16 Қараша, 2013

Атақты ғалымның жырлары мен сырлары

523 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тарихтың жілігін шағып, майын ішкен атақты ғалым Манаш Қозыбаев әдебиет жазығында да көсіле шапқан шын жүйріктердің бірі еді. Шабыт желкені керілген сәттерде жүрек төріне қонған көрікті ойларды төгіп-төгіп тастайтын. Сөйтіп, оқырманын баурайтын, ойландыратын, толғандыратын. Мына бір жолдарға назар аударсаңыз, оны өзіңіз де анық аңғарасыз. «Ата-бабамыз аттан түспей ұлы сахараны өңгерген де, игерген де, меңгерген де. Азғана халық атүстіне мініп, сайын далаға сіңіп, тарыдай шашылса да, ел шетіне жау келсе жан-жақтан ағылып, бір жерден табылып, кабыландай атылған ол. Ғасырлар көшіне ілесіп, аңдыған жаумен тіресіп, жерінің, ұлтының тұтастығын сақтауға шақырған ол... Ұлттық намыс – қара бастың қамы емес, рудың не тайпаның зары емес, адамзаттың баласы – ұлтымыздың ұлықтығы үшін теңдігі мен елдігі үшін өтейтін әр пенденің қарызы мен парызы болса керек».

Тарихтың жілігін шағып, майын ішкен атақты ғалым Манаш Қозыбаев әдебиет жазығында да көсіле шапқан шын жүйріктердің бірі еді. Шабыт желкені керілген сәттерде жүрек төріне қонған көрікті ойларды төгіп-төгіп тастайтын. Сөйтіп, оқырманын баурайтын, ойландыратын, толғандыратын. Мына бір жолдарға назар аударсаңыз, оны өзіңіз де анық аңғарасыз. «Ата-бабамыз аттан түспей ұлы сахараны өңгерген де, игерген де, меңгерген де. Азғана халық атүстіне мініп, сайын далаға сіңіп, тарыдай шашылса да, ел шетіне жау келсе жан-жақтан ағылып, бір жерден табылып, кабыландай атылған ол. Ғасырлар көшіне ілесіп, аңдыған жаумен тіресіп, жерінің, ұлтының тұтастығын сақтауға шақырған ол... Ұлттық намыс – қара бастың қамы емес, рудың не тайпаның зары емес, адамзаттың баласы – ұлтымыздың ұлықтығы үшін теңдігі мен елдігі үшін өтейтін әр пенденің қарызы мен парызы болса керек».

Саналы ғұмырын еліне қызмет етуге арнаған сан қырлы тұлға бұл ретте де біраз істің басын қайырып үлгерген екен. Жақында «Жырларым менің сырларым» атты жинағы қолыма тигенде осыған көз жеткіздім. Өлеңдер мен ойтолғамдардан тұратын жинақты құрастырып, оқырманға ұсынған қазақтың көрнекті ақыны Кәкімбек Са­лы­қов алғысөзінде: «Әйгілі Қорқыт атаның есімі әлемдегі сұлу әуез, көркем саз өнеріндегі қобыз сарынына айналғандай, академик Манаш Қозыбаевтың тарихшы ғұламалығына шешендік пен ақындық домбыраның қос ішегіндей үйлескен әдемі сарын қосты» – деп жазыпты. Ал тарихшы өз өлеңдері жайында: «Мен ақын емеспін, бірақ бір қазақтай поэзияға жақындығым бар. Кейде сырымды да, мұңымды да, досқа айтылатын назымды да өлең арқылы жеткізгенді ұнатамын» дейді. Бұл оның бүкпесіз шындығы. Жинаққа енген жырларды оқи отырып, ақынның сөзі мен ғалымның өлеңі арасында белгілі айырмашылықтар болатынын аңғардық. Қалай дегенмен, М.Қозыбаевтың өлеңдерін поэзиялық талап-тұрғысынан емес, тарихшының тебіренісі ретінде қабылдайсың. Мысалы, «Абай тойына» деп аталатын мына өлеңде:

...Абай тойы жаңғыртты,

Ежелгі қазақ даласын.

Оятты ол мәңгүртті,

Қазақтың қосып аласын.

Осылай білді дананың,

Қалың елі бағасын, – деп те­бі­ренсе (1995 жылдың 9 тамызы), қазақтың батыр ұлы Саға­дат Нұрмағамбетовке арнаған өлеңінде:

Құлан қыпшақ азамат,

Жауға шапқан Кенемен

Қол бастаған Сағадат

Ел болғанда егемен!

