Сайрам ауданының тұрғындары осындай қордаланған мәселелерді аудан әкімдігінің табалдырығын тоздырмай-ақ, әкімнің қабылдауына жазылып, айлап немесе апталап күтпей-ақ жеткізе алды. Аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков: «Егер осы ауданның тыныс-тіршілігіне бейжай қарай алмасаңыз, егер сіз Сайрам ауданының жанашыры болсаңыз, шындықты шыжғырып бетке айтатын болсаңыз, шығыңыз да ойыңызды ашып айтыңыз», деді.
«Парасат» пікірталас клубының алғашқы отырысында. Әкімнің өзі «айтыңыздар» деп отырған соң, тұрғындар тартынбады. Өзекті деген мәселелерді ортаға салды. Жергілікті биліктің жұмысына оң баға беріп, өзгерістерді еске салғандары да жоқ емес. Иә, Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы ұлы Абайдың ұлтты ұйыстырып, әділетті қоғам құруға үндейтін ұстанымымен сабақтас. «Түйткілді мәселені мемлекет пен қоғам өкілдерінің бірлесе талқылауы – өркениетті қоғамның белгісі. Мұндай пікір алмасу халықтың билікке деген сенімін арттырады, тұрақтылықты нығайтады. Билік пен бұқараны жақындастыратын осы идеяның бастауында ұлы Абай тұр деп сеніммен айта аламыз», деді жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев Семейге жасаған жұмыс сапары барысында.
Бүгінде Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, қордаланған өзекті мәселелерді халықпен бірге талқылап, шешу жолдарын қарастыруда азаматтық қоғамды белсенді қатыстыру, пікірталас мәдениетін қалыптастыру мақсатында Сайрам ауданында ауқымды іс-шаралар іске асырылуда.
«Парасат» пікірталас клубының құрылуы – сол игі істердің бірі. Аудан әкімінің бастамасымен және Nur Otan партиясы аудандық филиалымен бірлесе құрылған клуб мүшелігіне ауыл округтеріндегі ел ағалары, тұрғындар, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен саяси партиялар, депутаттар, жастар, ұлт жанашырлары және БАҚ өкілдері кіре алады. Әр тоқсан сайын басқосуды жоспарлаған клубтың алғашқы отырысы биыл 9 айда ауданда атқарылған жұмыстарға арналды. «Баршаңыз – ауданның белсенді, айтар ойы бар, тұрғындардың жайын, тыныс-тіршілігін жақсы білетін азаматтарсыздар. Тек өз ортаңызда ғана емес, ауданның қоғамдық-саяси өміріне де жақын араласса, ұтымды ұсыныстарымен ауданның жан-жақты дамуына үлес қосса деген мақсатымыз бар. Себебі 216 мыңнан астам халқы бар Сайрам ауданында шешімін табуды қажет ететін өзекті мәселелер өте көп. Біз ауданның әлеуметтік ахуал картасын әзірледік. Онда 11 ауылдық округ бойынша 42 ауылдағы 122 мәселе қамтылған», деді Ұ.Сәдібеков пікірталас клубының отырысында.
Аудандағы өзекті мәселелер жергілікті билікке жақсы таныс. Сол мәселелерді күн тәртібіне қойып, орындалу барысын апта сайын саралап, жұмыс жүргізуде. Мәселен, Манкент ауылының тұрғындары жиі қозғайтын ауыз су мәселесі биыл оң шешімін тапқан. Сондай-ақ аудан әкімі 9 айда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Коронавирус пандемиясына байланысты қолданылған шараларды баяндады. Ауданда COVID-19 симптомсыз белгілері бар науқастарға 41 дәрігерлік мобильдік топ ұйымдастырылып, 10 мыңнан аса азаматтың үйіне барып, тиісті медициналық қызметтер көрсетілген. Орталық ауруханаларда қызмет ететін медицина саласының 54 қызметкері пневмониямен ауырып, оның 16-сында ПТР талдауы оң нәтиже берген. Бүгінде екінші толқынға дайындық жұмыстары талапқа сай жүргізілуде. Дегенмен төтенше және карантиндік жағдайға қарамастан, ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты сипатқа ие болып отыр. Мысалы, экономикалық дамуды сипаттайтын басты көрсеткіш – жалпы өңірлік өнім көлемі биыл 9 айда 107,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 5% болған. Жалпы, өнімнің ішінде басым үлес (56%) ауылшаруашылық саласына тиесілі. Жыл қорытындысымен өсім қарқыны осы деңгейде сақталады деп жоспарлануда. Ал өнеркәсіп саласында өндірілген өнім 21,4 млрд теңге болып, өсім 15,3%-ға жетіп отыр. Биыл индустрияландыру картасы аясында 1,4 млрд