Сарапшылар дүние жүзіндегі қара базарда аса ірі көлемдегі пайданы сауданың үш түрі әкелетінін айтады. Осы үштіктің қатарында қару-жарақ, адам және есірткі саудасы тұр. Алғашқы екеуін қайдам, отандастарымызды сауданың нақ осы үшінші түрі – есірткі саудасы алаңдатып отыр. Себебі өне бойды өзгеше күйге бөлейтін психотроптық заттарды бір рет болсын пайдаланып көрген адам одан оңайлықпен құтыла алмайды. Қара ниетті саудагерлердің де көздегені – осы. Әрекет – әдетке, бір реттік қызығушылық – ұдайы құштарлыққа айналса дейді. Өйткені сұраныс бар жерде ұсынушының көңілі жай.
Өткен жылы сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында осы етек жайып бара жатқан есірткі мәселесін көтерген еді. Сол жиында Президент «Біздің тұрғындарды есірткі қылмысы да алаңдатып отыр. Есірткіні сату мен алу жеңілдей түсті. Кез келген жасөспірім оны интернет арқылы тауып ала алады. Кез келген тұрғын үйлердің маңында жасырын жарнаманы, арнайы сайттардың сілтемесін, QR-кодтарды көруге болады. Оны біздің қалалардағы үйлердің қабырғаларында кездестіреміз. Яғни, бұл ұйымдастырылған криминалды бизнес. Біздің балалардың денсаулығы жайында сөз қозғалғандықтан мұндай іс-әрекетке жол берілмеуі керек. Есірткі таратумен айналысуға қатысы бар тұлғаларды жазалауды заң жүзінде қатаңдату жағын қарастыру қажет. Мен полицияға бұл проблеманы жоюды міндеттеймін. Қолға тек жылдам әрекеттерді ғана емес, сондай-ақ жалпы заманауи технологиялық арсеналды алуды тапсырамын» деген болатын.
Бұл ойын Президент «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты былтырғы Қазақстан халқына Жолдауында да айтты. «Біз шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелігінің қатаң жазалау тəжірибесінен бас тарттық. Алайда елімізде ауыр қылмыстардың саны азаймай тұр. Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мəн беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, əйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық жəне басқа да ауыр қылмыстарға, əсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мəселені шешуді Парламентке жəне Үкіметке тапсырамын», деді Президент.
Мемлекет басшысының тапсырмасы назардан тыс қалған жоқ. Былтыр жыл соңында Президент еліміздегі қылмыстық заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, жекелеген қылмыстарға жауаптылық күшейе түскен еді. Бұл өзгертулердің арасында есірткі қылмысы үшін жауапкершілікті қатаңдату мәселесі де бар. Сол өзгертулерге сәйкес, енді бұдан былай есірткіні насихаттағандар мен жарнамалағандар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болды. Есірткінің заңсыз айналымы үшін жауаптылықты көздейтін баптарда жəне есірткіні пайдалануға көндіргені үшін «электронды ақпараттық ресурстарды пайдалану» жəне «қоғамдық орындарда» деген жаңа саралау белгілері енгізілді. Бұдан былай, интернетте, түнгі клубтарда, дəмханаларда, парктерде есірткі айналымына жол салғандар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, кəмелетке толмағандарға осындай тəсілмен есірткі сатушылар өмір бойы бас бостандығынан айырылады.
«Жуырда Қарағанды облысында құқық қорғау органдары синтетикалық есірткі саудасына қатысты күдіктіні құрықтаған болатын. Жедел тергеу амалдары барысында «Жылдамдық» атты есірткі түрін өндірумен Қазақстанда тұру құқығы бар шетел азаматының айналысқаны анықталды. Қылмыскер есірткі әзірлеуге қажет заттарды сатып алып, дайын өнімді сатуды жолға қойғаны белгілі болды. Күдіктіден өзімен бірге болған 750 грамм дайын есірткі өнімі тәркіленді. Аталған азамат алдағы уақытта есірткіні ірі көлемде саудаламақ болыпты», деп отыр Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің Ведомствоаралық үйлестіру және профилактика басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Әмірханов.
Оның айтуынша, күдіктінің баспанасын тінту кезінде есірткі әзірлеуге қажет химиялық өнім саналатын 7 литр сұйық зат, құрал-жабдықтар табылыпты. Табылған айғақтар күдіктінің есірткі әзірлеумен айналысқанын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Алматы қаласының тұрғыны Қарағанды облысына арнайы келіп, үй жалдапты. Есірткі өндірумен де осы үйде айналысқан көрінеді. Бүгінде бұл қылмыстық әрекетке өзге тұлғалардың қатысы бар-жоғы анықталуда. Тұтқынға алынған азамат өз кінәсін мойындап отыр. Тінту кезінде тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 5-6 килоны құрайды. Халық арасында «Жылдамдық» атауымен кең тараған есірткінің бұл түрі 1 грамы 15000 теңгеге бағаланады екен. Бұл ретте, тәркіленген өнімнің жалпы құны қара базарда 76 млн теңгені құрайтын көрінеді. Бұл – есірткі сатудың аса ірі партиясы саналады.
