Қаржы • 21 Қазан, 2020

Алтын құймаға құмартқандар көп

641 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері ел тұр­ғын­дары 13 208 алтын құйманы сатып алған. Сатылған өнімдердің жалпы салмағы – 566,3 кило. Бағдарлама іске қосылған уақыттан, яғни 2017 жылдан бас­тап Қазақстанда жалпы салмағы 1,2 тоннаға тең 34 901 құйма сатылған. Осы орайда, соңғы жылдары алтын құймаға құмартқандардың қатары көбейе түскенін атап өту керек. Нарықтың беталысынан осындай үрдісті айқын аңғаруға болады.

Алтын құймаға құмартқандар көп

 

Аңсары алтынға ауған Алматы

Тақырыпқа бойламас бұрын статистикаға аз-кем назар ауда­райық. Ұлттық банктің хабарлауынша, екінші деңгейлі банк­тер мен айырбастау пункттері қыркүйек айында халыққа жалпы салмағы 65,2 кило болатын 1 480 алтын құйманы сатқан. Ал жыл басынан бері сатылған құйманың саны – 13 208.

Қазақстанда мұндай құйма­лар­дың бес түрі бар. Олар 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық бо­лып бөлінеді. Деректерге сүйен­сек, сатып алушылар ара­сында салмағы 10 грамдық құй­маға деген сұраныс жоғары. Жал­пы сатылымның 25 пайызы құйма­ның аталған түріне тиесілі. Тоғыз айдың ішінде дәл осындай 8 701 құйма иесін тапқан.

100 грамдық құйманы алушылар да аз емес. Қаңтар-қыркүйек ара­лығында мұндай өнімнің 7 648-і тұрғындардың қолына өт­кен. Бұл жалпы сатылған құй­малардың 22 пайызына тең. 20 грам­дық құймаға деген сұраныс та кемі­ген емес. Оның сатылымдағы үлесі де 22 пайызды құрап отыр (7 649 құйма сатылған). Сондай-ақ тұрғындар 5 грам­дық 6 414 құйма (19 пайыз) және 50 грамдық 4 276 құйма (12 пайыз) сатып алған.

Тоғыз айда сатылған құй­ма­лардың 55 пайызын Алматы қаласының тұр­ғын­дары иеленген. Сонымен қатар бұл өнімге атыраулықтар (14 пайыз) мен елордалықтардың да (10 пайыз) қызы­ғу­шылығы артып келеді. Ал басқа өңір­лердің жиынтық үлесі – 21 пайыз.

Бас банктің мәліметінше, 2019 жылы жалпы салмағы 470 кило болатын 15 730 алтын құй­ма­сы сатылған. Оның 8 мың құйма­сын (салмағы – 329 кило) банк­тер сатса, 7730-ы (141 кило) айыр­бас­­тау пункт­тері арқылы өткізілген.

1

 

 Құйманы қайдан  алуға болады?

Қазақстан алтын құйма­ларын сату және сатып алу бағдар­ламасын 2017 жылы іске қосты. Сол уақыттан бері жалпы сал­мағы 3,2 кило болатын 119 құй­ма тұрғындардан кері сатып алын­ған. Алтын құймалары инвес­ти­ция­лаудың сенімді құралы сана­лады. Банктер мен айырбас­тау пункттері клиентке дәл сол күні ақша төлей отырып, құй­ма­ларды кері сатып ала алады. Бұл өз кезе­гінде алтын құймалары нары­ғы­ның өтімділігін қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда алтын құй­ма­ларын Halyk bank-тен, Еура­зиялық банктен, Jýsan bank-тен, Банк­центр­кредиттен, сондай-ақ айырбас­тау пункттерінен сатып алуға және оларға кері сатуға болады. Әр­бір құйма қорғаныш эле­­­мент­тері­мен қамтылған. Құй­­­­ма­лар­ды ме­ха­ника­лық за­қым­­­дану­дан қорғайтын және орауы­­­­ның ашыл­ғанын, болмаса ашыл­­мағанын тез анық­тауға мүм­кін­дік беретін арна­йы орама бар. Қор­ғаныш орама­сы құй­ма сапа­сы­ның сертификаты бо­лып та­бы­лады. Сондықтан құй­ма­ны ұқып­ты сақтап, ораманы ашпаған абзал.