теңгеге 94 жұмыс орнымен 5 жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобаларды іске қосу желтоқсан айына жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласында 61 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, биылғы өсім 106%-ды құрады. Аудан үлесі облыс көлемінде 14,1%, екінші орында. Жаңадан 154 гектар тамшылатып суару жүйесі енгізіліп, жалпы көлемі 500 гектарға жетті. Сондай-ақ тамшылатып суару әдісін енгізу бойынша 100 азаматқа 55,6 млн теңге мемлекеттік грант берілді. Жылыжайлар 3,4 гектар жерге салынып, жалпы көлемі 42 гектар болды. Бүгінде жылыжайлардың бірінші айналымынан жалпы 3,9 мың тонна өнім өндірілген. Жылына 2 өнім алу жобасы аясында бірінші айналымда 101 шаруашылықта жалпы көлемі 146 гектарға егістік егілсе, екінші айналымда 93 гектар жерге егістік егілді. Барлық шаруашылықтарда мал басы көбеюде. Нәтижесінде, ет өндірісі 3,2%-ға, сүт – 15,7%-ға, жұмыртқа 6,6%-ға артқан. Сондай-ақ 2,6 мың тонна ірі қара мал еті экспортталған. Ірі қара мал етін экспорттау бойынша аудан облыста 1-орынға ие. Биыл 2 жаңа мектептің және 5 мектепке қосымша жаңа оқу ғимаратының құрылысы жүргізілді. Оның 5-уі жаңа оқу жылына пайдалануға тапсырылса, 2 нысанның құрылыс жұмыстары келесі жылға қалдырылды. Ауданда мемлекеттік және салалық бағдарлама шеңберінде жыл басынан 1978 жаңа жұмыс орны ашылған, оның 1308-і тұрақты. Нәтижесінде, жұмыссыздық деңгейі 5,1%, жастар жұмыссыздығы 4,0% болып отыр. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 1,3 млрд теңге қаралып, 5 058 адам қатысты. Оның ішінде 103 адам шағын несие, 1 023 адам мемлекеттік грант алды, 2 214 адам бос және жаңа жұмыс орындарына жолданды. Аудан бойынша 37 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 734 млн теңге бөлінген. Бүгінгі таңда 37 жоба бойынша жұмыс басталып, 285 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның ішінде 173 адам халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жолданды. Сондай-ақ аудан әкімі тұрғындарды ауыз сумен, газбен қамту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ақсукент және Манкент ауылдарын дамыту мақсатында 14 жобаны іске асыруға 805 млн теңге бөлінгенін атап өтті. «Әкімдіктің басты мақсаты – халық өкілдерімен диалог құру, ортақ мәселелер бойынша пікір таластыру мәдениетін қалыптастыру, қордаланған мәселелерді түрлі призмалар мен көзқарастардың көптүрлілігі принциптері сүзгісінен өткізу арқылы тиісті саяси шешімдер қабылдау. Осыған орай, сіздермен әріптестік, сыйластық, құрметтеушілік қағидаттарын қалыптастырып, пікірлердің әралуандығын ескеріп, өзекті мәселелерді бірлесіп шешуді дағдыға айналдырсақ. Ол үшін айына бір рет жиын өткізіп, мәселелерді бірге талқылап, оның атқарылуына да атсалыссақ деген ұсыным бар», деді Ұ.Сәдібеков.
Өз кезегінде клуб отырысына қатысушылар біз жоғарыда айтып өткен мәселелермен бірге бірқатар талап-тілегін жеткізді. Мысалы, Розақұл Халмурадов қыс келіп күн суытқан кезде ауылдарда электр жарығы көп сөнетінін айта келе, елді мекендердегі барлық электр желілерін, трансформаторларды, электр бағаналарын тексеру үшін ревизия жүргізуді ұсынды. «Пікірталас клубына, осындай жиындарға жастарды көптеп тартайық, ойын білейік, мәселелерін тыңдайық. Өйткені жұмыссыздық, ертежүктілік пен өз-өзіне қол жұмсау жастардың арасынан шығуда. Клуб мүшелігінің 20%-ы жастар болсын, жұмыс істейтін күш керек. Тағы бір айтатыным, Ақсу өзеніндегі 25 карьерді көргенде ішім қан жылайды. Бәрін қазып жатыр, көп ауылдарға су жетпейді. Қарабұлақ ауылына ғана жаз бойы су барды, қалған ауылдардың жемісінің бәрі күйіп кетті. Алдағы уақытта осы мәселені қолға алсақ», деді аудан тұрғыны Қаныбек Төлеметов.
«Парасат» пікірталас клубының ережесі бойынша әр тоқсанда кездесу өткізу жоспарланған. Алайда аудан әкімі аталған бастама оң нәтижесін көрсетіп жатса, одан да жиі кездесуге әрқашан даяр екенін білдірді.
Түркістан облысы