Саясат • 16 Қараша, 2013

Сапалы заң шығару – басты міндетіміз

292 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Парламенттің бесінші шақырылымы үшінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы заң шығару ісінде парламентшілер негізгі бес бағытқа баса назар аударуы тиіс екенін атап өтті. Елбасы алға қойған міндеттердің барлығы бірінші кезекте мемлекет пен халық үшін атқарылатын істердің заңнамалық негізін қалыптастыру мақсатын көздейді.

Президент Нұрсұлтан Назар­баев үшінші сессияны ашып тұрып: «Парламентіміз жоғары саяси жауапкершілік режімінде жұмыс істеп, халық өкілі ретіндегі өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Алдағы уақытта да осы қарқыннан таймау қажет. Себебі, біз дамудың ең шешуші сатысы – «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру кезеңіне аяқ бастық. Бұл стратегияның алға қойған не­гізгі мақсаты – әлемдегі ең да­мыған 30 мемлекеттің қатарына кіру. Бұл барша Қазақстан хал­қына, оның ішінде сіздерге айрықша міндеттер жүктейді», деп парламентшілерге үлкен сенім артып, қабылдануға тиісті негізгі заңдарға тоқталып өтті.

Парламент

"Егемен Қазақстанның" арнаулы беті

* Депутат дауысы

Парламенттің бесінші шақырылымы үшінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы заң шығару ісінде парламентшілер негізгі бес бағытқа баса назар аударуы тиіс екенін атап өтті. Елбасы алға қойған міндеттердің барлығы бірінші кезекте мемлекет пен халық үшін атқарылатын істердің заңнамалық негізін қалыптастыру мақсатын көздейді.

Президент Нұрсұлтан Назар­баев үшінші сессияны ашып тұрып: «Парламентіміз жоғары саяси жауапкершілік режімінде жұмыс істеп, халық өкілі ретіндегі өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Алдағы уақытта да осы қарқыннан таймау қажет. Себебі, біз дамудың ең шешуші сатысы – «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру кезеңіне аяқ бастық. Бұл стратегияның алға қойған не­гізгі мақсаты – әлемдегі ең да­мыған 30 мемлекеттің қатарына кіру. Бұл барша Қазақстан хал­қына, оның ішінде сіздерге айрықша міндеттер жүктейді», деп парламентшілерге үлкен сенім артып, қабылдануға тиісті негізгі заңдарға тоқталып өтті.

Осы парламенттік сессия барысында Үкіметтен бірқатар кодекстердің жобалары және көп­теген заң жобалары келіп түседі. Соның барлығын толыққанды талқылап, сапалы заң шығару жолында еңбек ету – негізгі жұмысымыз. Қазақстан экономикасын тұрақты ұстауда, заңмен жұмыс істеуде ілгері кетіп бара жатырмыз деп ойлаймын. Сондықтан қоғамдық дамуды алға бастыратын және халыққа аса қажетті заңдар қабылдануы тиіс.

Парламентте «2014-2016 ­жыл­­дар­ға арналған респуб­ликалық бюд­жет туралы» заң жо­басы­ қы­зу талқыланды. Мә­жіліс Төр­­ағасы Н.Нығматулин әріп­тес­теріне біздің міндетіміз рес­публикалық бюджетті бекіту­мен шектелмей, әрбір бағдар­ла­маның тиімді орындалуына мән беруіміз қажет екенін айтқан еді. Өйткені, Есеп комитетінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы 55 млрд. теңге көлемінде қаражат игерілмей қалды. Сондықтан бюджет жобасын қараған кезде осы мәселелерге де баса назар аударылды. Биыл бюджет жоспарын қарауда жаңа тәсіл енгізілді. Палата жетекшісінің тапсырмасы бойынша Мәжілістің әрбір комитеті өз саласына қатысты бюджеттік бағдарламаларды мұқият зерделеді. Мысалы, ауыл шаруашылығына бағытталатын қаржы шығыстары Аграрлық мәселелер комитетінде жан-жақты талқылаудан өтті. Өзім осы комитеттің мүшесімін.