Алтын құймасы – ұстаушыға жинақ ретінде сақтау немесе кіріс алу мақса­тында сатып алу және сату операция­ларын жасауға мүмкіндік беретін өтім­ділігі жоғары қаржы құралы. Бұл – таза отандық өнім. Шикізатынан бас­тап соңғы дайындаушыға дейін бәр­і Қазақстанда жасалады.

Ұлттық банк аффинаждалған құй­ма түріндегі алтынды Kazakhmys Smelting ЖШС, «Қаз­цинк» ЖШС және «Тау-Кен Ал­тын» ЖШС секілді жер­гілікті кәсіп­орындардан сатып алады. Бүгін­де «Қазцинк» пен «Тау-Кен Ал­тын» компаниялары London Good Delivery халықаралық стандартына сәйкес келетін тазартылған алтын өндіру­шілер болып саналады.

 

Тарту-таралғыға таптырмас дүние

Қазір алтын құймалар ел ішінде тарту-таралғы ретінде көп қолданылады. Түрлі мерекелер мен мерейтойларға таптырмас сыйлық екен. Сатып алушылар оған құндылығын жоғалтпайтыны үшін қызығады.

Ал кәсіпкерлер мен инвесторлар оны сенімді инвестициялық құрал ретін­де пайдаланады. Яғни бизнес үшін «қор­ғаныш жастығы» бола алады. Ка­пи­тал­дың сенімді сақталуына да жол ашады.

Қарапайым отбасылар бұл өнімді болашаққа арналған жинақ ретінде пайдаланып жүр. Оны кепілдік ретінде де қолдануға болады. Коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар алдындағы міндеттемелерді орындау кезінде кепілдік қыз­метін атқара алады.

Алтын – қандай жағдай болса да құны бір мысқал кемімейтін металл. Өт­кен­ге көз жүгіртсек, жыл өткен са­йын Қазақстандағы алтын нарығының ауқымы кеңейіп келе жатқанын байқай­мыз. Бағасы да құбылмалы болып тұрға­нымен, түптің түбінде бәрібір көтеріледі. Яғни құнсыздану тәуекелі төмен.

Қаржы сарапшылары баға­­лы металды экономиканы сақ­­тан­дырушы құрал деп са­най­­ды. Қымбат металл белгісіздік жағ­да­йын­да тұрған әлемдік эконо­ми­каға қорғаныс активі бола алады. Мә­селен, 2019 жылы АҚШ пен Қы­тай арасындағы «сауда соғы­сы», сондай-ақ Федералды резерв жү­йе­сіндегі (ФРЖ) ақша-не­сие сая­сатының әлсіреуі жағ­дайын­да ал­тын бағамы 60%-ға өскен. Коро­на­вирус пандемиясына қара­­мастан, алтын әлі де өсім көр­сетіп келеді. Бұл ретте Қазақ­стан да ал­тын нары­ғында белсен­ділік танытуда.

1

Инфографикаларды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Бас банкте қанша алтын бар?

Алтын 1970 жылдардан бас­тап әлем бойынша еркін саудалана бастады. Дүние­жү­зілік алтын кеңесінің (World Gold Council) соңғы деректері бо­йынша Қазақ­стан алтын ұстаушы елдер арасында 16-орында тұр. 2020 жылдың 7 тамы­зын­дағы жағдай бойынша Қазақстан Ұлт­тық банкінің алтын қоржыны 382 тон­наға немесе 25 млрд долларға тең. Биыл қар­жылық реттеуші шамамен 60 тонна аффинирленген алтын құймасын сатып алмақ.

2019 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық банктің жинақ қоржынындағы алтынның үлесі 1,9 пайызды құраса, осы жылдың тамызында 4,6 пайызға жеткен. Аталған көрсеткішті 5 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Бүгінде алтынның бір троя ун­ция­­сы 2061,50 долларды құрап отыр. Бұл – бұрын-соңды тіркелмеген баға. 2020 жылдың басынан бері алтын бағасы 36 пайызға өскен.

