Аймақтар • 22 Қазан, 2020

Қазір көмір арзан сатылып жатыр

1542 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бағдарламасында ең алдымен орталық өңірлерге, содан кейін солтүстік өңірлерге де газ тартуды тапсырған-ды. Иә, газ тарту алдағы жылдардың, болашақтың үлесі болса да, еске алғанның айыбы жоқ. Өйткені эколог мамандардың айтуынша, метан газының келуі көптеген әлеуметтік мәселені шешеді. Газдың тартылуынан қоршаған орта тазарады. Көмірдің көк түтіні өкпесін ыстаған халықтың тынысы бір кеңіп қалар еді.

Қазір көмір арзан сатылып жатыр

Былтырғы көмірдің жетпеуі себеп болды ма, өңір тұрғындары көмір жеткізіп алуға ерте жаздан қамданды. Облыстық әкімдік те суық түспей, қысқы мезгілге дайындыққа шақырған болатын.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқар­масының мәліметінше, өңірде көмірге деген сұраныс шамамен 428 мың тоннаны құрайды. Бүгінде тұрғындар 206 мың тоннадан аса көмір тасып алған.

Қазір көмір тасымалдаумен 300-ге жуық шағын және орта кәсіпкерлік орын­дары айналысуда. Павлодар, Ақсу қала­лары мен Павлодар, Шарбақты аудандарында көмір жеткізу 8 тұйықтан тұратын темір жол арқылы жүзеге асырылады.

Басқарманың бас маманы Диас Ділді­баевтың айтуынша, өңірде қазір көмір тапшылығы жоқ.

– Көмір – еркін сатылымда. Тапшылық жоқ. Бағасы көмір кеніштерінің орналасу арақашықтығына, түрлері мен сапасына байланысты. Орта есеппен тоннасы 7 мыңнан 16 мыңның аралығында сатылады. Біздің өңірдегі тұрғындардың басым бөлігі қыс маусымына қоңыр көмірді да­йын­дайды. Көмірдің құнын және көмір­дің бар-жоғын бақылау мақсатында энергетика басқармасы қоймаларға күн сайын мониторинг жүргізеді, – дейді ол.

Бұдан басқа қалалар мен аудандарда тұрғындар үшін көмір сатылатын жерлер мен қоймаларда көмірдің болуы туралы ақпарат берілетін жедел желі құрылған.

Қоңыр көмір бұл – лигнит деп аталатын түрі. Яғни Баянауылдың Майкөбе кенішінен шығатын жұрт мақтайтын қоңыр көмірді пеш жағатын тұтынушылар тұтынады, ал Екібастұздың күл көп де­лі­не­тін көмірі стансаларға арналғаны бел­гілі. Екібастұздың көмірінен айырмасы қоңыр көмір тез жанады, күлі аз. Бірақ тас көмірге қарағанда қызуы төмен. Негізінен тұрғын үйлерде пешке жағылатын көмір.

– Жыл сайын өңір тұрғындарына жылыту маусымына дайындалу мақсатында суық күнге қалмай және дүрлікпеу үшін алдын ала көмір сатып алуға кеңес бе­реміз. Стихиялық сауда бойынша қазан айынан бастап мониторингтік топ ба­қылауды бастайды. Топ құрамында мемлекеттік кірістер департаментінің облыс бойынша басқармасы, облыс, қала әкім­діктерінің өкілдері бар. Стихиялық сауданы осылайша тоқтату көзделген, – дейді маман.

Ал облыс орталығында «Элит KZ», «А-Вест Павлодар» және «Север-Энергоугольснаб» ЖШС жеткізілген кө­­мірді сатуда. Бірақ қысқа қарай жа­нар-жа­ғармай отынының баға тұрақ­сыз­ды­ғына орай, көмір бағасы да тұрақты реттелмей, өзгеріп тұруы да мүмкін.

– Көмірдің бағасын негізінен кеніштер бекітеді. Қазір әкімдіктермен өнімді жет­кізу бойынша келісімшарттар жасалады, – дейді басқарма маманы Талғат Еспұлов.

