Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Пандемия интеграцияланған саясаттың адымын кері бұрып, әлемдік көші-қон саясатын қош көрмейтінін байқатты. Алпауыт елдер де есік-терезесін қымтап, оқшаулануға көшті. Мәселен, АҚШ президенті Дональд Трамп 2021 жылы елге қабылданатын мигрант санын 15 мыңға дейін шектеуді ұсынды. Аталған елдің Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде бұл COVID-19 эпидемиясы жалғасқан кезеңде америкалықтардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын бірінші кезекке қоятынының көрсеткіші екені, босқын санының төмендеуі шетелге жіберілетін гуманитарлық жәрдем мен қақтығыстардың алдын алумен теңдестірілетіні баса айтылды. Трамп ұсынған шектеу саны АҚШ тарихында қабылданған ең төменгі көрсеткіш. Би-Би-Си Көші-қон саясаты институтының зерттеуіне сілтеме жасай отырып, иммигранттар қазіргі кезде АҚШ-тағы жұмыс орындарының
17%-ын иемденетінін жазды.
Атап айтқанда, дәрігерлердің 29%-ы, үйде күтім жасайтын әлеуметтік қызметкерлердің 38%-ы, қоғамдық көлік жүргізушілерінің 34%-ы және азық-түлік дүкендері сатушыларының 16%-ы сырттан көшіп келгендер. Трамп президенттікке келген алғашқы жылы 45 мыңды құраған босқындар саны кейінгі жылдарда сатылы түрде 18 мыңға дейін азайды.
Францияның еңбек мигранттарын реттеуге бағытталған заңнама қатаңдау. Еңбек күшін тарту барысында жұмыс беруші шетелдікке ұсынылатын жұмыс орнының француз азаматтарын қызықтырмағанын дәлелдеуі керек. Сонымен қоса, кей мамандыққа жеңілдетілген визалық режім ұсынылады. Бұл санатқа мәдениет пен өнер өкілдері кіреді. Аталған елде еңбек ресурстарының есебін жүргізетін нақты жүйе қалыптасқан. Бұл бойынша Францияға ел экономикасына қажет мамандар ғана келеді. Яғни құзырлы мамандықтарға сұраныс алдын ала зерттелген миграциялық карталар бойынша ғана ресімделеді.
Қабылдаушы елдің тілін білу қажет
Әлемде мигранттарды қабылдау бағдарламасы болмаса да, мемлекеттер халықаралық заң шеңберінен шықпауға тырысады. Ресейде 2012 жылдан бастап шетелдік білім беру мекемелерінде 160-тан астам орталық жұмыс істеді. Олар шетел азаматтарына шет тілі ретінде орыс тілінде мемлекеттік тестілеуді өткізу құқығын алды. Экономист Александр Гребенюк көктемде Ресейдегі миграциялық үдерістерді талқылаған халықаралық конференцияда бұл мәселені түпкілікті шешудің төте жолы – орыс тілін Ресейге келген күннен бастап емес, елдерінде, мектептен бастап үйрету қажеттігін айтты. Яғни мигранттар Ресейге келіп, орыс тілін үйренеді деген сөз – утопия. Адамдар орыс тілін үйрену үшін емес, жұмыс істеп, нәпақа табу үшін келеді.
– Ресей экономикасына, бизнесіне маман керек. Біз ендігі жерде мигранттардың орыс тілін меңгеруін тағы бір сатыға көтеруіміз керек. Бізге орысшасы нан сұрап алуға ғана жететін емес, орыс тілінде заң алдында қорғана алатын мигранттар керек, – деп түсіндірді Гребенюк көші-қон саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күреске арналған конференцияда. Ресей экономикалық-қаржы жағынан да өздеріне жел тимейтін мүмкіндіктің бәрін қарастырып жатыр. Бұдан былай жұмыс күшіне еңбек патенттері Ресей миграция қызметінің аумақтық бөлімшелері арқылы 1 мың рубль төлегені туралы түбіртек көрсеткенде ғана беріледі. Бұл 1 айдан 3 айға дейін жарамды, сосын 1 жылға ұзартуға тағы төлем жасайды. Бұл жүйе Қазақстанға да тиімді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, елімізде 16 мыңнан астам шетелдік азамат жұмыс істейді. Яғни елімізде 2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 16 мың шетелдік жұмыс күші жүр. 641 рұқсат бірінші санат бойынша (басшылар және олардың орынбасарлары), 3 449 – екінші санат бойынша (құрылымдық бөлімшелердің басшылары) берілді. Шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттардың негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттар бойынша – тиісінше 7 461 және 1 125 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға – 1 735, корпоративтік ауыстыру шеңберінде 1 694 адам тартылды. Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 785 жұмыс беруші бар. Онда
455 816-ға жуық Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл жалпы жұмысшылар санының 96%-ын құрайды. Еңбек мигранттары шығатын негізгі елдер: Украина – 3 511 адам, Таиланд – 1 723, Түркия – 1 669, Өзбекстан – 1 186, Сербия – 1 065. Еске сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді. Биыл шетелдік жұмыс күшін тартуға республиканың экономикалық белсенді тұрғындарының 0,32%-ы мөлшерінде (шамамен 29,3 мың адам) квота белгіленді.
