Аймақтар • 21 Қазан, 2020

Ақиқатты айту – ардың ісі (Түйткілді мәселені мемлекет пен қоғам өкілдері бірлесе талқылады)

325 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ауданда табиғи өсім жоғары болғандықтан да, бір шаңырақта 3-4 отбасы тұрады. Яғни елді мекендер жанындағы ауыл шаруашылығы мақсатында берілген жерлерді мемлекетке кері қайтарып, үйсіз отырған халыққа жер беру қажет. Әсіресе, отбасын жаңа құрған жастарға. Бір басына 8 жер телімін алған азаматтар да жоқ емес. Осыған сәйкес әрбір ауылда жер комиссиясын құру керек. Емханалардың іші тар, ауырып жатқан адам көп, тапсырған анализдерінің нәтижесін алу үшін науқастар сағаттап күтуге мәжбүр. Ал жаңа салынған емхана істемей тұр. Сондай-ақ ауданда білім мен медицина саласының жұмысы сын көтермейді.

Ақиқатты айту – ардың ісі (Түйткілді мәселені мемлекет пен қоғам өкілдері бірлесе талқылады)

 

Сайрам ауданының тұрғын­дары осындай қордаланған мәсе­лелерді аудан әкімдігінің табал­дырығын тоздырмай-ақ, әкімнің қабылдауына жазылып, айлап немесе апталап күтпей-ақ жеткізе алды. Аудан әкімі Ұласбек Сәді­беков: «Егер осы ауданның ты­ныс-тіршілігіне бейжай қарай алмасаңыз, егер сіз Сайрам ауда­ны­ның жанашыры болсаңыз, шын­дықты шыжғырып бетке айта­тын болсаңыз, шығыңыз да ойыңызды ашып айтыңыз», деді.

«Парасат» пікірталас клубы­ның алғашқы отырысында. Әкім­нің өзі «айтыңыздар» деп отыр­ған соң, тұрғындар тартын­ба­­ды. ­Өзек­ті деген мәселелерді ор­таға сал­ды. Жергілікті билік­тің жұ­мысына оң баға беріп, өзге­ріс­терді еске сал­ғандары да жоқ емес. Иә, Мем­лекет басшысы ұсын­ған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы ұлы Абайдың ұлтты ұйыстырып, әділетті қоғам құруға үндейтін ұстанымымен сабақтас. «Түйт­кілді мәселені мемлекет пен қоғам өкілдерінің бірлесе талқылауы – өркениетті қоғамның белгісі. Мұндай пікір алмасу халықтың билікке деген сенімін арттырады, тұрақтылықты нығайтады. Билік пен бұқараны жақындастыра­тын осы идеяның бастауында ұлы Абай тұр деп сеніммен айта ала­мыз», деді жуыр­да Қасым-Жомарт Тоқаев Се­мейге жасаған жұмыс сапары ба­рысында.

Бү­гінде Президенттің «Халық үні­не құлақ асатын мем­лекет» тұ­жырымдамасын іске асыру, қордаланған өзекті мә­се­лелерді халықпен бірге талқылап, шешу жолдарын қарастыруда аза­мат­тық қоғамды белсенді қа­тыс­тыру, пікірталас мәдениетін қалып­тас­тыру мақсатында Сай­рам ауданында ауқымды іс-ша­ралар іске асырылуда.

