14 Сәуір, 2010

ЖАҢАРҒАН ҚЫЗЫЛАҒАШТАҒЫ ҚЫРЫҚ ҮЙ

538 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Өңірдегі қат-қабат тірлік арналарының қатарында қызылағаштықтардың жағдайы басымдық алуда. Күн сайын облыс басшы­ларының қатысуымен жедел штаб отырысы өтіп, онда атқарылған құрылыс жұмыс­тары­ның қорытындысы мен сапасы, жеделдету күн тәртібіне өткір қойылып келеді. Нәти­жесін­де құрылыс жұмыстарына 69 компания тартылып, 449 үйдің орны толық тазартылса, 121 үйдің қабырғалары­ қаланған. Сонымен қатар 23 үйдің шатыры көтеріліп, 10 үйдің төбесі толық жабылды. Құрылыс жұмыстарында үш жарым мыңға жуық адам уақытпен санаспай еңбек етуде. Құрылыс жұмыстарының екі ауысымда жалғасуы қатаң қадағаланған. Қызылағаш ауылында екі бетон зауыты қалыпты жұмыс істеп тұр. Осыған қосымша құрылысқа Талдықорған қаласындағы “ELD Global” және “Темірбетон” ЖШС-лар үздіксіз дайын бетон қоспа­сын тасымалдап жеткізуде. Қуаты қысқа мерзімде алты миллион кірпіш дайындай­тын “Строитель” серіктестігі осы қажеттілік­тің тиянағын келтірсе, өңірдегі өзге де кірпіш зауыттары оған өз үлестерін қосуда. Қуаныштысы Қызылағашта жаңадан салынған алғашқы үйлердің құрылысы аяқталуға жақында­ды. Сырты мен іші сапалы салынған, тұрмысқа қолайлы қажеттіліктермен қам­­тылған үйлер алыс­тан көз тартады. Облыс әкімі Серік Үмбетов Қызылағаш­та 40 жаңа үй осы айдың соңында тұр­ғын­дар игілігіне бері­летінін айтып отыр. Қазіргі құры­лыс жұ­мыстарының қарқы­ны да осыған дәлел. Құрылыспен қа­тар елді мекенді ин­же­нерлік коммуника­циямен қамтамасыз ету мақсатындағы ауылдың ішін жарықтандыруға 6 шақырым­дық ВЛ-10 кв. электр желісі мен 23 шақы­рым­дық ВЛ-04 кв. құрылысы аяқталды. Сонымен қатар тасқыннан зардап шеккен Ақтоған және Егінсу ауылдарын қалпына келтіру жұмыстары да қатар жалғасты­рылуда. Ақтоған ауылында “Алматықұры­лыс” компаниясының күшімен 9 үйдің іргетасы, 6 үйдің қабырғасы қаланып, мұнда да 200 адам еңбек етуде. Ал, Егінсу ауылын­да жарамсыз үйлерді бұзып, құрылысқа жаңа нысандардың орнын дайындаумен “Облтяжстрой” серіктес­тігіне қарасты 68 құрылысшы айналысуда. “Қазақстан темір жолы” АҚ су тас­қы­нынан зардап шеккен Егінсу елді меке­ніндегі жолсеріктер баспанасын өз қар­жысы есебінен қалпына келтіруді ұйғарып, мұнда да отыз үш үй тұрғызылатын болды. Қызылағаш ауылындағы зардап шеккен тұрғындарға материалдық көмек аудару жұмысы жалғасуда. Осы уақытқа дейін “Қазпошта” АҚ-тың Алматы облыстық филиалы арқылы 2702 адамға 34 млн. 628 мың теңге қаржы аударылыпты. Ауылды абаттандыру мен көгалдан­дыру­ға жастар ұйымдары белсене қатысып, сенбіліктер ұйымдастыруда. Өткен сенбіде Талдықорған қаласындағы оқу орындары­ның 300 студенті күні бойы қалпына келтіру жұмыстарына қатысты. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бастамасымен “Жақыныңа жәрдемдес” акциясына қатысу­шы журналистер Қызыл­ағаш өзенінің шығыс жағындағы келешек­тегі саябақ орналасатын алаңға қайың көшеттерін отырғызды. Ауыл тұрғындары халықтың көмегі мен қолдауына шын пейілден алғыстарын айтуда. Су тасқынынан зардап шеккендерге Үкімет резервінен, ұлттық компания­лар­дан, Астана, Алматы қалалары мен облыс­тар­дан, жеке азаматтардан, қоғамдық және коммерциялық ұйымдардан көмек қаржы­сы әлі де келіп түсуде. Кешегі күнгі мәлі­мет бойынша бұл қаржының көлемі 3 млрд. теңгеден асқан. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.