Спорт • 22 Қазан, 2020

Бәйге түрлерінен Елбасы кубогы өтті

621 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елорданың оңтүстік-батыс шетінде орналасқан «Қазанат» атшабарында бәйгенің төрт түрінен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кубогы жолындағы жарыс өтті.

Бәйге түрлерінен Елбасы кубогы өтті

 

Бірінші болып 7 шақырымдық жарыс жолына шыққан жорғалардың озып келген алғашқы 3-еуіне бәйге бұйырды. Бірінші орын Аякөз Бикенова баптаған Петропавл қаласындағы «Құлагер» атшабарының жылқысы «Филипс» есімді жорғаға, келесі орындар солтүстікқазақстандық Арман Қабдоллаевтың меншігі «Реванш» атты күлікке және Ақмола облысы Бұланды ау­данының тұрғыны Фархат Жайлиев тізгін­деген «Эдельвейс» атты жорғаға бұйырды.

Келесі сын 9 шақырымдық құнан бәй­геге 24 жүйрік қатысып, бірінші орын Алматы облысы Жамбыл ауданы­нан келген Сұлтан Жоланұлының жүй­рігі «Талхиз» атты торы байталдың маңдайына жазылса, екінші орын Сүлетай Нұрболат тізгіндеген «Бабур Амир» есімді құнанға, үшінші орын Алматы қаласының тұрғыны Олжас Әбдіхамит баптаған «Заманай» атты ағылшын жылқысына бұйырды.

Одан кейін кіші аламан, яғни 16 ша­қы­­рымдық топ бәйге жүйріктері жа­рыс жолына шығып, ауыздығымен алыс­­қан 27 сәйгүліктің ішінен Алма­ты облы­сының Қарасай ауданынан әке­лінген «Қар­лығаштың» (иесі – Секе­най Бөбекбай) маңдайы жарқырап бірінші келсе, одан кейінгі орындарды Маңғыстау облысының тұрғыны Шадрах Ермекбайұлының «Ақ­шолпан» атты торы биесі мен Алматы об­лыс­ының Жамбыл ауданынан келген Сұл­тан Жоланұлының таза қанды қарагері бөлісті.

«Бәйгенің көркі – аламан» де­ген­дей, 25 шақырымдық жарыс жолына әр тараптан қосылған 31 жүйрік ба­­ғын сынады. Бұлардың арасында үл­­кен бәйгелерден бәс алып жүрген Қара­ған­­дының «Бақторысы», Алматының «Қара­тор­ғайы» мен «Нұртөбелі», Нұр-Сұлтанның «Бұй­рығы», Оралдың «Бекторы», Жам­был­дың «Нұрисламы», Алматы облы­сының «Жетісуы», Пав­лодардың «Сенімі» сынды бас жүлдеден дәмелі сәй­гүліктер қара жердің апшысын қуыр­ды. Сонымен алғашқы болып тізгін ұстатқан 7 жүйрікке жүлде берілді.

Бірінші орын Мейірлан Нұрболатов тіз­гіндеген «Бақторы» атты жүйрікке бұйыр­ды. Ат иесі – Парламент Мәжілі­сінің депутаты Бекболат Тілеухан. Екін­ші орынды Алматы облысының Қарасай ауданынан келген таза қанды бес жасар күрең бие еншіледі. Иесі – Мәди Ора­за­лиев. Үшінші орынға Нұр-Сұлтан қала­сының атынан шыққан таза қанды торы дөнен табан тіреді. Ат иелері – Нұрдәулет Әкімжанов пен Азамат Бегалин.

Келесі орындар Алматы облысындағы Қарасай ауданының тұрғыны әйгілі атбегі Секенай Бөбекбайдың «Үшқоңырына», Қарағанды облысының Қызылжар стансасынан келген Бекзат Әйнекбаевтың күрең қасқасына, көмбені кесіп өтіп жығылған Ержан Ақтасовтың «Көкойнағына» және Алматы облысындағы Қарасай ауданынан келген Сұлтан Жоланұлының «Асу торысына» бұйырды.