Қазіргі уақытта Қазақстанда мақта саласы өз деңгейінде дамып кете алмай отыр. Оның бір­неше себептері бар. Соның бірі – мақта саласын дамыту туралы қолданыстағы заңнаманың жетілдірілмеуі. Осы орайда, депутаттар Розақұл Халмұрадов, Айқын Қоңыров және осы жол­дардың авторы үшеуміз жаңа заң жобасын әзірледік. Біз бастамашылық жасаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жуырда Мәжілістің қарауына енгізіледі.

Көп жағдайда мақта мен бидай бірдей бағаланып жатады. Әр өнімнің өзіндік ерекшелігі бар. Сонымен қатар, мақта оңтүстік өңірде ғана өндіріледі. Қазақстанның мақта саласындағы атын шығарып отырған Мақта­арал ауданы. Халықта мақтаны «ақ алтын» деп бекерге айтпайды. Алайда, осы байлығымызды дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Мақтаның бағасына, мақ­та қолхаттарын енгізуге, сон­дай-ақ мақта өңдейтін өнді­ріс орындарының құрал-жабдық­та­рына қатысты шешуді қажет етіп тұрған көптеген мәселелер бар.

Мақтаарал ауданының тұр­ғын­дары депутаттармен өткізген кездесулерде мақта мәселесін жиі көтереді. Мақта жинау әлемдегі ең ауыр еңбек түрінің бірі екені анық. Ал соған лайықты табыс ала алмаса, күні-түні ауыр жұмыста жүрген адамдардың еңбегінің еш болғаны емес пе? Мақта шаруашылығымен айналысатындардың алған жер учаскелері де әртүрлі. Біреудің бір-екі гектар ғана жері бар. Ол екі гектар жерімен қалай несие алады? Соған орай біз ұсынған заң жобасында ұсақ шаруашылықтарды бір қауымдастыққа біріктіру мә­селесі де қозғалады. Бұл өз қа­лауымен баламалы түрде болмақ. Жеке болып қала беруіне де, бір орталыққа бірігуіне де болады.

Бүгінгі таңда мақта саласы­на нақты қолдау қажет. Сондықтан заң жобасында Қазақстанның мақта саласын мемлекеттік қол­дау жөніндегі бірқатар жүйелі шараларды заңнамалық деңгейде бекітіп беру ұсынылады. Атап­ айтқанда, мақта рыногын­ қа­лып­тастыру және реттеу,­ оның инфрақұрылымын да­мы­ту, мақ­та рыногына қатысушыларды мемлекеттік қолдау, ішкі және­ сыртқы рыноктарда мақта­ рыногына қазақстандық қаты­су­шылардың экономикалық мүд­делерін қорғау, мақта саласында ғылым мен инновациялық қыз­метті дамыту бекітіледі. Заң жобасында, сондай-ақ, мақта саласын дамытудың арнайы салалық бағдарламаларын қабылдау ұсы­нылады, онда мақта саласын­ да­мыту мен мақта рыногын рет­теу­дің орта мерзімді кезеңге арналған мақсаттары мен негізгі бағыттары, мақта саласын дамытудың негізгі көрсеткіштері мен болжамы, көзделіп отырған іс-шараларды қамтамасыз ету және іске асыру тетіктері айқындалған.

Мемлекет басшысының 2010 жылғы 19 наурыздағы Жарлы­ғы­мен бекітілген Қазақстан Рес­публикасын үдемелі индус­трия­лық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жыл­дар­ға арналған мемлекеттік бағ­дарламаның ережелерін іске асы­ру мақсатында заң жобасымен мақта өңдеу ұйымдары үшін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға салынатын тыйымдарды алып тастау көзделеді. Аталған түзетулерді қабылдау мақта өңдеу ұйымдарына кәсіпкерлік қызметпен айналысу бойынша барлық шектеулерді алып тастауға, кредиттік ұйымдарға өз мүлкін кепілге бере отырып, шитті мақтаны ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден сатып алуды жүзеге асыруға қатысуына, сондай-ақ шитті мақтаны өсіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді фьючерлік келісімшарттар жасасу арқылы қаржыландыруды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Бір сөзбен айтқанда, басталған парламенттік сессияның жүгі ауыр, жұмысы жауапты болмақ.

