үлгі болып, кәсіпорынның белсенділері жалғызілікті зейнеткерлерге арналған бірқатар игі істі жалғастырды.
Биыл елімізде «Қамқорлық» қайырымдылық айлығы аясында қарттарға әлеуметтік көмек көрсетілуде. Ерекше назар жалғызілікті және жалғыз басты қарт адамдарға, ең төменгі зейнетақы алатындарға, мүгедек балаларды күтушілерге аударылуда. Кәсіпорын басшысы О.Әлсейітов бастаған партия белсенділері облыс орталығында тұратын, еңбек демалысына шыққан Рыстай Усанова, Алтын Жақашева, Серік Балықбаев, Тілектес Рахманғұлова, Тұрсын Искакова, Тілектес Қожағұлова, Екатерина Подзолко, Шайзат Смағұлова, Римма Пейхвассер, Нина Коваленская сияқты жалғызілікті және денсаулығына байланысты далаға шыға алмайтын зейнеткерлердің үйлеріне барып, азық-түлік толы сөмкелер табыс етті.
– Зейнеткерлер әрқашан күз мезгілін жақсы көңілмен, сенімділік сезімімен қарсы алсын. Оларды зауыт ұжымы құрметтейтініне және есте сақтайтынына сенімді болсын, – дейді мұнай өндірушілер.
Бұдан кейін зауыт өкілдері келесі сапарларын Тереңкөл ауданының Песчаное ауылына арнады. Осы ауылдағы арнайы мектептің түлектеріне және арнайы әлеуметтік қызметтер алатын балаларға көмек көрсетті. Биыл облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Арнайы әлеуметтік қызметтерді ұсыну бойынша балалар психоневрологиялық орталығы Мұнай-химия зауытынан патронаттық көмек ретінде компьютерлер алды. Орталықта 3-тен 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар оқытылады, оларға осы компьютерлер арқылы түзету сабақтары өткізіледі. Сонымен бірге биылғы жаңа оқу жылында зауыт әлеуметтік жауапты кәсіпорын ретінде мектеп жасындағы балалары бар жұмысшыларға көмек берді. Яғни жыл сайынғы оқу жылы алдында материалдық көмек беру дәстүрге айналған «Мектепке жол» шарасын жалғастырды.
Мұнайшылар ұжымы бірнеше жыл бойы Песчаное ауылындағы №2 арнайы мектеп-интернат түлектеріне қамқорлық көрсетіп келеді. Зауыт ұжымы мен «Мұнай өндірушілер» кәсіподақ бірлестігінің өкілдері атынан зауыт жұмысшылары жинаған қаражатқа 11 жасөспірім сыртқы киім, аяқ киім, шұлық, іш киімдер және жеке гигиена заттарын алды.
– Жасөспірімдерге күш-жігер мен болашақ жаңа өмірлеріне деген сенімділік тілейміз. Олардың алдағы өмірлері біздің зауыт жұмысшыларының өмірі, еңбек жолдары секілді табысты, жеңісті болсын! Біз оларды өндірісте еңбек ететін жастар ретінде күтетін боламыз, – дейді зауыттың персоналды басқару департаментінің директоры Алтын Имантаева.
Павлодар облысы