«Парасат» пікірталас клу­­­бы­ның құрылуы – сол игі істердің бірі. Аудан әкімінің бастамасы­мен және Nur Otan партиясы аудан­дық филиалымен бірлесе құ­рылған клуб мүшелігіне ауыл ок­руг­теріндегі ел ағалары, тұр­ғын­­дар, қоғам белсенділері, үкі­­меттік емес ұйым өкілдері мен сая­си партиялар, депутаттар, жас­­тар, ұлт жанашырлары жә­не БАҚ өкілдері кіре алады. Әр тоқ­­сан сайын басқосуды жос­пар­лаған клубтың алғашқы оты­рысы биыл 9 айда ауданда ат­қарылған жұмыстарға арналды. «Баршаңыз – ауданның белсенді, айтар ойы бар, тұрғындардың жа­йын, тыныс-тіршілігін жақсы білетін азаматтарсыздар. Тек өз ортаңызда ғана емес, ауданның қоғамдық-саяси өміріне де жа­қын араласса, ұтымды ұсыныстары­мен ауданның жан-жақты дамуы­на үлес қосса деген мақсатымыз бар. Себебі 216 мыңнан астам хал­­қы ­бар Сайрам ауданында ше­шімін та­буды қажет ететін өзек­­ті мәселе­лер өте көп. Біз аудан­­­ның әлеумет­тік ахуал карта­сын әзір­ледік. Он­да 11 ауылдық округ бойынша 42 ауылдағы 122 мә­­селе қамтыл­ған», деді Ұ.Сә­ді­­беков пікірталас клу­бының отырысында.

Аудандағы өзекті мәселелер жергілікті билікке жақсы таныс. Сол мәселелерді күн тәрті­біне қойып, орындалу барысын апта сайын саралап, жұмыс жүр­гізуде. Мәселен, Манкент ауы­лының тұрғындары жиі қозғай­тын ауыз су мәселесі биыл оң ше­шімін тапқан. Сондай-ақ аудан әкімі 9 айда атқарылған жұ­мыстарға қысқаша тоқталып өт­ті. Коронавирус пандемиясы­на байланысты қолданылған ша­­ра­ларды баяндады. Ауданда COVID-19 симптомсыз белгілері бар науқастарға 41 дәрігерлік мобильдік топ ұйымдастырылып, 10 мыңнан аса азаматтың үйіне барып, тиісті медициналық қыз­меттер көрсетілген. Орталық ауруханаларда қызмет ететін медицина саласының 54 қызметкері пневмониямен ауырып, оның 16-сында ПТР талдауы оң нәтиже берген. Бүгінде екінші толқынға дайындық жұмыстары талапқа сай жүргізілуде. Дегенмен тө­тенше және карантиндік жағдай­ға қарамастан, ауданның негізгі әлеу­меттік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты сипат­қа ие болып отыр. Мысалы, эконо­микалық дамуды сипаттайтын басты көрсеткіш – жалпы өңір­лік өнім көлемі биыл 9 айда 107,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 5% болған. Жалпы, өнімнің ішінде басым үлес (56%) ауылшаруашылық са­ласына тиесілі. Жыл қорытын­дысы­мен өсім қарқыны осы дең­гейде сақ­талады деп жоспарлануда. Ал өнеркәсіп саласында өндіріл­ген өнім 21,4 млрд теңге болып, өсім 15,3%-ға жетіп отыр. Биыл ин­­дустрияландыру карта­сы аясында 1,4 млрд теңгеге 94 жұ­мыс орны­мен 5 жобаны іс­­ке асыру көзделген. Бұл жо­ба­­ларды іске қосу желтоқ­сан айына жоспарланған. Ауыл ша­­­­руа­­шылығы саласында 61 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, биыл­ғы өсім 106%-ды құрады. Аудан үлесі облыс көлемінде 14,1%, екінші орында. Жаңадан 154 гектар тамшылатып суару жүйесі енгізіліп, жалпы көле­мі 500 гектарға жетті. Сондай-ақ там­шылатып суару әдісін енгізу бойынша 100 азаматқа 55,6 млн теңге мемлекеттік грант берілді. Жылыжайлар 3,4 гектар жерге салынып, жалпы көлемі 42 гектар болды. Бүгінде жылыжайлардың бірінші айналымынан жалпы 3,9 мың тонна өнім өндірілген. Жылына 2 өнім алу жобасы аясында бірінші айналымда  101 шаруашылықта жалпы көлемі 146 гектарға егістік егілсе, екінші айналымда 93 гектар жерге егістік егілді. Барлық шаруашылықтарда мал басы көбеюде. Нәтижесінде, ет өндірісі 3,2%-ға, сүт – 15,7%-ға, жұмыртқа 6,6%-ға артқан. Сондай-ақ 2,6 мың тонна ірі қа­ра мал еті экспортталған. Ірі қа­ра мал етін экспорттау бойын­ша аудан облыста 1-орынға ие. Биыл 2 жаңа мектептің және 5 мектепке қосымша жаңа оқу ғимаратының құрылысы жүргі­зілді. Оның 5-уі жаңа оқу жылына пайдалануға тапсырылса, 2 нысанның құрылыс жұмыста­ры келесі жылға қалдырылды. Ауданда мемлекеттік және са­ла­лық бағдарлама шеңберінде жыл басынан 1978 жаңа жұ­мыс орны ашылған, оның 1308-і тұрақты. Нәтижесінде, жұмыс­сыздық деңгейі 5,1%, жастар жұ­­мыссыздығы 4,0% болып отыр. «Еңбек» мемлекеттік бағ­дар­ламасын іске асыруға 1,3 млрд теңге қаралып, 5 058 адам қа­тысты. Оның ішінде 103 адам шағын несие, 1 023 адам мем­ле­кеттік грант алды, 2 214 адам бос және жаңа жұмыс орындарына жолданды. Аудан бойынша 37 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 734 млн теңге бө­лін­ген. Бүгінгі таңда 37 жоба бо­йынша жұмыс басталып, 285 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның ішінде 173 адам халықты жұ­мыспен қамту орталықтары арқылы жолданды. Сондай-ақ аудан әкімі тұрғындарды ауыз сумен, газбен қамту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. «Ауыл – ел бе­сігі» жобасы аясында Ақсукент және Манкент ауылдарын дамыту мақсатында 14 жобаны іске асыруға 805 млн теңге бөлінгенін атап өтті. «Әкімдіктің басты мақ­саты – халық өкілдерімен диалог құру, ортақ мәселелер бойынша пікір таластыру мәдениетін қалыптастыру, қордаланған мәсе­лелерді түрлі призмалар мен кө­зқарастардың көптүрлілігі прин­­циптері сүзгісінен өткізу ар­­қылы тиісті саяси шешімдер қа­­былдау. Осыған орай, сіздер­мен әріптестік, сыйластық, құр­меттеушілік қағидаттарын қа­лып­тастырып, пікірлердің әр­алуандығын ескеріп, өзекті мә­се­лелерді бірлесіп шешуді дағ­дыға айналдырсақ. Ол үшін айы­на бір рет жиын өткізіп, мәсе­ле­лерді бірге талқылап, оның ат­қа­рылуына да атсалыссақ деген ұсы­ным бар», деді Ұ.Сәдібеков.

