Медицина • 21 Қазан, 2020

Анестезия – ауруды ауырсынбауға көмектеседі

654 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адам баласының медицинада қолы жеткен ұлы жаңалығының бірі – жанды ауыртпай күрделі операциялар жасау, наркоз арқылы небір дерттерді сылып тастау екені белгілі. Дегенмен осынау мамандықтың да қыр-сыры, өз қиындығы бар.

Анестезия – ауруды ауырсынбауға көмектеседі

Бұл ретте анестезиолог-реанима­то­лог­тардың да ерен еңбегіне тоқтала кетудің сәті түсіп тұр. Жыл сайын 16 қазанда Дүниежүзілік анестезиолог-реаниматологтар күні атап өтіледі. Кездейсоқ таңдалмаған дәл осы күні 1846 жылы эфирлік наркоз арқылы алғашқы операция жасалған екен. Мұны тіс дәрігері Томас Мортон жү­зеге асырғанын медицинадан хабары бар адамдар біледі. Т.Мортонның есімі қазір барлық анестезиологтарға белгілі. Содан бері операция кезінде «еш ауырмайды» деген түсінік пайда болды. Күрделі операциялар кезінде анестезиолог-реаниматологтың жұ­мы­сы өте маңызды. Осы саладағы ма­шық­ты мамандардың арқасында кез келген хирургиялық араласу кезінде науқастар қиналмайды. Алайда анес­тезиолог-реаниматологтарды көбі анес­тезия жасауға ғана қажет дәрігер деп қабылдайды. Бұл түсінік дұрыс емес. Анестезиолог-реаниматолог күн сайын адам өмірі үшін күреседі. Сондықтан, анестезиолог – науқасты операцияға дейін, операция кезінде және одан кейін қарайтын, адамдардың жанын аман алып қалу үшін ажалмен тікелей күресетін дәрігер.

Осы мамандықтың ұңғыл-шұңғылы туралы Алматы Орталық қалалық кли­никалық ауруханасының анесте­зиолог-реаниматолог дәрігері Сәбит Мада­лиев не дейді? Айтпақшы, Ал­маты көшелері мен метрополитен бе­кеттерін безендірген медицина қыз­меткерлерінің портреттерінің арасынан Сәбиттің де суретін көруге болады.

Коронавирус өршіген кезде осынау мамандық иелері қайда болды, нендей тірлік атқарды?

«Ең алдымен, әріптестерімді кәсі­би мерекелерімен құттықтағым келе­ді. Әріп­тестеріме зор денсаулық, мол ­ба­қыт, қажымас қайрат, шыдамды­лық, жұмыста сәттілік және мол табыс тілей­мін! Пандемия кезіндегі жұмысқа келсек, мен де ауруханамыздың көптеген қызметкерлері сияқты коронавирус инфекциясын жұқтырып, бір жарым ай ауырып шықтым. Аурудың қалай өтетінін өз басымнан өткергеннен ке­йін біздің науқастарды да түсіндім. Ауруынан айыққаннан кейін еш ойланбастан жұмысқа кірістім, біздің аурухана ол кезде жұқпалы аурулар ауруханасы ретінде жұмысын бастап кеткен-ді. Менен бұрын әріптестерім де айтқан, жазылған нәрселерді қай­таламай-ақ қояйын. Иә, қиын болды, иә, медицина қызметкерлері жетіс­педі. Құдайға шүкір, ол күндер өтіп кетті. Жалпы, менің еңбек өтілім – 9 жыл. Бірақ меніңше, пандемия кезін­дегі жұмыс тәжірибесін қалыпты уақыт­тағы еңбек өтілінің бір жылына теңестіруге болатын сияқты. Коро­на­вирус кезінде көптеген күтпеген жағ­дайларға тап болдық. Біз сеніммен қа­ра­ған науқастың жағдайы кенеттен на­шарлап, ал «ауыр» деп бағалаған нау­қас, керісінше, жақсарып кеткен кездер болды. Пандемия бізге мол тәжірибе бергені сөзсіз. Қазір біз қай­тадан КВИ-ге дейінгі режімде жұ­мыс істеп жатырмыз. Бірақ реанима­ция бөлімшесінде дәрігерлердің жұ­мысы қашан да күрделі, көбіне күй­зе­ліске әкеп соқтыратынын атап өткім келеді. Ал стресс иммундық жүйе­ні айтарлықтай әлсіретуі әбден мүм­кін және мұндай жағдайда кез кел­ген инфекцияны жұқтыру өте же­ңіл. Біздің тәжірибемізде ұйқысыз түндер қалыпты және ауыр халдегі нау­қас­тармен жұмыс істейміз. Ең қиыны – адамның өлімін көру және оған кө­мектесе алмайтыныңды түсіну. Егер клиникалық өлім болса, адамның өмірін ұзарту үшін барлық мүмкін әдістерді қолдану – біздің басты міндетіміз. Қандай шаралар қолданылды, оның қандай нәтиже бергенін талдау да маңызды. Қолдан келгеннің бәрін жасадық па, жоқ па – осыны түсіну қажет. Біз, мамандығымыздың ерек­ше­лігіне байланысты басқаларға қа­ра­ғанда, өлімді жиірек, әрі жақы­нырақ көреміз. Жақында америка­лық ғалымдардың зерттеуін оқы­дым, реа­ниматологтардың, басқа дәрігер­лерге қарағанда, жұмыста кү­йіп кету қаупі жоғары екен. Жал­пы, реаниматологтардың 80%-ы со­ңында өз жұмыстарына деген қызығу­шы­лығын жоғалтады дейді. Мен сол 80%-дың ішінде болғым келмейді. Пандемия дәрігердің, медициналық қызметкердің дәрежесін көрсеткен сияқты. Бізге қолдау көрсеткен барлық азаматтарға, түрлі флешмоб, бейнеролик, жобалар үшін алғыс білдіремін. «Алматы ынтымақтастығы» жобасы аясында портреттері метро станса­ла­рындағы билбордтарда және қа­ла­дағы жарықдиодты экрандарда ор­наласқан 100 медициналық қыз­меткердің қатарында болу мені қуан­тады. Әрине, суреттерде қиын-қыстау кезінде азаматтардың денсаулығы үшін күрескендердің аз ғана бөлігі екенін бәріміз түсінеміз. Әңгімемді қорытындылай келе, мына нәрсені баса айтқым келеді. Біз қазір эпидемияның бәсеңдеуін көріп отырмыз, бірақ «босаңсып-демалуға» әлі ерте екенін түсінуіміз керек. Вирус мутацияға ұшырайды, ол одан да ауыр түрлерге ауысуы мүмкін. Вакцина әлі жоқ және ауырып шыққан адамдардың иммунитеті қандай болатыны, ауруды қайта жұқтыру мүмкіндігі жөнінде нақты айта алмаймыз. Халықтың бәрі ауырып шыққан жоқ қой, сондықтан қазір айтылып жатқан эпидемияның екінші толқынының ықтималдығы жоқ емес. Қалай болғанда да, біз эпидемияны әлі жеңген жоқпыз. Сондықтан сақтық шараларын сақтау қажет. Өзі­ңізге және жақындарыңыз­ға қамқор болыңыздар!», дейді Сәбит Нұрханұлы.

 

АЛМАТЫ