Спорт • 22 Қазан, 2020

«Вуэльта» веложарысы басталды

196 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Велоспорттан әлемдегі ең маңызды үш ірі жарыстың бірі саналатын «Испания Вуэльтасы» гранд-турының жалауы желбіреді. 8 қарашаға дейін жалғасатын бәсекеге Қазақстандық «Астана» велокомандасының өкілдері де қатысып жатыр.

«Вуэльта» веложарысы басталды

75 жылдық тарихы бар әйгілі додада талай мықты велошабандоздардың өнер көрсеткені белгілі. Биыл да бұл жарыстан атақты спортшылар тыс қалған жоқ. Атап айтар болсақ, атақты «Тур де Франс» бәсекесінің төрт дүркін (2013, 2015, 2016, 2017) жеңімпазы, «Испания Вуэльтасы» (2017) мен «Джиро д'Италия» (2018) додасында бір мәрте дара шыққан британиялық Крис Фрум, жуырда ғана мәресіне жеткен «Тур де Франста» екінші орын иеленген словениялық Примож Роглич, былтырғы «Джиро д'Италия» додасының бас жүлдесін олжалаған эквадорлық Ричард Карапас және 2017 жылғы жеңімпаз Том Дюмулен (Нидерланд) және тағы басқа есімдері әлемге әйгілі велошбандоздар осы жарыстың көрігін қыздыруда.

Аталған жарысқа еліміздің «Астана» велоко­ман­дасының Александр Власов, Йон Исагирре, Горка Исагирре, Луис Леон Санчес, Омар Фраиле, Алекс Аранбуру, Дмитрий Груздев және Мерхави Кудус секілді спортшылары қатысып, бас жүлде үшін бақ сынап жатыр. Әрине жанкүйерлер де, клуб басшылығы да бұл құраммен жарыстың көшін бастау оңай емес екенін жақсы түсінеді. Әйткенмен Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров басшылық ететін ұжым «Вуэльтада» жоқ дегенде кезең жеңімпазы атану үшін бар күшін салатыны анық. Өйткені Испания тас жолында «Астананың» жеңіспен өрілген дәстүрлі жолы бар. Мәселен, 2006 жылы Александр Винокуров бастап берген жеңісті Альберто Контадор (2008) мен Фабио Ару (2015) сәтті жалғаған. Сонымен қатар былтырғы додада Мигель Анхель Лопес пен Якоб Фульсанг кезең жеңімпазы атанса, «Астана» командалық есепте үздіктер қатарынан көрінді.

Өзге жарыстар сияқты «Испания Вуэльтасы» да биыл ерекше жағдайда өтіп жатыр. Коронавирус пандемиясына байланысты осы жылғы барлық жарыс белгіленген уақытынан кеш ұйымдастырылғаны белгілі. Сондықтан биыл бірінші мәрте велошабандоздар арасындағы ең мәртебелі екі жарыс – «Испания Вуэльтасы» мен «Джиро д'Италия» додасы тарихта алғаш рет бір уақытта өткізіліп жатыр. Сондай-ақ әлемдегі коронавирустың екінші толқынына байланысты «Вуэльтаға» әдеттегіден аз команда қатысып жатқанын да айта кетейік. 

Испания тас жолында өтіп жатқан жарыстың алғашқы күнінде былтырғы жеңімпаз – словениялық Примож Роглич (Team Jumbo – Visma) топ жарды. Ирун – Аррате қалаларын жалғаған 173 шақырымдық қашықтықты ол 4 сағат, 22 минут, 34 секундта басып өтті. Рогличтен 1 секундқа артта қалып қойған эквадорлық Ричард Карапас (Ineos) пен ирландиялық велошабандоз Дэниел Мартин (Israel Start-Up Nation) екінші және үшінші орынды өзара бөлісті. «Астана» командасынан бірінші кезеңде жақсы нәтижеге ис­паниялық Горка Исагирре қол жеткізді. Мәре сызығын 13-ші болып кескен Исагирре жеңімпаздан 51 секундқа қалып қойды. Сонымен қатар қалың топпен бірге келген «Астананың» тағы екі өкілі – Луис Леон Санчес пен Александр Власов 41 және 42-орындарға жайғасты.