Білім • 21 Қазан, 2020

Білім – жарық, ғылым – күш

878 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Құндылықтар өзгерді. Әлі де күрделі өзгерістерден өтеміз. Жаңа жүйе­нің талаптары да қатаң болмақ. Дамудың келесі сатысы – жаңаша өмір сүру дағдыларын сұрыптайды. Осы бағытта ғылым мен білімнің атқара­тын рөлі маңызды. Адамзатты ғаламшардағы тіршілікте алға жылжыту мақсаттарының саяси жоспары бізге, ғалымдарға, өз өмір сүру дағдылары­мызды, ойлау жүйемізді, қалыпқа айналдырған әрекеттерімізді сыни тұрғы­дан қайта қарап көруге ықпал етуде.

Білім – жарық, ғылым – күш

Білім – жарқын келешектің кепілі

Білім беру жүйесі ғана емес, білім алудың табиғаты өзгеріске ұшырап жатыр. Білім беру процесін қысымға салу, тәрбиені күштеп насихаттау жарамсыз. Бүгінгі ұрпақ үшін еркіндіктің құны жоғары. Олар өте еркін. Алдыңғы буыннан өзгеше. Білім саласында ұстаздарға қойылатын басты талап – шәкірттердің жеке құқын шектемеу, ерікті түрде білім алуға құштарлығын ояту. Осы жерден олардың ұстаздық миссиясы аяқталады.

Біз, адамзат, ғасырлар бойы еркіндік, адам құқы үшін күресіп келеміз. Адам құқына қол сұқпау – өркениеттіліктің, жоғарғы мәдениеттің белгісі. Демек, өз пікіріңді екінші тұлғаға зорлап таңбау, ой еркіндігін шектемеу маңызды. Шә­кірт те өз тарапынан шешім қабылдай білуі тиіс. Білім беру саласындағы ең жа­уап­ты тұлға – ол, ұстаз! Демек, ұстаз да адам құқын сақтау тұрғысынан өте сауатты болуға міндетті.

Шәкірттің құқықтық-заңды тұрғыдан жеке тұлғалық шекарасындағы кеңістігі, еркіндігі сақталуы керек. Бізде әлі күнге дейін шәкірттердің жеке басына тіл тигізу, моральдық тұрғыдан кемсіту, әлеу­меттік жағдайының осал тұстарын бетіне басу, ашуын тежей алмай мінез көр­сету, ұжымдық ортада беделіне әділет­­сіз нұқсан келтіру, ата-анаға дереу баласын жамандау, дұрыс мәдени қа­­рым-қатынас жасай алмау фактілері бар. Бұл – адам құқы құндылықтары тұр­­ғысынан жауапсыздыққа жол беру­дің көрсеткіші. Ұстаз – алдындағы шә­­­кірттерге «әмірін жүргізудің иесі» емес, «жүрекке жол табудың шебері» бо­луы тиіс!

Виртуалды интеллект қалыптас­тырудың қажеттілігі бар. Бүгінгі ұрпақ­тың «жанды» тұлғамен байланысқа тү­суге деген қызығушылығы құлдырау ал­дында. Білім алудағы еркіндікті шек­темеу жолдары, уақытты үнемдеу, дәріс­терді тақырыптық жүйемен цифр­лау, шығармашылық тәсілдердің мүм­кін­діктерін кеңейтудің де маңызы ерек­ше.

Білім беру жүйесінде күрделі өз­герістер болады. Ұстаздарға ұстаным­дарын, білім беру тәсілдерін қайта қа­рау керек. Жаттанды, өмірге қажетсіз, маз­мұнсыз дәрістерге қазір ешкім алданбайды. Сабақ кестесі ережелеріне еркіндік енгізу, өзектілігі мен қажеттілігі аз пән­дерді азайту, қажетсіз тапсырма беруді до­ғару, шығармашылық форматқа өту, жаңаша оңтайлы жолдарды қарастыру ма­ңызды. Қатып қалған қағидалар тиімсіз.

Білім – келешегіңе салынған кепілдік. Еркіндіктің дәлелі. Ой еркіндігіңді шектемеу, жеке тұлғалық қалауыңды қанағаттандыруыңа қысым болмау керек. Кемел тұлға қалыптастырудың негізі осында. Дұрыс бағытта өзін же­тіл­діру, жаратылыс пен миссияңды тану, таңдау жасауға бейімделу, қоғам­мен мәдени-адами қарым-қатынас ор­натудың негізін меңгеру кез келген тұлға үшін маңызды. Бұл процесс отбасыда ғана емес, қосымша мектеп пен университет қабырғасында да қа­лыптасу кезеңдерінен өтеді.