Ұласбек СӘДІБЕКОВ,

Мәжіліс депутаты,

«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі.

* Парламентші пайымы

Міндеттерге жауапкершілікпен қарайық

Елбасының бес бағыт бойынша берген тапсырмаларының маңызы өте жоғары. Бұл тапсырмалар өмірмен ұштасып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында ерекше рөл атқаратын болады. Сол алға қойған міндеттерге ерекше тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын.

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге қатысты 2014 жылы заңдық құжаттарды қабылдау қажеттігін Елбасы баса айтты. Бұл – дүние жүзіне мемлекетіміздің кеңінен танылуына және де Қазақстан экономикасының дамуына үлкен себепші болатын жоба. Әсіресе, энергетика саласында көптеген өзгерістер жүзеге асырылады деп күтілуде. Бірқатар жаңа технологиялар өмірімізге кіріге бастайды. Президент сессияны ашардағы сөзінде дағдарыс мәселесін де айналып өтпеді. Дағдарыс әлі біте қойған жоқ, алда не күтіп тұрғанын болжап айтудың өзі қиын. Оның үстіне Еуропа мен АҚШ-тың өзі жағдайды әлі толық болжай алмай отыр, сондықтан бәріне дайын болуымыз қажет.

Елбасының қатысуымен үш­жыл­­дық бюджет жобасы қара­лып, ол күні кеше Мәжілісте мақұл­дан­ды. Үшжылдық бюджетті бір­ден қабылдау – өте күрделі де қиын шаруа. Жергілікті жерлерде әлі де шешімін күткен мәсе­ле­лер көп. Сол бюджет жобасын талқылаған кезде жергілікті жер­лер­дің мәселесі де жан-жақты қарас­тырылса деген ойым бар. Оң­түстік Қазақстан облысында тұр­ғындарының көптігіне байланысты әлеуметтік нысандар әлі де жетіспейді. Үш ауысымда оқып жүрген оқушылар да жетерлік. Бала­бақша жетіспеушілігі айқын сезіледі.

Туризмді дамыту кенжелеп қалып отыр. Оны дамытуға Оңтүстік өңірде мүмкіншіліктер жетерлік. Бұрыннан келе жатқан тарихи нысандар көп. Оңтүстік Қазақстан облысының тау шатқалдарында осыдан жиырма жылдай бұрын шаңғы тебу базасын салу туралы мәселе көтерілген-ді. Жергілікті әкімдік бұл мәселені қолдайтынын да анық байқатып жүр. Тіпті осы мәселе бойынша Шымкентке сенаторлардың арнайы тобы барып қайтты. Барлық мүмкіндік бар, инвесторлар да әзір отыр. Бірақ ең әуелі инженерлік желі тарту керек екен. Әрине, оған республикалық бюджет қаржысы қажет екені де түсінікті.

Әлі шешімін таппай келе жатқан заң жобаларының ішіндегі «сақалдысы» – ардагерлерге байланысты заң жобасы. Жер-жерге халықпен кездесуге барған кезде ардагерлер осы мәселені алдымызға тосады. Соғысқа қатысқан ардагерлеріміздің өзі азайып бара жатыр. Өкінішке қарай, аталған заңдық құжаттың қашан қабылданатыны әлі де белгісіз болып тұр. Үкімет оны бірнеше рет Парламент қарауына алып келгенімен, артынан қайтарып алады. Бұл мәселе өз шешімін тапса дұрыс болар еді.

