Оны сақтаудағы қазақстандық журналистердің рөлі қашанда жоғары
Кеше БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған «Халықаралық толеранттылық күніне» орай Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Мәдениет және ақпарат министрлігі бірлесіп ұйымдастырған халықаралық медиа-форум өзінің жұмысын аяқтады.

Бұл күнгі шара Астананың «Қазмедиа орталығында» өтті. Оның жұмысына еліміздің барлық түкпірлерінен танымал журналистер, халықаралық сарапшылар, Парламент депутаттары мен Ассамблея мүшелері қатысты. Сонымен бірге, ғылыми қауымдастық, ҮЕҰ өкілдері де көп болды.
Оны сақтаудағы қазақстандық журналистердің рөлі қашанда жоғары
Кеше БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған «Халықаралық толеранттылық күніне» орай Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Мәдениет және ақпарат министрлігі бірлесіп ұйымдастырған халықаралық медиа-форум өзінің жұмысын аяқтады.
Бұл күнгі шара Астананың «Қазмедиа орталығында» өтті. Оның жұмысына еліміздің барлық түкпірлерінен танымал журналистер, халықаралық сарапшылар, Парламент депутаттары мен Ассамблея мүшелері қатысты. Сонымен бірге, ғылыми қауымдастық, ҮЕҰ өкілдері де көп болды.
Медиа-форумға қатысушылар алдымен үлкен залға орналастырылған этномәдени бірлестіктер БАҚ-тарының көрмесін тамашалады. Соның ішінде Қазақстан корейлері этномәдени бірлестігінің шыға бастағанына 90 жыл толған «Коре Ильбо» газетінің тарихына қызығушылар көп болды. Аталған газет корейлер Қазақстанға жер аударылмай тұрған сонау 1923 жылы Ресейдің Қиыр Шығысындағы Хабаровск, Владивосток қалаларында жарық көре бастаған екен. Ал корей халқы өкілдерін Қазақстанға жер аударғанда оның қызметкерлері қойын-қоныштарына аштықта жейтін тамағын емес, типографиялық құрал-жабдықтарды тығып әкеліпті. Солардың жанкешті әрекеттерінің арқасында газет 1938 жылдан бері Қазақстанда шығып келеді.
Сағат 11.00-де медиа-форумның пленарлық отырысы басталды. Оны Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов ашып, жүргізіп отырды.
Ол өзінің сөзін бүгінгі қазақ сөз құдіретін пір тұтқан халықтың ұрпағы екенінен бастады. Біз өркениетке баға жетпес асыл қасиеттеріміз – бейбітшіл пейілімізбен, келелі келісімпаздығымызбен, жұдырықтай жұмылған бірлігімізбен еніп отырмыз, деді ол. Одан әрі шешен БАҚ-тың қоғамдағы орнына жоғары баға берді. Біріншіден, БАҚ қоғамда пікір қалыптастырушы құрал, екіншіден, азаматтардың санасының дұрыс қалыптасуына бағдар беруші, үшіншіден, «БАҚ» деген сөздің өзі «бақыт» сөзінің қысқа нұсқасы болып, еліміздің бағы мен бағасын арттырушы күш болып отыр емес пе, деді. Бүгінгі басқосуымыздың негізгі себебі – білгенімізбен бөлісіп, үлгі боларын үйреніп, қоғамды алға бастыруға жаңа әдістер табу, деп жалғастырды өзінің сөзін ол. Бүгінгі Қазақстан халқымыздың этностық, мәдени және діни айырмашылықтарын елдің мызғымас бірлігінің ресурсына айналдыра білді. Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында этносаясаттың негізгі бағдарын былай деп айқындаған еді: біріншіден, әрбір қазақстандық өзінің этностық, діни ерекшеліктеріне қарамай, елдің тең құқылы азаматы; екіншіден, қазақ халқы және қазақ тілі қазақстандық азаматтық қоғамның мызғымас ядросы; үшіншіден, біз бәріміз – бір ел, бір – халықпыз. Осы бағдар біздің мәңгілік ұстанымымыз.