Дүниежүзілік алтын кеңе­сінің 2020 жылғы бірінші жарты­жылдықтағы мәліметінше, алтынға деген сұраныстың 36 пайызын зергерлік сала иеленіп отыр. Биржада алтын саудалайтын қорлардың үлесі 24 пайызға тең. Монеталар мен өлшеуіш құймалар жасау алтынға деген сұраныстың 17 пайызын иеленсе, 16-сы орталық банктердің еншісінде екен. Өткен жылмен салыстырсақ, көп айырмашылық бар. Ең алдымен зергерлік сала­дағы белсенділіктің төмен­де­генін байқауға болады. Бұған пандемияның әсер еткені анық. Мәсе­лен, былтыр бұл сала ал­тынға деген сұраныстың 49 пайызын құраған болатын.

 

Құнсызданбайтын құрал

Сарапшылар айтқандай, алтын құй­ма­ның өтімділігі жоға­ры және инфляция мен эконо­микалық дағдарыстардан қор­ғайды. Коронадағдарыс қос өкпеден қысқан шақта қазақ­стандықтар тарапынан алтын құймаға деген сұраныс артып келе жатқаны да сондықтан. Ал мұның қаншалықты тиімді екенін отандық сарапшылардан сұрап көрдік.

Қаржы сарапшысы Андрей Чебо­тарев­тың пікірінше, негізгі артық­шылық ретінде алтын құй­малары­ның қарапайым халық­қа қолжетімділігін айту­ға болады. Жоғарыда атап өткені­міздей, оны екінші деңгейлі банктерден немесе айырбастау пункттерінен сатып алуға болады. Ел тұрғындары осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып та отыр.

– 2018 жылы қазақстандықтар 15 мың­нан астам құйманы сатып алды. Былтыр бұл көрсеткіш шамамен 20 пайызға артты. Көрсеткіш өсіп келеді. Бірақ жинақ­тың бәрін алтын құймаға ауыстыру дұрыс емес. Яғни бір бөлігін алтын құйма­мен, бір бө­лі­гін теңгемен, бір бөлігін шетел­дік валю­­тамен сақтаған абзал. Бір бөлі­гін крип­­­то­валютаға да салуға болады. Алай­да крип­товалюта нарығындағы тәуе­кел жоғары. Есесіне көп табысқа кенелуге мүм­кіндік бар. Әрине, кез келген дағда­рыста өз­ге қаржы құралдары секілді алтын құй­ма­лары да құнын жоғалтады. Десе де, олар қалпына тез оралады, – дейді қаржы сарапшысы.

Осы орайда, алтын құймалары Қазақ­станның депозиттерге кепілдік беру қорындағы міндет­ті кепілдік жүйе­сіне жатпайтынын атап өткен жөн.

Экономист Ержан Ибрагимнің айтуынша, инвестициялық құрал ретінде алтынның тиімді және тиімсіз тұстары бар. Тиімдісі – валюта бағамы құбылған сәтте қорғайтыны, ал тиімсізі – оны сатып жіберудің қиындығы көп.

– Ең өтімді инвестиция – валюта. Оны кез келген айырбастау пунктіне барып сатып алуға немесе сатып жіберуге болады. Ал құймаға мұндай ереже жүрмейді. Өйткені оны жылдам сатып жіберу мүмкін емес. Кей жағдайда оны банкке немесе айырбастау пунктіне кері өткізу үшін арнайы комиссия құруға тура келеді. Бұл – бір. Екіншіден, алтын құйманы сақтаудың өзі бір проблема. Қисынға салсақ, оны банк ұяшығында немесе үйде, сейфте сақтау керек. Алайда оның сақталуына ешкім кепілдік бере алмайды. Ұры-қарының қолында кетуі әбден мүмкін. Ол үшін үйдегі сейфтердің күзету жүйесі сенімді болуы керек. Ал банк ұяшығында сақтау үшін қосымша ақша төлеу қажет. Әрине, қаржы ұйымында сақталғаны жақсы. Бірақ мұнда да тәуекел бар екенін ұмытпайық. Мысал ретінде банктердің жабылып қалатынын айтсақ та жеткілікті, – дейді экономист.

Алтын бағасы әрдайым тұрақ­ты әрі бұл металл құндылы­ғын жоғалтпайды. Әлем халық­тары қаржы нарығындағы теңселіс­терден аман өту үшін алтынға ақша салатыны да сондықтан. Бұл үрдістің бізге де жеткені халық­тың қаржылық сауаты­ның арта түскенін білдірсе керек.