Қазақстан • 22 Қазан, 2020

Ұлттық Кеңес мүшелері бас педагогпен кездесті

372 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірқатар мүшелері Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен онлайн түрде кездесті. Қашықтан өткен жиынды ел Президентініңкөмекшісі, кеңестің хатшысы Ерлан Қарин жүргізіп отырды. Ол алдымен ведомство басшысының осы уақытқа дейін кеңес мүшелерімен екі рет жүздескенін еске салып, ол жиындарда білім саласын дамытуға бағытталған жүйелі ұсыныстар көтерілгенін жеткізді.

Ұлттық Кеңес мүшелері бас педагогпен кездесті

«Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің Президент қатысуымен өтетін ертеңгі отырысы алдындағы бұл кездесуін біз қуана құптаймыз. Еліміздің бас педагогы кеңестің мамыр және тамыз айларында өткен басқосуларында айтылған ұсыныстар негізінде баяндама жасауға ниет етті. Бұл өзге ведомство жетекшілеріне де үлгі болады деген сенімдемін», - деп атап өтті Ерлан Тынымбайұлы.

 

Кездесуде Асхат Аймағамбетов үстіміздегі жылдың мамыр айында өткен ҰКПК-нің үшінші отырысының қорытындылары бойынша мемлекет басшысы Білім министрлігіне 27 тапсырма бергенін айтты. Оның 16-сы ағымдағы жылы орындалуы тиіс екен. Қалғаны – келесі жылдың еншісіндегі жұмыстар.

«Бүгінде біз кеңес мүшелерінің ұсынысы аясында әзірленген 27 тапсырманың 4-уін орындап үлгердік. 12-сі орындалу үстінде. Солардың бірі ретінде оқулықтардың барлығы-дерлік цифрлық жүйеге көшірілгенін айтуға болады. Біз енді келесі жылдан бастап оқулықтарды кітап түрінде де, электрондық түрде де тарататын боламыз. Бұл шаруаны Заңмен де бекітіп қойдық. Сонымен қатар бакалавр жүйесімен білім алатын студенттердің стипендиясын 26 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылданды. Ал докторанттардың стипендиясы 150 мың теңгеге дейін өсетін болады», - деді министр.

Асхат Қанатұлы өз сөзінде жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысын көтеру, мемлекеттік бағдарламалар аясында тегін кәсіптік білім беру, арнаулы оқу орындарына білім алу гранттарын бөлу, мектепке дейінгі білім беруді жаңғырту бағыттарында атқарылған жұмыстарды да баяндады.

Кездесуде кеңес мүшесі, белгілі журналист Максим Рожин ведомство басшысына ұстаздардың жалақысына қатысты сауалын қойды. «Қазіргі пандемиялық жағдайға байланысты мектептердегі білім беру жүйесінде өзгерістер орын алғаны белгілі. Бұл орайда, мұғалімдердің жүктемесі көбейіп, сыныптарын екіге бөліп оқытуда. Сондықтан олардың да еңбекақысы еселенуі керек еді. Алайда, бұл мәселеде кейбір аймақтарда проблемалар туындап жатыр», - деді М.Рожин.

Бұл сауалға қатысты Асхат Аймағамбетов былай жауап берді: «Қазіргі таңда елімізде 3 млн 400 мың оқушы бар. Пандемиялық жағдайға байланысты олардың 900 мыңы ғана мектептерде білім алуда. Мұның ішінде 600 мыңы кезекші сыныптарда оқып жатыр. Ал ұстаздардың мәселесіне келсек, бір мұғалімнің сыныбында 30 бала болатын болса, ол оқушыларын 15/15-тен екіге бөліп оқытады. Ұстаздың өткізген сағатына қарай, жалақысы да өседі. Бұл жүйе заңмен бекітілген. Алайда, олардың жалақысы республикалық бюджеттен емес, жергілікті әкімдіктерден бөлінуі керек. Сіз айтқан проблемалардан хабардармын. Шымкент қаласында, Қызылорда облысында орын алуда мұндай түйткілдер», - деген министр мәселенің оң шешімін табатынына сендірді.

Келесі сауалды көпбалалы аналар қозғалысының жетекшісі, кеңес мүшесі Ләззат Қожахметова қойды. Ол ата-аналардың ағылшын, орыс, қазақ тілдері пәндері онлайн түрде емес, мектеп қабырғасында оқытылса деген ұсынысын жеткізді. Сонымен қатар мұғалім жалақысы өскенімен, білім сапасының төмендеп кеткенін айтып шағымданды.

«Тағы айтарым, биыл арнаулы оқу орындары талапкерлерді аттестаттағы бағаларына қарап қабылдады. Ал ауыл балаларының аттестаттағы бағасы төмен. Сондықтан даладан келген көптеген талапкер кері қайтуға мәжбүр болды. Сондай-ақ қазіргі таңда ауыл квотасы 30 пайызды ғана құрайды. Осыны 50 пайызға дейін көтеруді ұсынамын», - деді Л.Қожахметова.

Министрдің айтуынша, ведомство барлық оқушының мектеп қабырғасында толықтай білім алғанын құптайды. Алайда, бұған рұқсат беретін құзырлы мекеме – Денсаулық сақтау министрлігі. Ал білім сапасының төмендеп кетуі ұстаздардың біліксіздігінен емес, онлайн оқудың салдарынан көрінеді. Өйткені, Ұлыбританияның өзінде білім сапасының көрсеткіші 49 пайызға, АҚШ-та 36 пайызға түсіп кеткен.

«Колледждерге талапкерлерді қабылдаудың аттестаттық жүйесі пандемиялық жағдайға байланысты биыл ғана қолданылды. Келесі жылдан бастап мұндай болмайды. Ал ауылдық квотаны 30 пайыздан 35-ке көтеруді жоспарлап отырмыз. Бұл орайда, мен квотаны емес, ауылдағы білім беру сапасын көтеруді ұсынар едім», - деп атап өтті Асхат Қанатұлы.

Онлайн-кездесу барысында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері – Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының бас директоры Арман Қашқынбаевтың, Әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы қорының президентіГүлмира Елеуованың, белгілі ақын Қазыбек Исаның, шетелдегі қандастар мәселесін қозғап жүрген Ауыт Мұқибектің ұсыныстары тыңдалды. Олардың көтерген мәселелері бойынша Білім және ғылым министрі жеке қабылдау өткізіп, талқылауға уағдаласты.