Одан әрі Е.Тоғжанов Ассамблеяның бүгінгі жетістіктеріне қысқаша тоқталып, оның тәжірибесін үйренуді соңғы жылдары ғана 15 мемлекеттің 60-тан артық өкілдері қалап отырғанын айтты. Соның ішінде Ұлыбритания, Франция, Германия, АҚШ, Түркия, Қытай, Ресей секілді ұлы мемлекеттер де бар, деді ол. Модератор одан әрі: Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, біз қазір уақыт жылдам жүйткитін, үдемелі заманда өмір сүріп жатырмыз. Олай болса, заманның, уақыттың, мерзімнің сындарына сай бола білуіміз керек. Бүгін, міне, осы және басқа да өзекті мәселелер бойынша халықаралық сарапшылар мен Қазақстан журналистері озық өкілдерінің пікірлері мен ұсыныстарын тыңдайтын боламыз, дей келіп, құттықтау айту үшін сөзді Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаевқа берді.
Форумға қатысушыларға ыстық сәлем жолдай келіп, ол күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігін атап өтті. Талқыланатын мәселелердің барлығы да бұқаралық ақпарат құралдарының ел бірлігін нығайтудағы рөлін арттыруға ықпал етуді мақсат етеді, деді. Сондай-ақ, ол этносаралық татулық пен конфессияаралық келісімнің біздің еліміздің ең басты құндылығы екенін айтты. Бұл қағидаттар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында атап көрсетілген, деді Бағлан Асаубайұлы.
Келесі сөз Мәжіліс депутаты, Қазақстан корейлері қауымдастығының төрағасы Роман Кимге берілді. Ол ҚХА өзінің 18 жылдық ғұмырында қазақстандық этностарды ұйыстырушы беделді органға айнала білгенін атап өтті. Ал ақпарат құралдары туралы айтқанда, кейбір БАҚ-тардың асығыстыққа ұрынып, тезірек атын шығаруға ұмтылып кейбір тұрмыстық кикілжіңдерден этносаралық қақтығыс іздегісі келетіндерін сын тезіне алды. Ондайлар біздің қоғамымызда алаңдатушылық жағдайлар туғызады, деді ол. Осы орайда, Ассамблеяның аясындағы БАҚ-тардың этносаралық қатынастарды әділеттілікпен айшықтайтыны туралы оң пікірін білдірді. Соның ішінде корей этномәдени бірлестігі аясында шығатын «Коре-Ильбо» газетінің маңызына тоқталды.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің ЮНЕСКО кафедрасының профессоры, халықаралық дипломат Әділ Ахметов ҚХА-ның этносаралық төзімділік пен түсіністік саласындағы істеріне үлкен баға бере келіп, Қазақстанның ҚХА жұмысының тиімділігіне халықаралық ұйымдар, соның ішінде ЕҚЫҰ да жоғары баға беретінін атап өтті. Одан әрі ол өзінің сөзінде кәсіпқой журналист, нағыз маман болу үшін не істеу керектігі туралы ұзақ баяндады. Соның ішінде ұлыбританиялық «Файненшл таймс» газетінің үлгісі туралы айтты. Басылым журналистерінің шыншылдығын, қандай тұлғамен сөйлессе де шындықтың мүддесін жоғары қоятын қағидатшылдығын бүгінгі журналистерге үлгі етті.
Пленарлық отырыста бұлардан басқа М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің журналистика факультеті деканының орынбасары Петр Шульцман, бұрын Қазақстанда тұрған, қазіргі латвиялық халықаралық сарапшы, «Телеграф» газетінің тілшісі Владимир Решетов, АҚШ-тың Огайо штаты университеті журналистика саласының магистрі Хэл Фостер және ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко сөз сөйледі.
* * *
Осыдан әрі медиа-форумның жұмысы панельдік пікірсайыстарда жалғасты.