Қол бастаса Сағадат,

Биіктейді терезем!

Қожаберген, Жалаңтөс,

Бөгенбай мен Қабанбай

Аталардан неге кем?! – деп тө­гіледі. Бұл өлеңдерді тарих­­­шы­ның тұла бойынан құйылып тұрған шынайы көзқарасы деп қабылдасақ, бағасы одан сайын биіктемек. Бұл сонда өлең ғана емес, ғұлама тарихшының белгілі тұлғаға берген бағасы, пайымы ретіндегі жүкті де арқа­лап тұрған шығарма болып есептеледі.

Кітаптың алғысөзі ерекше бір ыстық сезім, жылы көңілмен жазылғаны аңғарылады. Кеме­рінен асырып та жібермеген, кемеліне жеткізбей де қоймаған. Өлең авторының өзі айтқан пайымын онан ары нықтай, қуаттай, аша түскен. «Ғалымдық зор өнер, Манаш сол мол дарынды ақынжандылықпен көтермеледі, оның үстіне сұңғыла шешендік, ақтаңгер айтқырлығы, тыңдаған жанды ұйыта білер сөз ұсталығы, оқымпаздығы қосылып, жұлқы­нып тұрған асауға тау суындай тасқын күш қоса берді», –дейді Кәкімбек ағамыз. Өзі ақын және де ақынжанды тарихшының жақын досы ретінде Кәкімбек Салықов қана аңғарып, айта алар иірімдер өте көп екенін түйсіндік. Өзі қысқа болғанмен өлең шіркіннің мүмкіндігі мол-ақ қой. «Жырларым менің сырларым» деп кітаптың аты айтып тұрғандай, мұнда ғалымның жан сыры, жүрек лүпілі сезіледі.

Ақша бұлттай бейнебір,

Білінбейді көшкенің.

Қайтып келмес қайран күн,

Білінбейді өткенің, – деп келетін сырлы шумақтар соның дәлелі емес пе?!

Жинақ екі бөлімнен тұра­ды. Енді автордың қысқа қайы­рымды ойтолғамдарына назар аударайық. «Мемлекет дегеніміз – ел мен жердің құрыштай мызғымас бірлігін бейнелейтін әлеуметтік құрылыс», «Азамат деп ата-ана, ел үмітін ақтаған, Отан сенімін бойтұмар қы­лып сақтаған, достың сырын шаш­паған, зұлымдықтың жолын баспаған, сегіз қырлы, бір сырлы, арлы жанды айта­ды», «Болмысы жаратылысы­нан ерекше зиялылар ғана замана толғағын жүрегінен өткізе алады», «Абай атамыз атадан қалған ұлы қасиеттің бірін­шісін бірлікшілдік десе, екін­шісін намысқорлық деп санады. Құдайға шүкір, тәуелсіздік заманасы халқымыздың на­мысқорлығы жоғары екенін көрсетті. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің бір себебі де осы ұлттық намыс», «Егер әлем тарихында алып Гомерді, дала данасы Бұқарды өмір сүрмеді деп бір сәт ойлай қалсаң, өмір дариясы кемерінен түсіп, Хантәңірі бір құлаш шөккендей болар еді-ау!».

Мінеки, толғамдар осылай тізіліп кете береді. Атақты тарихшының жалпақ жұртқа белгісіз қырлары осылай ашылады. Ұзақ тарихтан үзіп, тобықтай ғып түйіп айтқан толғамдарды оқи бергің, көңілге тоқи бергің келеді. Ақындық сезіммен, тарихшылық талғамның үндес­кен тұсынан үзіліп түскен маржан сөздерді оқып, тамсанып отырудың өзі бір ғанибет екен.

Ұлтқа ерен еңбегі сіңген тұлғаның тарих ғылымына қосқан еселі үлесінен сырт мұндай дүниелерінің жеке кітап болып шығуы ұлт перзентінің тау тұлғасын толықтыра, сомдай түскендей. Келешек ұрпақтың тағы бір қажетін тауып бергендей. Кәкімбек ағамыз да жоғарыда автор айтқандай шынайы достық парызын өтегендей. Бұл бізге де, кейінгі ұрпаққа да үлгі, өнеге!

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар