Қоғам • 21 Қазан, 2020

Жол салып беруді сұрайды

967 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Композитор Ілия Жақановтың «Жайлаукөл кештері» әнін білмейтін қазақ жоқ шығар. Тамылжыған табиғаттың ғажап көрінісі нәзік лиризммен өрілген әуен көптің көңіліне жол тапты. Әйгілі күйші Ықылас Дүкенұлының ұрпағы Құлыншақтың шаңырағында 1971 жылы дүниеге келген ән барша қазақ даласын жарты ғасырға жуық уақыт бойы өзіндік әлемінде тербетіп келеді.

Жол салып беруді сұрайды

 

Кезінде осы Жайлаукөл аулын­да құрылыс жұмыстарын жүр­гізу мақсатында жастар күші көптеп тартылған. Сол бір дәуір­дің куәгерлерінің айтуынша, әнде сурет­телетін ғажап көріністі көзі­мен көру үшін көп студент­тер Жайлаукөл ауылына жұмыс­қа баруға жазылған екен. Тіпті кей­бір кісілер кезінде шалғай ауылға құрылысқа барып, маса, сонаға таланып қайтқандарын әлі күнге дейін керемет естелік қылып айтып жүреді.

Жайлаукөл бүгінде Сарысу ауданының Қамқалы ауылдық округіне қарасты шағын елді мекен. Өзіндік тіршілігі, табиғаты қалыптасқан ауыл. Аудан орталығы Жаңатас қаласынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұдан бөлек, аталған округтің құрамына Шы­ға­нақ елді мекені де кіреді. Жай­­лаукөл алғаш кеңшар ретінде 1954 жылы мал шаруашылығын дамыту мақсатында құрылған екен. Кезінде осы Жайлаукөл, Шығанақ ауыл­дарында асыл тұқымды қара­көл қойлары өсірілген. Мұны жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін айтып отырады. Ал қазіргі кезде ауылдық округ дәрежесі бар Қамқалы және Шығанақ ауылдары 1963 жылы осы Жайлаукөлден бөлініп шығыпты. Көпшілік Жай­лаукөл ауылы туралы әлі де жыр қылып айтады. Атақты «Жай­лаукөл кештері» әні бәрібір көптің көңілін сонда бұрып, тылсымына тартып тұрады. Тіпті кейбір аға буын өкілдері сол ауылда құ­ры­лыс жұмыстарымен өткен санау­лы сәттерін сағынып еске алады. Мұндайда кімнің де болсын сол ауылды көруге, тіршілігімен танысуға ынтық болатыны сөзсіз. «Мың естігеннен бір көрген артық» дегендей, біз де журналистік сапармен Жайлаукөл ауылына жолға шықтық. Бетпақтың ұлы да­ласымен шектесетін қиыр­да­ғы ауылға қиялай тарттық. Шы­­нын­да да, облыс түгілі, аудан орталығынан шалғай жатқан ауыл­дың ең басты мәселесі жол екен. Мәселен, жол-жөнекей Тоғызкент, Досбол ауылдық округ­тері бар. Бірақ Жаңатас қала­сынан аталған ауылдарға дейін­гі жолды бірқалыпты десе де болады. Әңгіме Досбол аулы біткен соң басталады. Содан жер­гілікті жұрт «жалдың іші» деп атап кеткен асфальтсыз, құмды жол ұзаққа созылады. Бәлкім, жол деп айтуға да келмейтін шығар. Ары-бері жүріп өткен көліктердің шиырлап тастаған ізіне ұқсайды. Аудан орталығында шаруасы бар тұрғындар әлгі 200 шақырым жолды 4-5 сағат жүруге мәжбүр. Жайлаукөлге барғанымызда да ауыл тұрғындары әуелі осы жол мәселесін жеткізді.

