
КСРО Халық әртісі, Қазақ КСР халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, қоғам қайраткері, профессор, педагог, баритон дауысты аса көрнекті кеңес және қазақ опера әншісі Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев жасы 88-ге қараған шағында өмірден озды.
Ермек Серкебаев 1926 жылғы 4 шілдеде Петропавл қаласында туған. Ол 1941-1943 жылдары Алматы музыкалық училдищесінде скрипка сыныбы бойынша оқып білім алды. 1951 жылы Алматы консерваториясын профессор А.М.Кургановтың ән сыныбы бойынша бітірді. Ал 1947 жылдан бастап Қазақ опера және балет театрында солист болып еңбек ете бастады.
Өзінің таңғажайып таланты арқасында Ермек Бекмұхамедұлы 1953, 1956 және 1957 жылдары Бүкіләлемдік жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты атанды.
Әншінің репертуарында негізінен орыс және шет ел классикалық туындыларының басты рөлдері болды. Соның ішінде Жұбанов пен Хамидидің «Абай» операсындағы Абай партиясын орындады. Ал Дж. Россинидің «Севиль шаштаразы» операсындағы Фигаро рөлі әртісті жаңа қырынан танытып, оған әлемдік деңгейдегі даңқ алып берді. Оны сондықтан да Дмитрий Гнатюк «баритондардың королі» деп атаса, Муслим Магомаев «Кеңес Одағындағы ең үздік Фигаро» деп бағалады. Осы партиямен ол әлемнің көптеген елдерінің сахналарында өнер көрсетіп, өшпес із қалдырды.
Ермек Серкебаев 1973 жылдан Алматы консерваториясыда вокал сыныбы бойынша сабақ берді. Профессор бірнеше дүркін халықаралық беделді конкурстардың төрағасы және мүшесі қызметін атқарды. Солардың ішінде М.И. Глинка мен П.И. Чайковский атындағы халықаралық конкурстар да бар еді.
Ермек Серкебаев ұзақ творчестволық жолында «Қазақфильм» түсірген 4 фильмге де түсіп үлгерді.
Итальяндар үшін Энрико Карузо, орыстар үшін Федор Шаляпин қандай орын алса, Ермек Серкебаев қазақтар үшін тап сондай дәрежеде болды.
Өмірге сирек келетін дарын иесі, халқымыздың мақтанышы Ермек Серкебаев осылай өмірден өтіп бара жатыр.
Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!