Ұлттық мүддеге қауіп төніп тұрған жоқ
Әлеуметтанушы Әзімбай Ғали еліміздің миграция барысынан шет қалмайтынын айтады. Демек жан-жағымызға қарап, заңдарымызды халықаралық бағытқа қарай бейімдейтін кез келді. Ғалымның түсіндіруінше, әлемдік және ЕАЭО шеңберіндегі миграциялық процестердің қазақстандық сегментіне қатысты тұстарын ұзақмерзімді экономикалық стратегия тұрғысынан зерттеп, сыртқы жəне ішкі өлшемін зерделеп, кез келген қарсыласты пайыммен, санмен, сапамен алып жығуға дайын деңгейге көтеретін кез келді. Себебі дамыған елдер үшін миграциялық интеграциядан генофондына, этнодемографиялық балансына және ұлттық мүддеге қауіп төніп тұрған жоқ. Бәрі заңмен қорғалған.
ЕАЭО қабырғасында осы мәселені заңдастыруға талпыныс жыл сайын мәселенің экономикалық сипатын қалыңдатып келеді. Сондықтан сарапшылар ЕАЭО аумағында қолданыста жүрген заңдар мен нақты тәжірибеде айырмашылықтар көп екеніне алаңдайды. Себебі мигранттар саны бойынша ресми статистика көрсеткен мәлімет пен нақты көрсеткіш бір-бірімен үйлеспейді. ЕАЭО-ға мүше елдердің барлығында, құрылыс саласында мигранттардың үлесі шектен тыс жоғары. Сондай-ақ жұмыс күші жетпей жатқан жұмыс орындары одаққа мүше елдердің бәрінде бар.
Еуразиялық даму банкінің 2017 жылы дайындаған құжатында мұндай ортақ еңбек нарығы әлемде әзірге екеу екені айтылды. Бірі – Еуропалық одақ болса, екіншісі – ЕАЭО. Парсы шығанағындағы елдердегі, Аустралия, Жаңа Зеландиядағы ортақ еңбек нарықтарында шектеулер жетерлік. Ал ЕАЭО аумағында қолданыста жүрген заңдар мен нақты тәжірибеде айырмашылықтар көп. Сондықтан саясаттанушы Ә.Ғали мигранттарды жұмыс күші жетпей жатқан тұстарға бағыттауды мақсатты, өркениетті түрде жүргізгендер ұтылмайтынын айтады. Осы бағыт бойынша Қазақстанда маусымдық жұмысқа тартылатын мигранттар мәселесін де шешуге болады екен. Ал Қазақстанға келер болсақ, ЕАЭО миграциясын ТМД елдері миграциясынан бөліп қараудың мүмкін емес екенін отандық сарапшылар да айтып жүр.
Стихиялы миграция қатарына жатқызды
Олар миграциялық картадағы «Қандай мақсатпен келдің?» деген сауалға «саяхат» немесе «жеке шаруаммен» деп жауап береді екен. «Бұл бізге тиімді ме?» деген сұраққа әлі толыққанды жауап жоқ. Қазақстанға қандай жұмысшылардың келіп, қандай жұмыс табатынын есепке алғанда, қолданыстағы квота нақты қажеттілікке сай келмейді. Заңсыз еңбек мигранттарының легін азайту үшін олардың заңды түрде жұмыс істеуіне анағұрлым оңтайлы жағдай жасаған дұрыс. Бұл миграция саласындағы сыбайлас жемқорлықты азайтуға септігін тигізуі де әбден мүмкін.
