Аймақтар • 21 Қазан, 2020

Жетісуда желіккен жасөспірімдер саны неге көбейді?

435 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жасөспірімдер арасындағы заң бұзу деректерінің азаймай отырғанын жасырмауымыз керек. Тіпті, қазіргідей карантин шектеулерінің күшейіп, бейсауат жүрістің тиылғанына қарамастан  балалардың бұзақылық жасауы кемімеген екен. Өкінішке қарай, ересектер тарапынан әлімжеттік жасау әрекеті де көбейген.

Жетісуда желіккен жасөспірімдер саны неге көбейді?

Мысалға, биылғы өткен 9 айда Алматы облысында жасөспірімдерге қатысты  4 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық дерегі тіркеліп, хаттама толтырылған. Қылмыстық сипаты басым деректерге үңілсек, есепті мерзімде 354 жасөспірімнің құқық бұзушылылқа бейімділігі анықталып, полицияның есебіне тіркелген. Оның ішінде 58 балаға қорғау нұсқамасы толтырылған екен. Сондай-ақ, 238 отбасындағы қолайсыз ахуал сарапқа салынып, олар да тәртіп сақшыларының қатаң бақылауына алынған. Ал кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 66 жасөспірім жеткізіліп, орналастырылыпты.

- Биылғы тоғыз айда  аталған комиссия қарауына 279 іс-құжат жолдадық. Оның ішінде ата-ана құқығынан айыру бойынша  48 іс, ата-ана құқығына шектеу қою туралы 31 іс, жасөпірімдердің қатысуымен жасалған қылмыс бойынша 42 іс, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 127 іс бар. Сондай-ақ, 4 жасөспірімді ерекше режимдегі білім беру мекемелеріне жолдау мен девиантты мінез-құлықты балаларға арнайы білім беру ұйымына 13 баланы жіберу туралы да құжат толтырылды. Бірлесіп қабылданған іс-шара нәтижесінде өткен 9 айда кәмелетке толмағандар қылмысы 48,4 пайызға төмендеді, яғни өткен жылы 213 құқық бұзушылық тіркелсе, биыл бұл сан 110 шамасында болып тұр, - дейді Алматы облысы полиция департаменті ювеналды полиция бөлімінң басшысы, подполковник Медет Құнанбаев.

Айтпақшы, аймақта жасөспірім қыздарды зорлау мен ерте жүктіліктің дерегі биыл да алаңдатарлық екен. Өткен жылы кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық жасаудың 93 дерегі анықталса, биылғы 9 айда мұндай оқиғаның саны сексен үшке жетіпті. Жалпы, азғындықтың кез келген түрін ақтауға болмайды. Ал бала зорлау оқиғасының жиілеуі қоғамды тіптен ойландыруы тиіс. Өкінішке қарай, ел ішінде оқушы қыздарға «қол жүгірту» әрекеті әбден асқынып, адамдардың азғындауына дейін жеткен. Ең сорақысы, туған немересін зорлаған ақсақал, тете өскен қарындасын қорлаған жігіт ағасы, тіпті бауыр етінен жаралған бүлдіршініе қастық ойлаған әке де бар болып отыр. Жоғарыда анықталған 83 зорлық дерегінің ішінде айтылғандай, 1 жасөспірім өзінің атасымен, 3 қыз ағаларымен, 7 бойжеткен туған әкесімен, 2 жеткіншек өгей әкесімен, 1 қыз бала көршісімен мәжбүрлі түрде жыныстық қатынасқа барғандарына шағымданған. Бұдан өзге 70 жасөспірім басқа да қара ниетті адамдардың құрбаны болыпты. Өкнішке қарай, жасына жетпей жүкті болып қалған қыздардың да қарасы аз емес екен. Полиция тарапынан осы сипаттағы 273 дерек тексеріліп, 37 оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Әрине, жан түршігетін деректердің артында бала тағдыры тұрғаны анық. Демек, бала тәрбиесіндегі олқылықтың орынын тек полиция мәлім еткен деректерге қарап толтыруға болмайды. Аймақтың білім беру саласын мен ата-аналар тарапы да бұған сыни тұрғыда баға беруі керек шығар.

 - Мектеп оқушылары арасында қылмыс, құқықбұзушылық, зорлық-зомбылық, оқыс  жағдайлардың алдын алу бойынша әр оқу жылының басында жалпы білім беру ұйымдары аудандық, қалалық ішкі істер басқармаларымен бірлескен жоспар құрылып, жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізіледі. Қазіргі карантиндік  жағдайға байланысты қашықтан оқыту барысында балалар қауіпсіздігінің,  кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу мәселелері білім басқармасының бақылауына алынған. Бұл аталған мәселе бойынша күнделікті талдау, сараптау жұмыстары жүргізіліп тұрады, - дейді облыстың білім басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Сүлейменова.

Атап айтқанда, білім басқармасының ұйымдастыруымен «Ата-аналарға арналған психологиялық кеңес», «Оқушыларды қашықтықтан оқыту кезеңідегі қауіпсіздік шаралары», «Балалардың жазғы демалысы кезіндегі ата-налар жауапкершілігі және міндеттері» және басқа да тақырыптарда ата - аналармен онлайн конференциялар өткізіліпті. Мұндай конференция барысында карантин, жазғы демалыс кезіндегі балалардың қауіпсіздігі және олардың бос уақытын тиімді пайдалану мәселелері   кеңінен талқыланады екен. Сонымен қатар, мектеп психологтары ата-аналар және балаларға арналған тренинг сабақтар, жеке кеңестер, психологиялық жаттығулар ұйымдастырып, электронды жадынамалар таратып, ата-аналарға кеңес беру бейнероликтері  мектептердің  сайттары мен  ата-аналардың чаттарына  жолданады.

 Ал кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық, зорлық-зомбылық, қатыгездік фактілерін тіркеу жөніндегі нұсқаулық журналдары жүргізіліп, «Сенім жәшіктері» және «Шұғыл бағыт» телефондары орнатылған. «Шұғыл бағыт» телефонына шалынған қоңыраулар есепке алынып, мерзімінде зерделеу жұмыстары жүргізіліп, психологиялық, құқықтық кеңестер беріледі екен.

- Өкінішке қарай, қашықтықтан оқытуға байланысты балалардың интернетке тәуелділігі артып отыр. Сондықтан да, ата-аналарға балалардың интернет желісінде еркін отыруына  жол бермеу, компьютердің, планшеттер мен смартфондардың браузерлеріндегі сайттарға кіру тарихын үнемі қадағалап отыру бойынша үнемі кеңес беріп отырамыз. Әсіресе, оқушының тіркелген YouTube каналына, «Facebook», «Инстаграм», «В контакте», «Одноклассники», «Мой мир» әлеуметтік желілеріндегі виртуалды достарына назар аударуды талап етіп отырмыз. Себебі қазіргі кезде көптеген чаттар мен форумдарда бейресми түрде қарым-қатынас жасауға мүмкіндік бар. Сондықтан да, оқушының бейресми түрде таныс емес адамдармен қарым-қатынас жасамауын,  компьютерлерге, ноутбуктер, планшеттер мен смартфондарға «Ата-ана бақылауы» сервисін орнатуды талап етудеміз, - дейді Жаңыл Сүлейменова.

 

 

Алматы облысы