Қоғам • 22 Қазан, 2020

Ұлттық кеңес аясында жарияланған саяси реформалар пакеті толық іске асты - Ерлан Қарин

143 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин Ұлттық кеңестің аясында атқарылған жұмыстар туралы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық кеңес аясында жарияланған саяси реформалар пакеті толық іске асты - Ерлан Қарин

"Мамыр айында өткен Ұлттық кеңестің үшінші отырысынан кейін кеңес аясында бірнеше бағытта ауқымды жұмыс жүргізілді. Ең алдымен хатшылық тарапынан Мемлекет басшысының Ұлттық кеңестің шеңберінде айтылған бастамаларын тиісті түрде жүзеге асыру бақылауға алынды. Атап айтқанда, екінші отырыста жарияланған саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалар пакеттерін жүзеге асырылуы ерекше назарға алынды. Бүгінде Ұлттық кеңестің аясында жарияланған саяси реформалар пакеті толық іске асып, мамыр-маусым айларында жеті заң қабылданған болатын", деді Е.Қарин.

Оның айтуынша, бұл заңдар көп партиялы жүйенің дамуына, саяси партиялар мәртебесінің артуына, жастар мен әйелдердің өкілетті билік органдарына белсенді тартылуына, адам құқығын қорғауға септігін тигізеді.

"Сондай-ақ қазіргі уақытта хатшылық экономикалық, әлеуметтік реформалар пакетінің жүзеге асырылуын бақылауда ұстауда. Мәселен, үстіміздегі жылдың 2 қазанында Сенатқа Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге жер салығының базалық мөлшерлемелерін 10-нан 20 есе ұлғайтуды қарастыратын заң жобасы қарауға енгізілді. Сондай-ақ ауыл шараушылығы жерлерін пайдаланбау мерзімін мәжбүрлеп қайтару үшін екі жылдан бір жылға қысқарту нормасын қамтитын заң жобасы жыл соңына дейін Мәжіліс қарауына өткізілуі жоспарланып тұр", - деді ол.