Орынбай РАХМАНБЕРДИЕВ,

Сенат депутаты.

* Тұрақты комитеттер тынысы

Бала қабілетін ерте жастан дамыту – өзекті мәселе

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның жетекшілігінде кезекті комитет отырысы болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.

Алғашқы болып комитет мүшелеріне депутаттардың бас­тамасымен әзірленіп жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықаралық шарттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын палатаның Халықаралық қа­тынастар, қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев таныс­тырды.

Комитет отырысында еліміздегі мектепке дейінгі білім беруді дамыту мәселесі өте тартысты талқыланды. Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева мә­жілісмендерді саланың бүгінгі жай-күйінен хабардар етті.

Мемлекет басшысының ті­ке­лей тапсырмасымен жұмыс іс­теп жатқан «Балапан» бағдарлама­сы­ның негізгі мақсаты – балалар­дың мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылуын өсіру. Бағдарлама аз уақытта мектепке дейінгі ұйымдар желісін 4568-ден 8729 бірлікке дейін өсірді. Олар 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 48 пайызын қамтиды. Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 35 пайызға өсіп отыр. Сондай-ақ, бағдарлама аясында 190 мың жұмыс орны ашылды.

Бағдарламаны ойдағыдай іске асыру үшін нормативтік-құқықтық құжаттарды жетілдіру бойынша көптеген жұмыстар жүргізілді.

Бүгінгі аса жауапты және күрделі міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінің мазмұнын жаңа негізде құру. Жаңа стандарттардың ерекшелігі мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын дене, жеке бас, зияткерлік қасиеттерді ұлттық құндылықтар негізінде дамытуға бағытталған «Денсаулық», «Қа­тынас», «Таным», «Шығар­ма­шылық», «Әлеумет» бес білім беру саласы арқылы қамтамасыз ету болып табылады.

Елімізде балабақша жанынан ашылған ата-аналарға ке­ңес берудің 1106 пункті жұ­мыс істейді. Оның штатында әлеу­мет­тік педагог, психолог, логопед, медициналық қызметкер, дефектолог және басқа мамандар бар.

Баланы ерте жастан дамытудың өзектілігінің бір ғана мақсаты – балаға терең ойлы, дене бітімі мықты, зерек және мейірімді болатындай білім беру. Қазіргі таңда мектепке дейінгі ұйымдарда 60 422 педагог жұмыс істейді.

* Талап және тәртіп

Мас жүргізуші – бірден-бір қылмыскер

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде депутат Рамазан Сәрпековтің жетекшілігімен «Жол жүрісі туралы» заң жобасы мен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары екінші оқылымға әзірленді, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Құжат бойынша Әкімшілік полициясының төрағасы Игорь Лепеха депутаттарға баяндап берді.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі депутат Рамазан Сәрпеков былай деп өз ойын ортаға салды:

– Біраздан бері Мәжіліс қарауында жол қауіпсіздігі туралы заң жобасы қаралып жатыр. Соған қосымша жол қауіпсіздігіне қатысты ережелерді бұзған адамдарды жауапкершілікке тартатын екінші заң жобасы да келіп түсті. Біраз күн болды, еліміздің Ішкі істер министрлігінде Әкімшілік полициясы мен Жол полициясы біріктіріліп, олардың тек қана жол полициясы емес, басқа да қызметкерлері осы қызметті, функцияны атқаратындай мәселе болған соң бүгінгі жұмыс тобына сол комитеттердің қызметкерлерін шақырдық. Алдағы уақытта «талқылап отырған заң жобасы аясында осы мәселені шеше аламыз ба?» деп жиналып отырмыз.

