Аймақтар • 21 Қазан, 2020

Сақтансақ, сау боламыз

99 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Ақмола облысында COVID-19 вирусының лабораториялық расталған 3 544 дерегі тіркелген. Оның ішінде ересектерде – 3 276, 14 жасқа дейінгі балаларда – 268 жағдай анықталған. Қазір денсаулық сақтау саласы өткеннен сабақ ала отырып, олқылықтардың орнын толтыруға кірісуде.

Сақтансақ, сау боламыз

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

 

Үстіміздегі айда облыста коро­на­­вирусқа шалдыққан 63 науқас тір­келген. Эпидемиолог мамандар жаман тұмаудың бас көтеруіне тұр­ғын­дар­дың бұрынғысынша белсенді өмір дағдысына оралуы, санитарлық талаптарды орындамауы себеп болып отырғанын айтуда.

– Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдерінде эпидемиялық жағдай күрде­ле­не түсуде. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне сү­йенсек, ТМД мемлекеттерінің жарты­сын­да коронавирусқа шалдыққан нау­қас­тар саны Қазақстанға қарағанда 11 есеге көп. Облыстағы ахуал мұқият бақылануда. Коронавирустың кең таралуының алдын алу үшін тікелей эпидошақтармен жұмыс жүргізілуде. Жаман тұмаудан облысымызда 77 адам көз жұмды. Бүгінде стационар­лар­да және үй жағдайында 142 науқас ем қабылдап жатыр. Сегізінің жағ­да­йы ауыр. Бірақ, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған нау­қас­тар жоқ. Облыс бойынша 565 инфек­ция­лық төсектік орын әзірленді. Қазір оның 17 па­­­йызы қолданыста, дейді облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшы­сы Мұрат Төлеубаев пандемия кезең­ін­де дәріханаларға мониторинг жүр­гі­зу кезінде дәрі-дәрмек бағасын не­гізсіз қымбаттатудың 32 дерегі анық­талып, 14 әкімшілік хаттама тол­ты­рылғанын айтуда. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау депар­таментінің басшысы Айнагүл Муси­на еліміздің солтүстік өңірлерінде эпи­демиялық ахуалдың күрделене түс­ке­ніне алаңдаулы. 16 қазаннан бастап карантин шаралары күшейтілді. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, сауда орындарының жұмыс уақыты шектелді. Сонымен қа­тар демалыс күндері қоғамдық көлік­тер жүрмейді.

Көпсалалы облыстық ауруханасы коронавирус пандемиясы наурыз айында елімізді дендей бастаған тұстан-ақ аталған індетпен күресті бірден бастап, оның тарап кетпеуі мақсатында жұмыс істеген болатын. Облыстың мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, тері-венерологиялық орталығы мен Көкшетау медициналық колледжі жатақханасының базасында жұқпалы-провизорлық, карантиндік стационарлар ұйымдастырылды. Наурыз-мамыр айларында мұнда 355 төсектік орын ашылып, оның 255-і карантиндік, 100-і провизорлық бөлімшелерде болды. Жұқпалы бөлімшеде індет жұқтырғандығы лабораториялық жолмен, ПТР тестімен анықталған науқастар емделсе, провизорлық орта­лық­та індет белгілері бар адамдар болды, карантиндік бөлімшеде науқас­тар­­мен қарым-қатынаста бол­ған­дар жат­қызылды.

Жұқпалы-провизорлық, каран­тиндік стационарлар барлық са­нитар­лық-эпидемиялық нор­ма­лар­ға сәйкес, қала ішінде болса да, маңайын­да­ғы ешбір мекемемен шектесіп, қосылмайды. Арнайы бөлек кіретін бекеттері, желдеткіш жүйелері бар. Бір ерекшелігі, мекеменің әр қабаты орталықтандырылған оттегімен қам­ту жүйесімен жабдықталған. Реани­ма­циялық блок 11 жасанды желдету аппараттарымен жабдықталып, стационар оттегі концентраттарымен, жылжымалы рентген аппараты­мен жарақтандырылған. Таяуда қуаттылығы минутына 300 литрді құрайтын оттегі концентратын сатып алуға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.

– Қазіргі уақытта жоғарыда аталған екі мекемені орталықтандырылған оттегімен қамту шаралары қолға алы­нып жатыр. Қараша айының соңына қарай тері-венерологиялық орта­лық пен медициналық колледж жатақ­ханасы орталықтандырылған оттегі жүйесімен толық қамтылады. Арна­йы станса құрылды. Жалпы, осы орта­лықтандырылған оттегі жүйе­сі­мен қамту үшін бюджеттен шамамен 100 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылды, – дейді көпсалалы облыстық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Жаров.

Көпсалалы облыстық ауруханада індет дендеген кезде онымен күресуге 198 қызметкер жұмылдырылды. Олардың 38-і дәрігер, 86-сы орта меди­циналық қызметкер, 74-і кіші медициналық персонал. Жалпы, 5 наурыз бен 15 қыркүйекке дейінгі аралықта жұқпалы-провизорлық, карантиндік стационарларда бас-аяғы 2 040 науқас емделіп шыққан. Соның ішінде
257-і жұқпалы, 934-і провизорлық, 849-ы карантиндік бөлімшелерде емделген.

Індет анықталған науқастарды және олармен қарым-қатынас жасаған адамдарды стационарларға жатқызу үшін арнайы құрал-жабдықтары мен оқшаулау кабиналары бар көліктер пайдаланылыпты. Қазіргі уақытта стационарлар дәрі-дәрмек, оттегі концентраттары, зарарсыздандыру секілді қорғаныс құралдарымен толық қамтылып, бірне­ше айға жететін қор жинап алды. Пан­де­­мияның екінші толқынына да­йын екендіктерін жеткізген бас дәрігер әлі де болса, дайындық жұмыстары күн са­йын жүргізіліп жатқанын айтып отыр.

– Әзірге уақытша жабық тұрған бұл стационарлар қажет бола қалған кезде міндетті түрде қайта ашылып, науқастарды қабылдайтын болады. Дәрігерлер тапшылығы қашан да өзекті мәселе, оны ведомстволық басқарма шама-шарқы жеткенше шешіп жатыр. Биыл жоғары оқу орындарын тәмамдаған біршама жас мамандар қатарымызға қосылды. Осылайша маман тапшылығын азайтып жатырмыз. Көп қызметшілердің тәжірибелері қалыптасып қалды. Эпидемиямен кү­рес­ке әзірміз, – дейді Нұрлан Қайырұлы.

Сақтық артық етпейді. Облыста атқарылып жатқан дайындық жұ­мыс­та­ры алғашқы кезеңдегі олқылықтардың орнын толтырып, қапысыз қамданудың қажет­тілігінен туындаған дүние. Ден­саулық сақтау саласының басшылары жауап­кершілікті жете түсініп, жіті қимыл­дап отырғандығы көңілге медеу.

 

Ақмола облысы