Саясаттанушы сөз арасында реттелмеген миграция этностық құрамымызға қауіп төндіріп тұрғанын, этнодемографиялық баланстың тепе-теңдігі – ұлттық қауіпсіздік категориясы екенін айтады. Мұны ашық жүргізу керек. Этнодемографиялық баланстың тепе-теңдігі – ұлттық қауіпсіздік категориясы екені ашық айтылғанда ғана. Қазақстан азаматы болғысы келген азамат қазаққа сіңетін, қазаққа бейім этносқа айналатыны ақиқат.
Саясаттанушы сөз арасында әлемдік саясат, әсіресе империялық елдер тіл мәселесінде «жұмсақ, икемді саясатты» жиі пайдаланатынын айтып өтті. Мысалы, Қытайда немесе Ресейде тіл мәселесінен туындап жатқан проблема жоқ. Себебі соңғы жүз жылдықтардағы тілге қатысты «жұмсақ саясат» бір тіл, бір ұлттың төңірегінде топтасқан халыққа қарсылықты икемділік пен жергілікті ұлттың менталитетімен санасатын бейімділікке айналдырды.
Ортақ еңбек нарығы мәселесі көтеріле бастады
Ортақ еңбек нарығы тіл мәселесін қоса көтеруі тиіс еді. Мигранттарға қатысты тіл мәселесін реттеп, көңілін жайландырып алған Ресей бұл тақырыпты ЕЭК қабырғасында көтеруге мүдделі емес. Халықаралық заң бойынша мигранттардың Қазақстанда туған перзенті Қазақстан азаматы болып табылады. Олардың құқығы бәрімізбен бірдей.
– Ресей мигранттардан орыс тілін білуді міндеттейтін заңды ЕО-ға мүше елдердің тәжірибесінен алды. Демек, елге сырттан келген жұмыс күшіне мемлекеттік тілді меңгеруді міндеттесек, ешкімнің құқына қол сұқпаймыз. Бұл халықаралық тәжірибеде бар үрдіс. Бізге де бастауы Еуропадан келіп, Ресейде заңдастырылған тәжірибені қолданысқа енгізетін кез келді, – дейді Ә.Ғали.
Саясаттанушы осы ретте көрші ел тілге қатысты жұмсақ саясаттың мүмкіндігінен тағы да үміттеніп отырғанын, бұл мәселені кейінге сақтап отыруы әбден мүмкін екенін айтып өтті. Себебі бүгінге дейін ЕАЭО жұмыс тілі – орыс тілі. Өзге мүше елдердің жұмыс тілі барлық мүше мемлекеттердің тілінде қатар жүргізілсін деп талап қойған кезі есте жоқ. ЕО-нің бізге мүше болып отырған одақтан айырмашылығы мүше болып енген 23 мемлекеттің ресми тілінің құқы бірдей. «Демократия Еуропалық одақ пен Парламент үшін өте маңызды. Парламент – барлық еуропалық азаматтардың өкілі. Демократияның табысқа жетуі үшін әркімнің Еуропалық одақта өз тілінде бизнес жасай алуы маңызды. Көптілділік – Еуропалық парламенттің маңызды ерекшеліктерінің бірі» екендігі ЕО сайтының басты парақшасында айтылған.
– ЕАЭО қабырғасында интеграция мәселесі жиі көтеріледі. Ал ортақ еңбек нарығы мәселесін 2015 жылдан бастап айтып келеді. Ортақ еңбек нарығы айтылған жерде ортақ тіл мәселесі де сөз болуы керек. Бірақ бұл мәселеге бірде-бір мемлекет назар аударған емес, – деген Ә.Ғали тіл мәселесін көтеретін кездің сәті туып тұрғанын жеткізді. Бұл үшін Ресей тәрізді біздің ел де «Қазақстанда жұмыс істегісі келген ЕАЭО мүше елдер азаматтарының қазақ тілін меңгеруі өзінің құқын қорғайтын деңгейде болуы керек», деген мәселені алдымен ЕЭК қабырғасында көтеріп, мақұлдатып, содан соң өз елімізде заңдастыру керек. Ортақ еңбек нарығы күшіне енген кезде мигранттар саны көбейеді. Бұл фактор этнодемографиялық балансымызға кері әсерін тигізуі, мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын тіптен тарылтып жіберуі мүмкін.