Өз кезегінде клуб отырысына қатысушылар біз жоғарыда айтып өткен мәселелермен бір­ге бірқатар талап-тілегін жет­кізді. Мысалы, Розақұл Хал­мурадов қыс келіп күн суытқан кезде ауылдарда электр жарығы көп сөнетінін айта келе, елді мекендердегі барлық электр же­лі­лерін, трансформаторларды, электр бағаналарын тексеру үшін ревизия жүргізуді ұсын­ды. «Пікірталас клубына, осын­дай жиындарға жастарды көп­теп тартайық, ойын білейік, мәселелерін тыңдайық. Өйт­ке­ні жұмыссыздық, ертежүктілік пен өз-өзіне қол жұмсау жас­тардың арасынан шығуда. Клуб мүшелігінің 20%-ы жас­тар болсын, жұмыс істейтін күш керек. Тағы бір айтатыным, Ақсу өзеніндегі 25 карьерді көр­ген­де ішім қан жылайды. Бәрін қа­зып жатыр, көп ауылдарға су жет­пейді. Қарабұлақ ауылы­на ғана жаз бойы су барды, қалған ауылдардың жемісінің бәрі кү­йіп кетті. Алдағы уақытта осы мә­се­лені қолға алсақ», деді аудан тұрғыны Қаныбек Төлеметов.

«Парасат» пікірталас клу­бы­ның ережесі бойынша әр тоқсан­да кез­десу өткізу жоспарланған. Алайда аудан әкімі аталған бастама оң нәтижесін көрсетіп жатса, одан да жиі кездесуге әрқашан даяр екенін білдірді.

 

Түркістан облысы