Волонтерлерді даярлау мен біліктілігін арттыруға арналған мектеп жұмысы онлайн форматта жүріп жатыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінен іріктеліп алған қатысушылар алдағы уақытта өз облысындағы волонтерлерге семинарлар өткізуге қажетті дағдыларды үйреніп, туған жерінде де волонтерліктің дамуына үлес қосуға мүмкіндік алды.
Бапкерлер мектебіне Қазақстанның барлық аймағынан 43 үміткер іріктелді. Қатысушылар шешендік шеберліктен бастап жаттықтырушының ішкі тұрақтылығына дейінгі түрлі дағдыларға қатысты білім алды. Сондай-ақ білім беру бағдарламаларын дайындау, жаттықтырушының дағдыларын талқылау, аудиториямен жұмыс істеу сынды салалар қамтылып, практикалық сабақтар енгізілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, сабақтар Zoom платформасында онлайн форматта жүргізілді. Сессияға Қазақстаннан бөлек, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Бельгия мен Армения елдерінен спикерлер қатысты. «Бұл бастаманың мақсаты – игерген білімін алдағы уақытта аймақтық волонтерлерге бере алатын бапкерлерді дайындау», дейді олар.
Тренингтің нәтижесінде қатысушылар ақпаратты жеткізу дағдыларын, топпен байланыс және сенімді қарым-қатынас орнату тәсілдерін үйренді. Сонымен қатар көпшілік алдында сөйлеудің қыр-сырын игеріп, өзіндік оқыту бағдарламаларын жоспарлау жолдарын айқындады.
Оқу аяқталған соң қатысушылар аймақтардағы волонтерлерді оқытып, өз дағдыларын іс жүзінде қолдану мүмкіндігіне ие болады. Волонтерлер фронт-офисі алдағы уақытта Қазақстанның барлық аймағынан 500-ден аса адамды аталған мектепте оқытып, волонтерліктің сапасын арттыруды көздеп отыр.