Бірінші пікірталас алаңы «БАҚ бетінде бейбітшілік пен келісім идеясын насихаттауда Журналистер клубының орны» деген тақырыпқа арналды. Отырысты ҚХА жанындағы Журналистер клубының төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Ғаділбек Шалахметов пен «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Кенжеболат Жолдыбай жүргізді. Сөз орайы келгенде, ҚХА жанындағы Журналистер клубы мен «Бас редакторлар клубы» ҚБ арасында Ынтымақтастық жайлы келісімге Ғ.Шалахметов пен К.Жолдыбай қол қойғандығын айта кету керек.
Артынан «Қазмедиа орталығы» медиа мектебінің жұмысымен осы оқу орнының директоры Дана Рысмұхамедова жан-жақты таныстырып өтті. Оның айтуынша, бұл оқу орнында барлық жағдай жасалған: заманауи техникалармен жарақтандырылған және өз ісін жетік білетін мамандар тартылған. Сондықтан да ертеңге деген нық сенім қалыптасып отыр. Және де өңірлердегі ұйымдармен де бірлесе жұмыс істеуге бар екендіктерін де жасырмады.
Келесі сөз Қазақстан халқы Солтүстік Қазақстан облыстық ассамблеясы журналистер клубының төрағасы, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы» ҚБ облыстық филиалының төрағасы Кәрібай Мұсырманға берілді. Оның сөзіне қарағанда, қазір өзге ұлт өкілдерінің 329 баласы қазақ мектептерінде білім алуда. Жалпы, мемлекеттік тілде білім алушылар саны 65 пайыздан асып отыр. Тұрмыстық деңгейде туындаған төбелеске қатысқан балалардың қай ұлтқа жататындығын жазған бір журналист үшін облыста кәдімгідей кикілжің туындап кеткендігін алға тартқан ол бұл мәселеге өте абай болу қажеттігін атап айтты.
Оңтүстік Қазақстан облысынан келген «Жанубий Қозоғистон» облыстық газетінің редакторы Мұрат Әбубакиров ұлтаралық татулықты нығайту мәселесінде жұмыстар жақсы жолға қойылғандығын ерекше атаса, Павлодар облысы ҚХА жанындағы этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі журналистер клубының төрағасы Мұхит Омаров медиа-форумдар өткізудің маңызына кеңінен тоқталып өтті. Ал «Deutsche Allgemeine Zeitung» газетінің тілшісі Анастасия Садовникова Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктер жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты көрсету арқылы елімізде тұрып жатқан этностардың бір-бірінің рухани құндылықтарын түсінуге мүмкіндік туғызатынын ерекше атады.
Панельдік сессияның келесі бірі – «Қоғамдық келісімді сақтаудағы қазақстандық журналистика жүгі» деп аталды. Еліміз жүргізіп отырған тиімді ұлттық саясаттың нәтижесінде бүгінде 37 этностық бұқаралық ақпарат құралдары 11 тілде жарық көріп отыр. Олардың әрқайсысының ақпараттық кеңістікте өз орны бар. Қоғамдық пікірге әсер ете алатындай үні бар. Бұл тұрғыда олар қоғамдық келісім мен татулықты қаншалықты паш етіп отыр деген сауал туындайды.
Панельдік сессияда сөз алған «Актюбинский вестник» облыстық газетінің әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі Гүлсім Назарбаева Ақтөбе облысындағы «Достық үйі» мен этномәдени бірлестіктер туралы әңгімеледі. Олардың жұмыстары газетте қаншалықты жарияланатынын жеткізді. Облыста 2009 жылы ашылған «Достық үйі» жұмыс істейді. Онда 14 этномәдени бірлестік бар. Достық үйінен мерекелерде де, жай күндерде де жаңалық үзілген емес. Қалаға келген лауазымды тұлғалар болсын, зиялы қауым өкілдері болсын бұл үйге соқпай өтпейді. Әр этностың мәдениетімен, өнерімен танысады. Биыл 95 жылдығын атап өткен біздің газет облыстағы түрлі этностардың жаңалықтарын жүйелі түрде газетте көрсетіп отырады. Және бұл материалдардың барлығы да ел халқын достық пен татулыққа үндейтін, жылы рәуіштегі, бейбіт сипаттағы мақалалар, деді ол.
