Аймақтар • 21 Қазан, 2020

Шағын ауданның мәселесі шаш-етектен

1165 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Баланың лего құрастырғанындай Өскеменнің 19-шағын ауданына көпқабатты үйлерді бірінен соң бірін салып-ақ жатыр. Алыстан қарасаңыз, сәулетіне көз тояды. Ал сапасы талайды сан соқтырған.

Шағын ауданның мәселесі шаш-етектен

Сапасыз үй, көңілсіз күй

19-шағын аудан. Қабыр­ғасы қопсыған қызылды-жасыл­ды үйлер. Маңайында сатыр-гүтір құрылыс. Ерсілі-қарсы­лы ағылған ауыр техника. Күз­дің толассыз жаң­бырында толар­сақтан батпақ кешіп, мектепті бетке алған оқу­шылар, төбесінен су тамшылап, жарығы жалп-жалп өшіп қалатын үйлердің наразы тұрғындары. Болашағы жарқын деген ауданның бүгінгі жай-жапсары осы. Ертеңі қалай болмақ? Оны уақыт көрсетер...

«Есенберлиннің үйлері» десе, өскемендіктер тұмсық­тарын тыжырайта салады қазір. Рас, Есенберлин даңғы­лын­дағы үйлердің сапасы сын көтермейді. Жаңбырлы күн­дері төбелерін қойып, қа­бырғаларынан сорғалаған тамшы жертөленің ішін көл-жайсаң етеді.

Мысалы, сыртқы қабырғасы қотыр тайдың жонындай ала-құла І.Есенберлин даңғы­лын­дағы №2/2 үйдің қолданысқа берілгеніне үш жылдан асты. Жаңбырлы күндері қабыр­ға­сынан ішке су кіреді, су кірген жерден жел өтпей қойсын ба?! Кіреберісіне төселген жылтыр кафельдері қопсып түсіп жатыр. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін салынуы тиіс пандус қайда? Бұл үйдің мәселесін шешеміз деп келмеген басшы жоқ, жазбаған журналист қалмады. Алғашында қала әкімі де бас көрсеткен. Нәтиже шамалы. Құр уәдеге әбден зәрезап болған тұрғындар да жергілікті биліктен күдер үзгенге ұқсайды. Кейбіреуі «мәселені айтсам, басшылар артыма шам алып түседі» деп бар проблеманы айтудан да бас тартты. Алайда үйді жамап-жасқауға өздері кіріскен.

– Бәленбай жылға несиеге кіріп ал­ған үйіміздің түрі осы. Қолда ақша болмаған соң шертіп жүріп ала алма­дық. Сөйтсек бұл үйлер «құдағи кеткен­­ше» әдісімен салынған екен ғой. Тере­зе­леріне дейін сапасыз. Үйдің ішінен аңырап жел соғып тұрған соң тұр­ғын­дар өздері жөндеп жүр. Жөндеп жүріп қабырғалардың арасы мүлдем жылыланбағанын көрдік. Үйдің сапасына көңіліміз толмайды, – дейді Есенберлин даңғылы №2/2 үйдің тұрғыны Қарлыға Сафина.

Бұл үйдің ауласындағы балалардың ойын алаңы да аяқсыз қалған. Бөлінген қаржының қайда кеткені белгісіз. Темір-терсектері шодырайып-шодырайып жатыр. Жері қиыршық тас. І.Есенберлин көшесіндегі №6/2 үйдің ойын алаңы да дәл осындай күйде.

– Тұрғындардың дені жастар. Бала­лары кішкентай. Ойнайтын орын таппаған соң маңайдағы қазылған шұң­қырларды қызықтап, үйінді топы­раққа шығып кетеді. Көрші аулада футбол алаңы бар. Бірақ аяғын апыл-тапыл басып жүрген балаларға қауіпсіз ойын алаңы болса, – дейді аталған үйдің тұрғыны Айнұр Мұқұшева.

Тұрғындардың арыз-тілегін алға тартып, үйді салған «ВК Техногрупп» ЖШС-не хабарласқанымызда кеткен кемшіліктің орны толатынын айтты.

– Үйдің сырты қапталады. Бірақ қашан екенін айта алмаймыз. Жоба дайын. Қазір экспертизада жатыр. Тексеруден өткен соң уақыты белгілі болады. Ал подъездің кіреберісіндегі кафельдерді алып, тротуар плиткасын төсейміз. Бұл жұмыс қазан айының соңына дейін аяқталады, – деді жоба менеджері Дәурен Дюсупов.

 

Алаңсыз аула – алаңсыз бала

Тізе берсек, 19-шағын ауданға қатысты мәселе көп. Көкжал Барақ 4, Әл-Фараби 38/2, Қазыбек би 46, Уәлиев 9/3 мекенжайларындағы көпқа­батты үйлердің тұрғындары да жаңа бас­паналарының сапасыздығына ша­ғым­данып, бармаған жерлері, аш­паған есіктері қалмаған. Олардың да пәтер­лерінің төбесінен су ағып, қабырғалары дым­қылданып кеткен. Соның кесірінен сылақтары қопарылып жатыр. Мердігер мекемелер болса, бұл олқылықтарды жөндеуге құлықсыз. Өйткені кейбір үй­дің кепілдік мерзімі аяқталған, енді бірінің құрылысын жүргізген мерді­гер мекеме тарап кеткен. Амалсыз тұр­ғындар өз қаражаттарын жұмсап жүр енді. Бірақ бұл әрекетпен шала істелген жұмыстарды аяқтап шыға алмасы анық.

Көкжал барақ көшесі 4 және 4/2 мекенжайларындағы бес қабатты жасыл үйлердің жайына тоқталар болсақ, бұл екі үйді «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ салған екен.

– 2017 жылдың қараша айында 50 де 50 шартымен 20 жылға несиеге алдық. Біздің ең үлкен проблемамыз – автобус аялдамасы. Көкжал Барақ көшесіндегі және Есенберлин даңғылындағы аялдамалар тым алыс. Үйіміздің артынан Көкжал Барақ пен Есенберлинді қосатын жол түседі деген, бірақ салынбады. Аялдамаға батпақ кешіп барып жүрміз, – дейді тұрғын Гүлжан Сәткенқызы.

Айтса айтқандай. «Қойшының қызы қой келгенде іс тігеді» демекші, әбден күзде жаңбырдың суы кететін кәріздер мен дренажды суағарлар жасауды бастаған. Содан 19-шағын ауданның ойраны шықты. Жаздың құрғақ күнінде неге тындырмады екен бұл шаруаны?

Тұрғындардың айтуынша, бұл шағын ауданда алдымен асфальт төселеді, содан соң асфальтты қазып, астынан су құбырларын жүргізетін көрінеді. Оның үстіне қазылған шұңқырлардың жан-жағына қауіпті ескертіп тұратындай ленталар да тартылмайды. Құдай сақтасын, ертең біреу құлап мертіксе, басшылар бір-біріне сілтейтін шығар. Әдетте солай емес пе?!

 – Айналамыз астаң-кестең. Балалар ойнайтын алаң да көңілден шықпайды. Талайы құлап, бет-ауыздарын жаралады. Ақша жинап, балалар алаңындағы шұң­қырға топырақ төккізіп, өзіміз тегіс­тедік. Төртінші үйдегі пәтерлер негі­­зінен әлеуметтік жағынан аз қам­тыл­ған отбасыларға берілген. Бір үйде бес-алты баладан бар, мүгедектер де жоқ емес. Олардың да ойнайтын жер­лері жоқ. Әрине балалар алаң жоқ деп алаң­дамайды, басқа аулаларға кетіп қалады, – деген Гүлжан Сәткенқызы қолайсыз қалада тұрып жатқандарын айтты.

 

Жертөлесі суға толы тұрғын үй

Жалпы, 19-шағын ауданның тұрған жері ылғал, саздауыт. Соның өзін­де қамыс­ты күреп тастап құрылыс жүр­гізі­ліп жатыр. Сондықтан да шығар кей­бір үйлердің астынан су шығып кете­ді. Көкжал Барақ 4/2 мекен­жайын­дағы бес қабатты үйдің жертө­лесін­дегі су қызыла­сық­тан келеді. Тұрғындар оны сорғымен сыртқа шығартқанымен, нәтижесіз. Содан үйлері дымданып кеткен. Жер астымен келіп жатқан электр желілеріне су тиіп, жарық сөне берген соң пәтер иелері өздері амалдап, көрші ауладан тікелей тартып қойған. Бұдан басқа жол мәселесі де тұрғындарға қолайсыздық туындатып тұр.

– Аялдама бізге де алыс. Төрт жыл бұ­­рын Көкжал Барақ көшесіне дейін құ­ры­лыс­­шылар қиыршық тас төгіп берген. Енді жанымыздан жаңа құрылыс баста­лып, ауыр жүк көліктері жолды езіп тас­тады. Жүруіміз мұң. Қыстай жолды қар бас­ып қалады. Осының бәрі о баста неге ес­­ке­ріл­меген? – дейді Евгения Про­ко­пьева.

19-шағын аудандағы құрылыс аяқтал­май жатып, алдыңғы салынған үйлердің қа­быр­ғасы қақырап кеткен. Жолдың жа­йы ол, жедел жәрдем мен такси жүргізу­ші­­лері қатынауға қина­лады. Айтылған мә­се­ленің барлы­ғын жер­гілікті билік өкіл­дері рет-ретімен шешеміз деп сендірді.

– Барлық мәселе қала басшылы­ғы­ның на­зарында. Бүгін-ертең болмаса да, мә­селе туындап отырған тұрғын үйдің қас­­бе­ті қапталады. Ал дренаж салу жұ­мыс­тары қарашаға дейін аяқталады. Қа­зыл­­ған жерлерді қайта қалпына келті­реді. Аялдамаға дейінгі жолға да тас төсе­ліп, алдағы уақытта асфальтталады, – деді қала әкімінің кеңесшісі Әлібек Тұрсымбетов.

Көкжал Барақ Барақ 4/2 мекен­жайын­дағы үйдің жертө­лесіне толып кеткен суды да назар­ларына алатынын жеткізді. Әкім кеңес­шісінің айтуын­ша, кеткен кемшіліктер қайта­ланбауы үшін кейінгі салынған үйлер­дің сыртын арнайы материалдармен қап­тап жатқан көрінеді. Дұрыс-ақ, сан­мен қатар сапаны да естен шығар­маған­дары жөн. Сонда ғана 19-шағын аудан­дағы ойран жерлер оңалатын болады.

 

Осы беттің оспағы

Көпқабатты тұрғын үй құлап, комиссия мүшелері кінәліні іздеген екен. Содан кірпішке барып:

– Үйдің құлауына сен себеп болдың, – десе,

– Мен емес, оған кінәлі цемент, – депті.

Бұрышта сүйеулі тұрған цемент мұны естіп;

– Құрылысқа менің мүлдем қатысым жоқ, – деген екен.

 

Өскемен