Ә.Ғали ана тілімізге төнген кез келген қауіпті қазақ ұлтының үлес салмағымен еңсере алатынымызды айтып өтті. Соңғы кезде басымдық қазаққа ойыса бастағаны сезіле бастады. Бұл үкіметтік деңгейде мойындалмаса да, халықтық-ұлттық деңгейде байқала басталған ресми емес ұстаным екен. Мұның бәріне қазақтың үлес салмағының басым болуы және халықтық дипломатия ықпал етіп отыр. ТМД, Орталық Азия елдерінен келген азаматтар қазақтармен мемлекеттік тілде сөйлесуге ыңғай танытып жүр. Бұл құбылыс Алматы мен Нұр-Сұлтанда да байқалды.
– Қазақстанда сырттан келіп, келісімшартпен жұмыс істейтіндер мигранттардың 10 пайызына да жетпейді. Сырттан келген жұмыс күші қазақ тілін меңгеруі керек деген ресми талап керек. Қалған 90 пайыз құрылыста, базарда жүрген жұмыс күштерін «ресми емес дипломатияның» күшімен-ақ қазақша сөйлете аламыз. Демек осы мәселені мемлекеттік деңгейде заңдастырсақ, қазақ жерінде жұмыс істеуге келген әрбір шетелдік азамат қазақ тілін үйренуге назар аударады, – дейді Ә.Ғали.
Үкіметтің ықыласы – үлкен қалаларда
Саясаттанушы еңбек нарығына сырттан жұмыс күші қажет дегенге сенбейтінін айтты. Бізде жұмыс күшін керек ететін сала – құрылыс, қоғамдық қызмет көрсететін орындар, базар, маусымдық жұмыстар. Бұл мәселе елімізде ЕАЭО-ның ортақ еңбек нарығынсыз, өзбек, тәжік, қырғыз ағайындардың араласуымен әлдеқашан шешілген. Қазақстанда ішкі және сыртқы миграция, көші-қон мәселесінде көп мәселе реттелген жоқ. Барлық салмақ Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына түсіп жатыр. Үшінші және төртінші мегаполис болады деп үміттенген Шымкент пен Түркістан қаласы да мигранттарға әлі тартымды емес. Сол себепті Қазақстанға бағытталған ішкі және сыртқы миграциялық салмақтың жүгі қос қалаға бағытталып тұр.
Саясаттанушы үкіметтің ықыласы тек үлкен қалаларды дамытуға ауып кеткенін, миллионер қала атану үшін жасырын күрес жүріп жатқанын жеткізді. Себебі миллионер қалалардың бюджеті де қомақты, кейбіреулер үшін алтын балықпен бірдей. Оның пайымдауынша, ел бойынша демографиялық өсімнің ала-құла болуына дәл осы саясат зиянын тигізіп отыр. Миллионер қала атану қазір тренд болудан қалып барады. Париж, Лондонның өзі миграциялық жүгін айналасындағы шағын елді мекендермен бөлісуге тырысып жатыр. Бұл фактор Ресейде 2000 жылдардың бас кезінде талқыланып, мақұлданбай қалған сәтсіз жоба көшірмесінің жаңғырығы. Қазір Ресейде Мәскеу, Санкт-Петербург тәрізді тұрғындары 30-40 млн-нан асып кеткен қалаларға жақын орналасқан ауылдарға қала үлгісіндегі елді мекен мәртебесін беріп, екі қаладағы кәсіпорындарды сол жаққа қарай көшіріп жатыр.
– 2019 жылдың қорытындысы бойынша Мәскеу мен Санкт-Петербургте тіркеуге тұрғысы келетін ресейліктердің саны өткен жылдармен салыстырғанда 7,2%-ға азайыпты. Ресей билігі осы шешімі арқылы екі қаланың бұзыла бастаған экологиясын сауықтыруға қадам жасады. Елсіз, босап қалған елді мекендерге ел қондырды. Демек сыртқы және ішкі көші-қон мәселелерінде бір-бірімен байланысып жататын, бір-бірін толықтырып тұратын мәселелерді тіл саясатына қарап бейімдейтін уақыт келді, – дейді Ә.Ғали.
АЛМАТЫ