Қазақстан татарлары және башқұрттар қауымдастығы атқару комитетінің төрағасы, республикалық «Фикер» газетінің шеф-редакторы Ринат Абдулхаликов заман талабына сай адамдар бұл күнде интернет пайдаланатынын, мерзімді басылымдарға, оның ішінде, этностар тілінде шығатын газеттерге сұраныстың аз мөлшерде екенін әңгімеледі. Сондықтан елдегі түрлі этностың кезек күттірмейтін мәселелерінің бірі өз порталдарын ашу, деді ол. Р.Абдулхаликов түрлі этнос өкілдеріне ортақ бір телеарна ашу мәселесінің толғағы жеткенін баяндады.
Панельдік сессияны жүргізген Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанаи біздің мемлекетіміздің құқықтық мемлекет екенін атай келіп, егер де ел ішінде этносаралық кикілжің туындайтын болса, оған, ең алдымен, прокуратура, сот, ішкі істер органдары сынды мемлекеттік құрылымдар жауап беретінін, бірақ негізінде қоғамымызда ондай кикілжіңдер жоқтығын баяндады.
Ал Оңтүстік Қазақстан облыстық «Южный Казахстан» газетінің тілшісі Алиса Масалева газетте біраз жылдан бері «Шаңырақ» қосымшасын жүргізетінін, осы жылдардың ішінде көптеген этномәдени бірлестіктердің жұмыстарын насихаттауға үлес қосқанын, бірақ, этностарға байланысты материалдардың дені мерекелік концерттер мен мерекелік шаралар төңірегінде болатынына көңілі толмайтынын жеткізді. Ол газет беттерінен елдегі түрлі этнос өкілдерінің осында қалай келгенін, қандай тағдыркешті жағдайларды басынан өткізгенін баяндайтын материалдарды жиірек көргісі келетінін мәлімдеді.
Жалпы, панельдік сессияда түрлі облыстан келген БАҚ өкілдері ұлтаралық келісім туралы емес, негізінен қазіргі этностық газеттердің проблемасы туралы әңгімеледі. Бір жағынан бұл да көңіл жұбататын жайт. Өйткені, ондай мәселенің болмауының өзі елде татулық пен келісім салтанат құрып отырғанын білдірсе керек.
«Ғаламтор мен әлеуметтік желілерде этностық және конфессияаралық мәселелерді қозғау мәдениетін қалыптастыру», «Ұлттық сана-сезімнің өсуі мен өркениеттер үнқатысуының дағдарысы жағдайында этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау» тақырыптары келесі панельдік отырыстардың өзегіне айналды. Алғашқы тақырыпқа келсек, шараны «Қазақстанның Интернет қауымдастығы» ЗТБ президенті Шавқат Сабыров пен «Қазконтент» АҚ басқарушы директоры Жандос Шолақов жүргізіп отырды. Олар өз кезегінде салаға қатысты мәселелерді ортаға салып, қатысушыларды пікір алмасуға шақырды.
Павлодар облысы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Сейсембай Жетпісбаев аталған медиа-форумның өтіп жатқаны өте құптарлық жайт екенін айтты. Сонымен бірге, ол бүгінгі таңда журналистердің интернет пен өзге де ақпарат құралдары арқылы мәліметтердің қалай беріліп жатқандығы жөніне де тоқталды. Ал Президент жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшесі Расул Ахметов бұл басқосуға өзінің жаңа жобасын әкеліп, сол тұрғыда ойын өрбітті. Қазіргі жастардың дені ғаламторды пайдаланады десек, сол тұрғыда өзінің жасап жатқан игі жұмыстары жайында жиылған жұртқа сол жобасы негізінде болашақта атқарылар шараларынан да айта отырды. Жобаның аты «Қазақстандық ұлттық әлеуметтік желі» деп аталады екен.
