Әлем • 21 Қазан, 2020

Оңтүстік Америкадағы Димаштың жанкүйерлері мұқтаж жандар үшін әлеуметтік қор құрды

198 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

16 қыркүйек күні "DK Alianza Sudamerica Oficial" фан-клубының құрылғанына 1 жыл болды. Бұл күнді атап өткен Оңтүстік америкалық  Dear-лар әлеуметтік қор ашуды ұйғарды. Осылай қиын жағдайға тап болған, мұқтаж жандарға көмек көрсетпекші. Бұл туралы dimashnews.com хабарлады.

Оңтүстік Америкадағы Димаштың жанкүйерлері мұқтаж жандар үшін әлеуметтік қор құрды

Димаш Құдайберген 25 жасқа толған туған күнінде қарттар үйіне барып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қуаныш сыйлады. Сүйікті әншілерінің бұл ісі Оңтүстік Америкадағы жанкүйерлеріне үлгі болып, ерекше әсер қалдырды. Қор ашу бастамасы да осы кезде ойға келді. Фан-клубтың бір жылдық шарасы кезінде "DK Alianza Sudamerica Oficial" альянсының әр мүшесі идеяны бірауыздан құптап, "The Alliance Foundation" қоры құрылды.

2019 жылы Оңтүстік және Латын Америкасында кедейлік деңгейі көбейіп кетті. Әлемді дендеген коронавирус пандемиясы кезінде тіпті белең алды. Бұл көпті алаңдатқан мәселе. Бұл кезде зардап шеккендердің дені – науқас балалар.

Димаштың Оңтүстік Америкадағы жанкүйерлері алғашқы көмектерін Роминаға көрсетті. Ромина есімді бүлдіршін – сирек кездесетін микроцефалия диагнозымен дүниеге келген. Оған ерекше күтім қажет. Дәрі-дәрмектен өзге өкпеге оттегі жіберетін небулайзер секілді құрылғылар керек.

Альянс Dear-ларының бірі Роминаның анасы Изабель Аточаға барып, өз көмегін көрсетті. Алайда, кішкентай қызға жиі ауа жетпей, демігіп қалады. Ауру қысқан уақытта оттегі концентраторы қажет. Бұл құрылғы Роминаның жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Қазір Димаштың Оңтүстік Америкадағы жанкүйерлері Роминаға мүмкіндігінше тезірек көмектесу үшін барын салып жатыр.

"DK Alianza Sudamerica Oficial» фан-клубы Димаш перулық жанкүйерінің бастамасымен құрылды. Өткен жылдың шілде айында құрылған клуб Оңтүстік Америкадағы Dear –лардың басын қосу, бір-бірімен байланыс орнатып сүйікті әншілерінің шығармашылығын насихаттауды мақсат тұтты.

Кейін фан-клубқа атау берілді. Димаштың өзі бейнеленген костюмдегі суретін логотип етіп бекітті. Бұл костюмді Димаш Беларуссияда "Olympic" әнін орындағанда сахнаға киіп шыққан болатын.

Димаштың Мэгги есімді жанкүйері Оңтүстік Америкадағы Dear-лар байланысын көрсету үшін дизайнерге жүгінеді. Суретті жіберіп, логотипті аяқтауға ұсыныс білдірді. Осылай, Димаштың суреті әдемі қанаттармен толықты. Ондағы әр қауырсын фан-клуб құрамына кіретін елдердің туы іспетті бейнеленген.