Депутат келесі кезекте жақында ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында дәл осы үлкен апаттарға әкеліп отырған мәселелерді Елбасы қатты ренішпен айтқанын қаперге салды. « Президент Ішкі істер министрін, Көлік және коммуникация министрін тұрғызып қойып, осы мәселені шешуге назар аудартты, – деді Р.Сәрпеков әрі қарай. – Біз қазір мемлекет адамның өмірін сақтап қалуға барлық жағдайды жасап отырған уақытта бүгінгі күні жол апатынан қаза тапқан адамдардың саны жоғары көрсеткіште тұр. Мысалы, биылғы жылдың 9 айының ішінде өлім саны былтырғы 2174 адам өлімінен асып кетті. Бүгін не істеуіміз керек? Осындай сұмдықты елге не деп айтамыз. Бұл ұят нәрсе! Уәкілетті органдармен бірлесе отырып, Елбасы айтқан тапсырманы қабылдап жатқан заң жобасына енгізсек дейміз. Себебі, мас күйінде көлік жүргізген адам бірден-бір қылмыскер екенін, қасақана қылмыс жасаған адам екенін Мемлекет басшысы атап көрсетті. Егер қолданыстағы заң нормалары жеткіліксіз болса, оны күшейтуіміз керек, оған ең қатал шара қолдануымыз керек. Біз оны қолдап отырмыз. Уәкілетті органдар да келісіп отыр. Кеше ғана Мәжіліс қоржынына жаңа редакциядағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жобасы келіп түсті. Соның ішінде де соларды қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін қарамақпыз. Заңнамалық тұрғыдан қандай норма қажет екенін Парламент тарапынан бекітіп бермекпіз. Ендігісі осыған мүдделі мемлекеттік органдар өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, жазып берген заңдарды орындаса деген өтініш».

* Көбеймесек, көсегеміз көгермес

Ертеңімізді бүгіннен ойламасақ, кеш қаламыз

Үкімет демографиялық жағдайды жақсарту бағытында кешенді бағдарлама жасауы қажет

Адам ресурсы ең бас­ты құндылық. Елбасы­ның «Қазақстан-2030», «Қазақ­стан-2050» стратегиялық бағдар­ла­маларында еліміздегі демографиялық өсімді және азаматтарымызды жан-жақты әлеуметтік қамсыздандыру туралы нақты мақсаттар көзделген. Алайда, бүгінгі күні қолданыста ешқандай демографиялық даму бағдарламасы жоқ екендігін жасырмауымыз керек.

Статистикалық мәліметтерге жү­гін­сек, соңғы он жылда демогра­фия­лық жағдай оң өріс алып отыр­ғандығын байқауға болады. Халық саны 2 миллионға жуық өсіп, ту­ған балалар мен қайтыс болған азаматтардың санының қатынас динамикасы жақсаруда. Дегенмен, кейбір көрші елдермен салыстырмалы түрде алсақ, демографиялық ахуалымыз аса қуанарлық жағдайда емес. Халық саны тек қазір ғана кеңес заманындағы деңгейге жетіп отыр.

Елімізде жасы 25-тен жоғары отбасын құрмаған азаматтарымыздың саны – 3 миллионға жуық. Адам өміріндегі басты құндылық – шаңырақ көтеріп, отбасын құру, ұрпақ өрбіту. Қазіргі таңда жас­тарымыз, алдымен жеке бастың қажеттілігін бірінші кезекке қояды. Бұл да заңдылық. Өйткені, отбасын құру үшін алдымен баспана мәселесін шешіп алу қажет.

Бүгінде демографиялық проблемаға тап болып отырған әлемдегі көптеген мемлекеттер, мысалы, Ресей Федерациясы жас­тар үшін түрлі ынталандыру жұмыстары арқылы жеңілдіктер қарастырып, демографиялық өсімді қамтамасыз ету мақсатында заңдарына өзгерістер енгізіп, осы маңызды мәселені күн тәртібінен түсірмей келеді.

