Аймақтар • 21 Қазан, 2020

Жамбыл облысында кен игеру комбинаты салынады

544 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Келесі жылы Жамбыл облысында тау-кен металлургия комбинатының құрылысы басталады. Аталған кәсіпорынды салу және алтын кен орындарын игеру жөніндегі жобаны іске асыруды талқылау үшін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев "Monterra Qasaqstan" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшыларымен кездесті. 2015 жылы құрылған аталған компания "Monterra Group AG" неміс инвестициялық компаниясының еншілес мекемесі болып табылады.

Жамбыл облысында кен игеру комбинаты салынады

Бұл компания мен Жамбыл облысының әкімдігі арасында 2016 жылы тау-кен металлургия комбинатын салу туралы меморандумға қол қойылған. Сол жылы Қаратас-Майбұлақ алаңында алтын мен ілеспе компоненттерді барлауға келісімшарт жасалған. Бүгінгі таңда Қордай ауданында комбинат құрылысына арнайы жер телімі бөлінген. Жоба Жамбыл облысының «Индустрияландыру картасына» да енгізілген. Инвестицияның жалпы көлемі 600 миллион еуроны құрайды. Кездесуде «Monterra Qasaqstan» кәсіпорны бақылау кеңесінің төрағасы Йоганн Штоль алтын өндірудің бірегей технологиясы қолданылатынын атап өтті. Өзі де Қордай ауданының тумасы болғандықтан, жерлестері үшін тұрақты және жалақысы жоғары жұмыс ұсынып, дамыған өндірісті жолға қойғысы келетінін жеткізді. Қазіргі уақытта компания геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде және нысандарды өнеркәсіптік игеруге дайындауда.

Ал, «Monterra Qasaqstan» кәсіпорнының Бас директоры Меруерт Данбаева тау-кен металлургия комбинатының құрылысы 2021 жылы басталатынын айтты. Сонымен қатар, аталған нысанды 2023 жылы пайдалануға беру жоспарлануда екен. Содан кейін өңірде алтын өндіру жұмыстары жүзеге асатын болады. Компания 1900 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ете алады. Жаңа комбинатта Доре, яғни алтын-күміс қорытпасы өндіріледі. Өндіріс басталғаннан кейін «Monterra Qasaqstan» 5  тоннаға дейін алтын өндіруді, содан кейін біртіндеп қуаттылықты арттыруды жоспарлап отыр. Компания ауданның инфрақұрылымын дамытуға да инвестиция салады.

Бердібек Сапарбаев бұл бағытта одан әрі жұмыс жалғасатынын, мемлекет инвесторларды қолдауға әрдайым дайын екенін, Қордай ауданындағы ауылдардың әлеуметтік мәселелерін шешуге жәрдемдесу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, әкім нақты нәтижелер қажет екенін, экология, кадрларды дайындау мәселелеріне ерекше назар аудару керектігін жеткізді. Бердібек Сапарбаев «Біз инвесторлардан жергілікті тұрғындарды жұмысқа алуды сұраймыз. Ауыл тұрғындары қазірдің өзінде арнайы оқудан өтіп, құрылыс аяқталғаннан кейін бірден жұмысқа кірісуі тиіс», дей келе өзінің орынбасары Алмас Мәдиевке инвестициялық жобаны іске асыру бойынша «Жол картасын» әзірлеуді тапсырды.

 

Жамбыл облысы