Бірінші тоқсанда жан басына шаққандағы шығыстар орта есеппен 163,6 мың теңгені құрады, екінші тоқсанда – 154,5 мың теңге немесе 9,1 мың теңгеге кем болды, бұл 18 млн 760 мың адам халық санын есепке алғанда тұтыну шығыстарының жалпы 170,6 млрд теңгеге қысқаруына әкелді.
Өңірлік бөліністе экономикасы саудаға барынша тәуелді болатын елдің ең ірі мегаполисі – Алматы қаласында шығыстар ең көп (9,2%-ға) төмендеген (жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 2019 жылы 34,4%-ды құрады, жалпы Қазақстан бойынша 17%-бен салыстырғанда). Алматыдан басқа, айтарлықтай төмендеу Шымкент қаласында (-7,9%), Алматы (-7,6%) және Ақтөбе (-7,3%) облыстарында байқалады. Барлық өңірлерде шығыстардың қысқаруы аясында тек Қызылорда облысында бірінші тоқсанмен салыстырғанда 3,9%-ға өсу байқалады.
«Азық-түлік тауарларына шығындар жалпы ел бойынша 2%-ға өсті, алайда өңірлер бойынша айырмашылық елеулі. Егер Алматы қаласында олар 6%-ға қысқарса, мысалы, Маңғыстау облысында – 10%-ға өскен», деп атап өтті «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ болжамдау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.
Тұрғындардың жүріп-тұруы бойынша шектеу шараларын ескере отырып, халықтың үйден тыс жерде тамақтануға арналған шығыстары едәуір – іс жүзінде екі есеге қысқарған. Бұдан басқа, алкогольді ішімдіктерге жұмсалатын шығындар 15%-ға, оның ішінде Жамбыл облысында – 55%-ға, Маңғыстау облысында – 37,6-ға азайған, ал Қызылорда облысында спирттік ішімдікке жұмсалатын шығындар керісінше 16%-ға көп шығындала бастаған.
Сондай-ақ сарапшы азық-түлік емес тауарлар тұрғысынан тұрғын үй-жайларды ағымдағы күтіп-ұстау және жөндеу үшін материалдарға арналған шығындар екі есеге, ал дәрі-дәрмектерге, емдеу жабдықтары мен аппаратураға арналған шығыстар төрттен бір есеге артқанын атап өтті.
«Шығыстардың үшінші бағыты – ақылы қызметтерге келер болсақ, қызмет көрсету секторының едәуір бөлігі әртүрлі шектеулерге ұшырағандықтан, халықтың осы бағыттағы шығындары табиғи түрде 23%-ға азайған. Ал өңірлер бойынша – Солтүстік Қазақстан облысында 12,6%-дан, Шымкент қаласында 37,6%-ға дейін», деді ол.
Қорытындылай келе, Д.Шумеков білім беру қызметтеріне шығындардың айтарлықтай төмендегенін атап өтті (ел бойынша орта есеппен 63%-ға және Қостанай облысында 35%-дан Шымкент қаласында 86%-ға дейін).