Уақыт өте көптеген мамандықтардың өзектілігі жойылады. Бұл табиғи процесс. Ұстаздар да келешекте қатаң сұ­рып­талады. Жан-жақтылық, жантану саласын терең меңгеру бүгінгі за­манда онсыз да алдыңғы планға шық­ты. Ұс­таздарға жаңа деңгейге көтерілу, жо­ғарғы сапаға өзгеру, жаңа дәуір­дің алыптарымен есептесуі бүгінгі уақыт­тың қойып отырған басты талабы.

 

Өркениеттіліктің күші – ғылымда

Өркениеттіліктің миссиясы қандай?! Адамзат мүмкіндіктерін дамытуға ық­пал жасау. Өркендеуге қосатын үле­сі бар адамдардың игі идеяларын қол­дау. «Қым­бат ми» иелерінің жобаларын қар­жыландыру. Олардың түпкі мақ­са­тын тану.

Өркениеттіліктің күші – ғылымда. Ғаламшардың тыныс алу жүйесін өзгер­тетін, тіршілікке басқаша екпін беретін, төң­керіліс жасайтын да солар. Кез кел­ген мемлекеттің қауқарын ондағы ғалым­дардың салмағымен өл­шеуге болады. Адамзаттың игілігі үшін не ойлап тапты?! Қандай пайдалы идеяны жылжыт­ты?! Қандай маңызды бар жобаны жүзеге асырды?! Ол қолданысқа енді ме?! Мәселе осында.

Өндіріс те – өнер. Шығармашылық процесті қажет етеді. Іздену, ойлану, тану, ойлап табу, жүзеге асыру. Ғылым – ғаламшардың ми қыртысы сияқты күрделі сала. Жаратылыстың құпия-сы­рын ашу, жұмбағын шешу, жаңалық ашу, өндіріске жаңа қорытынды «өнім» ұсыну.

Ғылымның жетістігін экономиканың гүлденуімен бағалауға болады. Себебі оның нәтижелері тікелей өндіріске әсер етеді. Әлеуметтің көңіл күйіне, тұр­мыс деңгейіне, дамуына жол ашады. Эко­номикаға бизнес ықпалдаса ала­ды. Де­мек, барлық жауапкершілік – ғы­лымда.

Ғылым саласы десе, бізде бірден стан­дартты ойлау жүйесі бойынша дис­­сертация қорғау, ғылыми дәреже алу, ешқашан тәжірибе жүзінде жүзеге ас­пай­тын том-том қағаздардың елесі көз алдымызда тұра қалады. Бұл ескі жүйе. Өмірге жарамсыз. Қоғамға пайдасы жоқ. Көзбояушылық. Алдау. Оның артында нәтиже жоқ. Жүзеге асатын жүйе, тығы­рықтан шығаратын тың жол ойлап тапса, оның жөні бөлек...

Ғылымда идеяның құндылығы ше­шуші рөлге ие. Идея – жаратылыстағы ең алып «жарылыс»! Сәтті идеялар – өмір сүру деңгейі мен сапасын өз­гер­теді. Ықпалды идеялар – мем­ле­кет­тің беделін көтереді. Пайдалы идея­лар­ды қаржыландыру өндіріске жаңа­ша екпін береді.

Кейде көптеген мықты идеялар та­са­да, елеусіз қалып жатады. Қар­жы­­лан­­­дырылмайды. Жүзеге аспайды. Жол­­ға қойылмайды. Олардың сал­дары да­мудың көптеген тетіктерін бей­небір қолдан тұншықтырып, тежеп тас­та­ғандай әсер қалдырады.

 Кез келген идея ғаламшарға белгілі бір миссияның жүгін көтеріп келеді. Игі міндеті бар заманауи идеяны қар­жыландыру маңызды. Бұл тұста биз­несмендердің де атқаратын рөлі зор. Ық­палдасу саясатына олар да басымдық беруі керек. Қаржы саласының да өз таланттары болады. Ұтымды идеяларға солар көбірек басымдық беріп, жүзеге асуын қолдау керек.

Бізде масштабты идеяларға ізденіс жетіспейді. Оның жүзеге асуына қол жет­кізу, нәтижелерін тікелей өндіріспен байланыстыру маңызды. Құрғақ теория­лардан пайда жоқ. Қорғаған ғалымы көп, бірақ өндірісті қарқынды дамытуға қосқан нәтижесі жоқ ескі сарын мен қағи­даларды бұзатын уақыт әлдеқашан келді.

 

Гүлзат КӨБЕК,

кинотанушы, өнертану PhD докторы, «Тұран» университетінің профессоры