«Өз үйлерін, пәтерлерін жалға беретін отандастарымызды ескерте кетуді жөн санап отырмын. Егер жалға алғысы келген азаматтың қандай да бір күдік туғызатын құрал-жабдықтары, заттары болатын болса бірден құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне хабарласу қажет», дейді Б.Әмірханов. Оның айтуынша, өткен жылы елімізде синтетикалық есірткі саудасымен айналысқандардан 5 кило заңсыз өнім тәркіленсе, биыл бұл көрсеткіш 83 килоға жетіп отыр. Яғни, синтетикалық есірткіні тәркілеу 80%-ға артқаны байқалады. Осыған байланысты, бүгінде Үкіметтің қаулысымен есірткі өндіру кезінде қолданылатын химиялық заттардың (прекурсорлардың) таралуын шектеу мәселесі де қолға алынып отыр.
Еліміздің құқық қорғау органдары есірткі саудасымен айналысатындардың жолын кесу бойынша осындай ауқымды жұмыстарды ұдайы атқарып келеді. Оның жемісі де бар. Мәселен, синтетикалық есірткіні сақтағаны, сатқаны және жарнамалағаны үшін полицейлер ұстаған Петропавл қаласының тұрғыны 12 жылға бас бостандығынан айырылды. 29 жастағы петропавлдық азамат осы жылдың наурыз айында ұсталған болатын. Сотқа дейінгі тергеу барысында бұрын есірткі қылмысы үшін сотталғаны белгілі болған азамат бұл жолы «Telegram» мессенджері арқылы әрекет етіп, 3,5 мыңнан астам жазылушы жинапты. Ол осы интернет-ресурс арқылы синтетикалық есірткі сатып, қаланың әр ауданында есірткі жасырып келген көрінеді. Қылмыскер мінген таксиді тексеру кезінде бірнеше грамм синтетикалық есірткі тәркіленді. Негізгі бөлігін, яғни 400 грамнан астам «спайсты» (есірткі түрі) полицейлер күдіктінің пәтерінен анықтаған. Сондай-ақ одан синтетикалық есірткі дайындауға арналған концентрат, электронды таразы, орауыш материалдары, ұялы телефон және ноутбук тәркіленіпті.
«Спайс сату үшін ол «Папа может» атауымен интернет-дүкенін ашқаны анықталды. Іс жүзінде алғаш рет Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 299-1-бабының 4-бөлігі бойынша электронды ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалағаны үшін қылмыстық жаза тағайындалды. Сонымен қатар қала тұрғыны есірткі заттарын сату және өткізу мақсатында заңсыз дайындағаны, сақтағаны үшін Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотталды», дейді Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.
Есірткі саудасына қатысты енді бір оқиға еліміздің оңтүстік өңірінде тіркеліп отыр. Белгілі болғандай, Түркістан облысына қарасты Кентау қаласының полиция бөліміне жергілікті тұрғын есірткі затын сақтаумен және сатумен айналысатындығы туралы ақпарат келіп түседі. Аталған жайтты полицейлер Қылмыстық кодекстің 297-бабы «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша тіркеп, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күмән туғызған көлік жүргізушісін құрықтайды. Жедел уәкілдер көліктің ішін тінту кезінде 2 дана ақ түсті қағазға оралған есірткіге ұқсас затты тауып, тәркілеп, сараптамаға жіберді.
Сараптама нәтижесі бойынша есірткіге ұқсас заттың «марихуана» екені анықталыпты. Оның жалпы салмағы 15 грамды құрап отыр. Бүгінгі таңда осы іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Белгілі болғандай күдікті бұрындары есірткі сатумен айналысып, жауапқа тартылған екен. Қазіргі уақытта ұсталған ер-азамат қамауда отыр. Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсірген, сондай-ақ есірткіні сақтау мен өткізгені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертуде.
P.S. Адалынан ас ішіп, айла асырмай пайда көргенге не жетсін?! Жалпақ жұрт солай ойлағанымен, у саудалап ұртын майлағысы келетін пысықтар мен пасықтардың саны азаймай тұр. «Өтіріктің – құйрығы бір-ақ тұтам» болған соң «көп асқанға бір тосқан» қайтсе де болады. Ол үшін барлық жүкті тәртіп сақшысының ғана иығына артып қоймай, ұлт болып ұйысуымыз, жұрт болып жұмылуымыз қажет...