Бұл ретте Парламент Мәжі­лісіндегі «Ақ жол» партиясының фракциясы демографиялық өсімді ынталандыру және жас­тар арасындағы басты мәселені шешу құралы ретінде бала тууға байланыс­ты ипотекалық несиеге мемлекеттік субсидия жасау қажет деп есептейді: бірінші баланы туған кезде – несие сомасының 30%-ы мөлшерінде; екінші баланы туған кезде – несие сомасының 50%-ы мөлшерінде; үшінші баланы туған кезде – несие сомасының 80%-ы мөлшерінде. Ал төртінші баланы туған кезде мемлекетпен ипотекалық несиені толық жабу мүмкіндігін қарастыруды сұрап отырмыз.

Қысқасы, еліміздегі демография­лық жағдайды реттейтін арнайы мемлекеттік жоспар-жоба жоқтықтан, осы бағыттағы мәселелерді кешен­ді түрде шешу үшін қазіргі заман талаптарына жауап бере алатын демографиялық даму бағдарламасын қабылдау қажет деп санаймыз.

Алмас ТҰРТАЕВ,

Мәжіліс депутаты.

Өңірді дамыту келешегіне арналды

Жезқазған қаласында «Жезқазған-Ұлытау өңірін дамыту перспективалары: мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және бизнес қауымдастықтардың бастамалары» көшпелі ғылыми-тәжірибелік конференциясы болып өтті. Шараны Парламент Мәжілісінің депутаты, Парламент Мәжілісінің «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңестің төрайымы Гүлнар Сейітмағанбетова ашып, жүргізіп отырды.

Өңірлік даму министрлігі өңіраралық ынтымақтастық және экономикалық аудандастыру департаментінің директоры Ардақ Досанов 2012-2020 жылдары шағын қалаларды дамыту жөнінде баяндама жасап, Жезқазған-Ұлытау өңірінің минералды-шикізат базасын дамыту туралы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Ақбатыр Надырбаев әңгімелеп берді. Бұдан бөлек, Қазақстанда ғылым мен мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту мәселелері, Жезқазған-Ұлытау өңірінің вольфрам рудасын өндіруді дамыту мен болашақтың кен орындарында табиғи және техногендік шикізатты қайта өңдеу перспективалары қаралды.

Конференция бағдарламасына, сондай-ақ шағын және орта бизнес сегменті перспективалары тұрғысынан Жезқазған өңірін экономикалық дамыту мәселелері, «Жәйрем тау-кен байыту комбинатын» жақын болашақта дамыту жоспары мен басқа да көптеген мәселелер енгізілді.

Конференцияда айтылған материалдар өңірді дамытуда іске асырылатын мемлекеттік бағдарламалар, геологиялық барлау саласында жүргізілетін жұмыс перспективалары, ашылатын жұмыс орындары, мемлекеттік құрылымдар мен инвесторлардың өзара іс-қимылын жақсарту жөнінде ғылым мен бизнес өкілдерінің ұсыныстарын қарастыру туралы Қарағанды облысы жұртшылығын ақпараттандыруға жолданды.

Сонымен қатар, конференцияда өңірдегі экология, ауыз судың сапасы, инженерлік желілер, жолдар мен нысандардың тозғандығы, пайдалы қазбаларды өңдеу, өндіру және қайта өңдеу, жаңа өндірістерді ашу секілді түйткілді мәселелер талқыланды.

Конференцияға Парламент Мәжілісінің депутаттары С.Қанаев, М.Айсина, А.Бекенов, А.Қожахметов, А.Смайыл, Ш.Мырзахметов, А.Базарбаев, А.Бегенеев, «Нұр Отан» ХДП Фракциясының мүшелері, «Нұр Отан» партиясы фракциясының басшылығы, облыстың жергілікті атқару және өкілетті органдарының басшылары, мемлекеттік құрылымдардың, ғылым және бизнес-қауымының, кәсіпкерлердің өкілдері қатысты.

Шара соңында тақырыптық пікірсайыс өтіп, онда конференцияға қорытынды жасалды.

«Егемен-ақпарат».

 

Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.

Соңғы жаңалықтар