Екінші тақырыптағы басқосудың да берері мол болды деуге болады. Пікір алмасу алаңын саясаттанушы Айдос Сарым мен ҚХА жанындағы Журналистер клубы төрағасының орынбасары Атсалим Идигов басқарды. «Аудан мен ауыл деңгейінде этносаралық және конфессияаралық келісімнің тетіктерін жасау» деген тақырыпта сөз алған Батыс Қазақстан облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ғайса Қапақов татулық жайынан сыр шертті. Форумға Ақмола облысынан делегат болып келген белгілі журналист Талғат Хасен де басқосудың ерекшелігіне тоқталды. Ол өз сөзінде мұндай форумның журналистер үшін пайдасы ұшан-теңіз екенін айтып, мұнда жиналған жұртшылықтың ішінде саланың майталман мамандарының өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салуы тәжірибе алмасуда таптырмас құрал екенін жеткізді.
Отырыста өзге де сөз сөйлеген азаматтар тақырыпқа орай өздерін толғандырған мәселелерін айтуға мүмкіндік алды. Көп пікірінің көмегі қашанда зор десек, аталған басқосуда айтылған түрлі толғамды пікірлер мен оралымды ойлар легі де ешкімді бейжай қалдырмады.
* * *
Қазақстан халқы Ассамблеясы халықаралық медиа-форумының қорытынды пленарлық отырысында ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов сөз сөйлеп, қоғамдық келісімді нығайтудағы БАҚ-тың рөлі мен жауапкершілігі туралы айтып берді. Оның пікірінше, БАҚ өкілдері этносаралық, конфессияаралық төзімділікке қатысты мәселелерді насихаттауға мейлінше жауапкершілікпен қарағаны жөн. Бұл ретте, БАҚ саласы өкілдерінің миссиясы қоғамдық келісімді және Қазақстанның ұлттық бірлігін сақтауға, этносаралық мәселелерді насихаттауға жаңаша, өзгеше көзқараспен келу бағытына арналуы керек.
Бұл күні ҚХА жанындағы Журналистер клубы төрағасының орынбасары Атсалим Идигов те сөз алып, Қазақстан халқы Ассамблеясы халықаралық медиа-форумының қорытынды қарарын оқып берді. Бұл қарарда БАҚ-тың дамуына, оның ішінде, Мемлекет басшысының этносаралық төзімділікті және қоғамдық келісімді сақтау жөніндегі қазақстандық моделі мен бастамасын насихаттауға барлық жағдай жасалғаны, өркениеттер, мәдениеттер қақтығысы жағдайында этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуда БАҚ рөлінің ұлғайып келе жатқаны атап өтілген. Сондай-ақ, онда түрлі пішіндегі ксенофобияларға төзімділік таныту мен этноконфессияаралық қарым-қатынастар мәселесіне оң көзқарас таныту мақсатында медиа-ортаны қалыптастыру, этносаралық қарым-қатынастарды насихаттау кезінде қазақстандық журналистикадағы мәдени үнқатысуды дамыту, этносаясаттың негізгі категорияларын жетілдіруде масс-медианы ғылыми-сараптамалық жағынан қолдаудың өзектілігі, жаңа трендтерді пайдалана отырып, интернет желілері мен коммуникацияны дамыту аясында қоғамдық мониторинг жүйесін құрудың қажеттілігі секілді мәселелерге де мән беріліпті.
ҚХА жанындағы Журналистер клубы төрағасының орынбасары Атсалим Идигов өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті. Оның айтуынша, халықаралық және отандық сарапшылардың қатысуымен этносаралық мәселелерді насихаттау тақырыбы бойынша масс-медиа өкілдеріне арналған арнайы дәрістер, лекциялар ұйымдастырылған.
Пленарлық отырыстың соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» шығармашылық байқауы қорытындыланып, жүлдегерлер марапатталды. Мәселен, «Қазақстандағы этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған үздік бағдарламалар, теле-радио бағдарламалар» номинациясы бойынша «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының редакторы Әшімхан Жампейісов, ал «Қазақстандағы этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған үздік мақала» номинациясы бойынша «Акмолинская правда» газетінің журналисі Нина Митчинова жеңімпаз деп танылды.
«Егемен Қазақстанның»
тілшілер тобы.
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.