Аймақтар • 22 Қазан, 2020

"Бақытты отбасы" бағдарламасымен 511 отбасы баспаналы болды

586 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында айтылған міндеттер аймақтағы жұмысты ширата түскендей. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламалардың іске асуына жаңаша серпін беріліп, істің нәтижесі көріне бастады. Соның бір көрінісі баспана кезегінде тұрған адамдарды тұрғын үймен қамту ісінен байқалып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

"Бақытты отбасы" бағдарламасымен 511 отбасы баспаналы болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТоқаевҚазақстан халқына арнаған "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Жолдауында: "Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты. Нарық жағдайында тұрғын үйдің қолжетімділігі адамдардың табысына және осы міндетті өздігінен шеше алу қабілетіне орай жүзеге асады. Биылдан бастап "5-10-25" бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оған 390 миллиард теңге бөлінді. Үкімет осы бағдарламаның жүзеге асырылу барысын үнемі қадағалап отыруы керек", деген болатын.

Қазір кезекте тұрған адамдардың баспана мәселесін тезірек шешу жолы да айқындала түскендей. Мысалы, Алматы облысында биылғы маусым айынан бастап "Нұрлы жер" бағдарламасының жаңа бағыты – "Шаңырақ 5-10-20" бағыты іске асып жатыр. Жалпы, бұл бағдарлама 1986-2017 жылдар аралығында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға қол жетімді несие беруді жолға қоюымен ерекшеленеді. Бүгінде осы санатқа кіретін 39 809 жетісулық баспана кезегінде тұр екен. Ал оларды баспанамен қамту үшін республикалық бюджеттен тұрғын үй құрылысына 6,4 млрд теңге бөлінген. Басталған істің алғашқы нәтижесі де көріне бастады. Мәселен, осы бағдарлама арқылы биыл 476 адам өз шаңырағында қоныс тойлайды.

Жалпы, өңір халқын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың ішінде басымдыққа ие болып отырған да осы "Нұрлы жер" бағдарламасы. Облыста бағдарлама аясында 119 жобаны жүзеге асыруға 40,8 млрд теңге қарастырылған болса, оның 30 млрд теңгені құрайтын 52 жобасы тек қана тұрғын үй құрылысын қамтымақ. Ал биыл "Нұрлы жердің" шарапатымен 938,8 мың шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 136,0 мың шаршы метрүй пайдалануға беріледі. Демек, 519 тұрғын үйдегі 1 714 пәтер иелерін табады деген сөз. Жыл соңына дейін "Нұрлы жер" бағдарламасының барлық бағыттары бойынша 2843 отбасы баспаналы болады деген үміт бар. Оның ішінде 725 көп балалы отбасының тұрғын мәселесі толықтай шешіледі. Әлеуметтік қолдау картасы аясында бұл отбасылардың барлығы тұрғын үй сертификаттарына ие болады. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 500 млн теңге бөлінген болатын.

"Нұрлы жер" бағдарламасы дегенде, Алматы облысында тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылым құрылыстарына 39,8 млрд теңге бөлінгенін айтуға болады. Бүгінде аймақта барлығы 1630 пәтерлік 532 тұрғын үй салынуда. Қазірдің өзінде 640 пәтерлік 32 үй Талдықорған, Қапшағай қалалары мен Іле, Қарасай, Жамбыл, Талғар және Қаратал аудандарында пайдалануға берілді. Одан бөлек жекеменшік құрылыс компаниялары Талдықорған, Қапшағай қалалары мен Іле, Қарасай, Жамбыл, Көксу аудандарында 1 163 пәтерлі 34 үйдің құрылысын жүргізіп жатыр", дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Сондай-ақ, Жетісуда өткен 9 айда құрылысы аяқталған 365 баспана "7-20-25" бағдарламасы бойынша өз иесін тапса, "Бақытты отбасы" бағдарламасымен 511 отбасы тағы тұрғын үйлі болды. Мұнан бөлек, несиелік тұрғын үй құрылысы бойынша жалпы ауданы 51,4 мың шаршы метр болатын тұрғын үй құрылысы басталған. Бұған 10,4 млрд теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде 648 пәтерлік 51 зәулім үй бой көтермекші. Атйпақшы, несиелік тұрғын үй бағдарламасына қатысуды көздейтін тұрғындар саны облыстың мегаполиспен шектесетін аудандарында көбейіп отыр екен. Сұранысқа сәйкес, биыл Алматы агломерациясының шеткері бөлігінде жалпы ауданы 52,5 мың шаршы метрболатын құрылыс басталған. Нәтижесінде 740 пәтерден тұратын 88 үй салынады. Бұл мақсатқа 7,1 млрд теңге қарастырылса, оның 6,2 млрд теңгесін облигациялар құраған, ал бірлесіп қаржыландыру  құны 9 млрд теңгеге жетіп отыр.

 


Алматы облысы