Көмір жеткізумен және сатумен айналысатын «Элит KZ» ЖШС директоры Дас­тан Дәулетбаевтың айтуынша, қазір кәсіп­орын қорындағы отын жет­кілікті. Қа­­рағандыдағы Шұбаркөл, Май­көбе, Се­мейдің Қаражыра көмір кеніші­нің де кө­мірін тұтынады. Шектеу жоқ. Тұрғын­дар­ға сапалы көмір таңдауға мүмкіндік бар.

Өткен жылы Баянауылдың Майкөбе кенішінен көлікке тиелген бір тонна көмір 7 500 теңгеден, ал темір жол тасымалы арқылы 6 250 теңгеден сатылған. Биыл көлікке тиелген бір тонна көмір

6 700 теңгені, ал темір жол тасымалы ар­қылы 5 760 теңгені құрап отыр. Қалалар мен аудан­дардың әкімдіктері көмір тасы­малдаушылармен тиісті жұмыс жүргізуде.

Жергілікті тұрғындар үшін Майкөбе көмірінің құны 2 500 теңгеге дейін төмен­деді. Облыстың қалалары мен ауданда­рындағы дайындау-бөлу пункттерінде 17 мың тоннаға жуық көмір бар.

Өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов би­ылғы қысқа дайындық барысына орай өткізген жиын барысында ауылдарда, қаладағы жеке үйлерде тұратын тұр­ғын­дарға көмір бағасының қолжетімді болуын, жылу желілеріндегі жөндеу жұ­мыс­­тарын жер қара, күн жылыда аяқ­тау­ды тап­сырды. Бұған қоса әкім бұл мә­селе мемлекеттік органдар үшін жауапты кезең екенін және жылу беру мау­сы­мының сапалы өтуі олардың үйлесімді жұ­мысына байланысты болатынын атап өтті.

Иә, қазіргі таңда көмір – еркін сатылымда. Кез келген тұрғын қалаған уақы­тында сатып ала алады. Жақын арада бұл жерге Майкөбенің 520 тонна сұрыпты, 420 тонна тұтынушы көмірі және 420 тонна Қарағанды көмірі жеткізілмек. Қазір­дің өзінде 1 мың тоннадан астам қор бар.

– Майкөбе кенішінің өте жақсы жанатын сұрыпты көмірі де бар. Бағасы шамамен 11 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар 9 500 теңгеден саудаланатын кесек көмірлер бар. Алдағы уақытта тағы да Майкөбе, Қарағанды разрездерінен қатты отын жеткізіледі. Биыл баға тұрақты. Был­тырғымен салыстырғанда сәл арзан, – дейді тасымалдуашылар.

Былтыр облыс орталығында ұзақ уа­қыт жанатын әрі тозаңы аз, брикеттелген көмір өндірісі іске қосылған-ды. Бри­кеттелген көмір жай көмірге қара­ғанда жылуды 4-5 есе көп береді. Кәсіпорын ерек­­ше өнімді тоннамен емес, қаппен са­та­ды. 25 килолық бір қап көмірдің баға­сы – 400 теңге. Жекеменшік үйлердің пеш­теріне арналған.

Ал өңірде көмір жетеді. Мысалы, Май ауданындағы Жамантұз деген кеніште де қазір көмір өндіріле бастады. Алғашқы кезеңде бір жылда 300 мың тонна көмір өндіру жоспарланған. Өнімнің алғашқы 30 мың тоннасы Ресей мен Түркияға экспортталыпты. Геологтардың айтуынша, кеніштің көмірінің сапасы жоғары, газды әрі ұзақ жанатын түрі. Сапасы жағынан барлық көрсеткіштерге сәйкес келеді. Кеніште 50 млн тоннадай көмір қоры бар. Барлау жұмыстары әлі де жүргізілуде. Ол анықталғаннан кейін мемлекеттік тіркеуге алынбақ.

Аудандық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің мәлі­метінше, ауданның көмірі жергілікті тұр­ғындар арасында жоғары сұранысқа ие. Аудан орталығында көмір сақтайтын орын ашылған.

 

Павлодар облысы