1

Негізінен екі аралықтағы жол облыстық маңызы бар жолдарға жатады екен. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Жайлаукөл кеңшар болып құрылғалы бері «жалдың ішіне» асфальт жол салынбапты. Ал былтыр Қамқалы мен Жай­лаукөл арасына салынған жол сапасыз болып шыққан. Оның үстіне, Қамқалы ауылындағы тұз өндіретін кәсіпорыннан шикізат таситын ауыр жүк көліктері сол асфальт жолды тағы бүлдіріп жатыр.

«Ауылдың сыртында «Жайлау­көл» деген көл бар. Ертеден ауыл да Жайлаукөл деп аталып кеткен. Мен 1979-1994 жылдар аралы­ғында жол құрылысында жұмыс істедім. Жаңатастан ауылға келетін жолдағы «жалдың іші» өмірі жөн­деу көрмеген. Кейбір жолдар кезін­де мұнайдың қалдығынан жасал­ған. Ол да сапасыз. Кезінде бұл ауылда қонақүй, дәріхана, мон­шаға дейін болған. Кеңшар 1998 жылы тараған кезде, ол да келмес­ке кетті. Әйтпесе ауыл қандай кере­мет еді. Жаңатасқа баратын жол­дан бөлек, ауыл ішіне де жол керек. Қазір көше жел суырған құмнан аяқ алып жүргісіз», дейді Жайлаукөл ауылының тұрғыны Жәкен Рүстемұлы.

Жалпы, қазіргі кезде аталған ауылда 74 үй бар. Кезінде мұнда 400-ге жуық үй болған. Бірақ тоқы­рау жылдары ел ауылдан үдере көшіп кетіп, бүгінде қалған адамдар өзінің тіршілігін істеп күнелтіп отыр. Жергілікті жұртшылықтың негізгі жанайқайы осы – жол мәсе­лесі. Олар облыс басшылығы бұл мәселеге назар аударып, шешіп берсе екен дейді. Әйтпесе көпшілік аудан орталығының өзіне ары-бері қатынау қиындық тудыратынын айтып дабыл қағуда. Ал күн суытып, қар жауған кезде екі ортада байланыс мүлде үзіледі екен. Ауыл Арқа даласына жақын болғандықтан, бұл жақтағы қыс мезгілі де бөлек. Қыстың көзі қырауда басы ауырып, балтыры сыздаған адамды Жаңатас қала­сына жеткізудің өзі мұң. Қатар жатқан Қамқалы, Шығанақ, Жай­лау­көл ауылдарында да қазіргі кезде фельдшерлік-акушерлік пункт болғанымен, дәрігерлер жоқ. Науқастардың жатып, емделуіне жағдай қарастырылмаған. Бір жақсысы, ауылда жедел жәрдем көлігі бар екен. Ал Жайлаукөлде – 3, Қамқалы және Шығанақта бір-бір мейірбикеден ғана жұмыс істейді.

Бүгінде жалпы, Қамқалы ауылдық округінен бөлек 2 ауылда 897 адам тұрады. Жол аталған 3 ауылға да ортақ мәселе. Тұрғындар ауданға баратын жолдан бөлек, ауыл ішіне жол салу, көшелерді жарықтандыру, интернет тарту сияқты мәселелерді де көтерді. Мәселен, Шығанақта – 2, Қамқалыда – 3, Жайлаукөлде 7 көше бар екен. Бұл ретте Қамқалы ауылдық ок­ругі­нің әкімі Мақсат Төлеутай келесі жылы аталған 3 ауылдан да бір-бір көшеден жөнделетінін айтты. Сонымен қатар Шығанақ ауылын түнгі жарықтандыру бо­йынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, аудан әкімі Бақытжан Жақсылықов қаражат тауып беруге келіс­кенін жет­кізді. Ал ауылдардағы интер­нет мәселесі талай жылдан бері өзек­ті. Интернет түгілі ұялы теле­фон тартпайды. Амал жоқ, тұрғын­дар бір мезгіл шаруаларын бітіру үшін Wi-Fi желісі бар ауылдық әкімдіктің, кітапхана ғимаратының маңайына топтасады екен. Ұялы телефонмен байланыс деген мүлде жоқ. Тұрғындар бүгінгідей технология дамыған кезеңде соның игілігін көре алмай отырғанына қынжылады.

Жайлаукөл аулы Шу өзені­нің төменгі сағасында орна­ласқан. Сонау Мойынқұм, Шу аудан­дарының аумағынан төмен қарай ағатын су Жайлаукөл ау­лы­­ның маңайы арқылы өтіп, ары қа­рай көрші Түркістан облысын­да­ғы су аяғы құрдымға кетеді. Не­гі­­зі­нен мұндағы халық әлі де мал шаруа­шылығымен күнел­теді. Бағып отырған малына Шу өзені­нің бойынан қамыс орып береді. Жергілікті халықтың біразы Қамқалы ауылын­дағы тұз ке­нін­де, мектепте жұмыс істе­й­ді. Кезінде елдің біразы «Қам­қалы» көлінен балық аулап күн көріпті. Бірақ қазір ол көлдің де суы тартылуда. Тұрғындарды толғанды­рып отырған тағы бір мәселе – сол Шу өзенінің суы бүгінде тым төмендеп кеткен. Көпшіліктің айтуынша, өзен суын әлдекімдер жоға­ры жақтан байлап, бері қарай жібер­мейді екен. Мұндағы ел мал шаруа­шылығына қосымша егін егіп, бақ­ша салайын десе, су жоқ. Сол сияқ­ты, ауылға көмір жет­кізу де ауыр жұмыс. Оны қиян­дағы ауыл­ға жеткізу үшін көп ақы сұрайды.

«Бұрын қураған, шіріген сексеуіл­дер­ді алуға рұқсат беретін. Бірақ оған қыстың күні үй жылымайды. Ал осы уақытқа дейін бір тонна көмірді 25-30 мың теңгеден алып келдік. Бірақ оны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді ғой», дейді тұрғындар. Осындай қиын жағдайда отырса да, соңғы 4 жылда ауылдан бірде-бір отбасы көшпепті. Қайта жайлаукөл­діктер кезінде ауыл сыртындағы «Кірпішқұйған» деген жерде кірпіш құйып, сол кездегі Жамбыл технологиялық институтының студенттері салып кеткен үйлерін жөндеп, тұрып жатыр. Қамқалы ауылдық окургі әкімшілігінің Жайлаукөл елді мекені бойынша бас маманы Бораш Әубәкіровтің айтуынша, сексенінші жылдардың ортасында ауылда 50-60 мың қой, 3 мың жылқы, 1 мың түйе болғанын айтты. Шынында да өте ауқатты ауыл болған. Дегенмен аулы бүгінгі тұрғындардың да жағдайы жаман емес. Төрт түлік малын төскейге өргізіп, содан ырзық-несібесін көріп отыр. Тек бүгінде жол, су, интернет мәселелері көпшілік үшін көкейкесті мәселеге айналған.

Біз көзбен көріп, көңілге түйген мәселелер осындай. Енді ауыл тұрғындары бастысы жол мәселесіне облыс басшылы­ғы назар аударса дейді. Жергілік­ті халықтың айтуынша, Жай­лаукөл ауылына кезінде Жамбыл облысы­ның әкімі болып тұрғанда Бөрібай Жексембин келіп, Тараз және Жаңатас қалаларына қатынайтын қоғамдық көлік мәселесін реттеп беріпті. Жүргізушінің айлығы, көліктің жанармайы секілді қажет­тіліктер облыс тарапынан сол кезде шешілген. Тұрғындар сол оң шешімнің әлі де жалғасын тауып келе жатқанын, бүгінде аптасы­на Таразға екі рет, Жаңатасқа екі рет қоғамдық көліктің қаты­най­­ты­нын жеткізді. Бірақ Жексем­бин­нен кейін де Жамбылда біраз әкім жұмыс істегенімен, олардың еш­қай­сысы да Жайлаукөл ауылына ат ізін салмады. Енді ауыл тұрғын­дары жол мәселесіне қазіргі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың назар аударып, шешіп беруін сұрайды.

 

Жамбыл облысы,

Сарысу ауданы