Аймақтар • 23 Қазан, 2020

Қауіпсіздік шараларын қатаң ұстану керек

255 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаһанды жайлаған коронавирус індетімен күресу мақсатында Жамбыл облысында карантин талаптары қайта күшейтілді. Бұл орайда, облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев жер­­гілікті жұртшылықты сақтық шараларын барынша сақтауға шақыр­ған еді. Өзі де облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсыр­масымен құрыл­ған арнайы топпен бірге Тараз қала­сындағы бірқатар мейрамхананы аралап, той және тойхана иелеріне жиын-тойларды тоқ­тату керектігін айтып, түсіндіру жұмыс­тарын жүргізген бола­тын.

Қауіпсіздік шараларын қатаң ұстану керек

­­­

«Барлығымыз бұқаралық ақ­парат құралдарының беттері­нен оқып, хабардар болып отырмыз. Бүгінде көршіміз Ресейде күн са­йын 15 мыңдай адам коронавирус пен пневмония жұқтырып жа­тыр. Еліміздің солтүстік, орта­лық, батыс өңірлерінде де індетке бай­ланысты карантиндік шаралар қайта күшейді. Демек біз де сақтануымыз керек. Сондықтан да облыс әкімінің тапсырмасымен құрылған, құрамында тө­тен­ше жағдай, полиция, бұқа­ралық ақпарат құралдары сынды орган­дардың өкілдері бар арнайы топ күн сайын рейдтерге шығып, мей­рамханалар мен тойханаларды аралап жүр. Өкінішке қарай, тәр­тіпті бұзып, жасырынып той жа­сап жатқан азаматтарымыз көп.­ ­Мен бес тойханаға бас сұғып, 100-­120 адамды қамтыған жиын, той­­­д­ың үстінен түстім. Сонша қо­нақ­­тың біреуі дертті болса, той­ға келгендердің кем дегенде жар­тысына жұқтыратыны анық», дейді ол.

Өңірде алғаш рет той ұйымдас­тырғандарға ескерту берілген болса, ал қайталағандарға 640 мың теңге көлемінде айыппұл са­лынған. Жалпы, Тараз қаласы бойынша бүгінге дейін 1 284 нысан тексеріліп, 94 хаттама тол­тырылған. Айыппұлдың жалпы көлемі 10 972 120 теңгені құ­­рапты. Енді тұрғындардың қауіп­­сіздігін қамтамасыз ету мақсатында Жамбыл облысында қауіпті індеттің таралуын те­жеп, тұрақты санитарлық-эпи­демиялық ахуалды сақтау үшін стратегиялық жоспар әзірленіп, бекітіліп отыр. Аталған жос­пар арнайы қызметтер мен меке­мелердің шектеу шараларының төмен, орташа және жоғары дең­гейіне әзірлігін қамтамасыз етеді. Бекітілген жоспардың орындалу барысы туралы өңірлік жедел штаб­тың кезекті отырысы да өтті.

Облыс бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіп­сіздігі және сапасын бақылау депа­ртаменті басшысының мін­детін атқарушы Нейля Мули­кова ауқымды ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізу керектігін ба­са айтуда.

«Тұрғындар вирустың әлі де қауіп­ті екенін түсінуі керек. Қатаң шектеу шараларын ұста­ну арқылы ғана біз өзіміз бен жақындарымызды қорғай аламыз. Халықтан медициналық мас­ка тағу режімін ұстанып, әлеу­меттік арақашықтықты сақтауды талап ету керек. Жоспарланған бар­лық шарадан бас тартқан жөн», дейді Н. Муликова.

Өңірде жиын-тойларды бол­дыр­мау, іс-шараларға тоқ­тау салу сияқты қажетті жұмыс­тар жүр­гізілуде. Бұл ретте облыс­тық денсаулық сақтау басқарма­сы­ның басшысы Әсет Қалиев басты мақсат – індеттің жаппай таралуына жол бермеу екенін айтады.

«Дәрігерлер коронавирус ин­фекциясының таралуы мүмкін екінші толқынына дайындықты мықтап қолға ал­ды. Сол сияқты тұрғындар да ін­дет­тің асқынып кету қаупін төмен­детуге қам жасауы керек», деді ол.

Қазіргі таңда өңірде барлығы 2 530 төсектік орын дайындалған. Оның ішінде реанимациялық бөлімдерде 253 төсек бар. Ал ме­ди­циналық мекемелер­де өкпені жасанды тыныстандыру­ға ар­налған 253 аппарат, 706 от­тегі баллоны, 542 оттегі концентраторы, 1 009 пульсоксиметр, 19 цифрлық рентген аппараты, 10 компьютерлік томограф және 7 магнитті-резонансты томо­граф дайындалған. Тағы да қосымша 74 өкпені жасанды тыныстандыру аппараты, 7 компью­тер томографы, 4 цифрлық рент­ген аппараты, 4 оттегі стансасы, 74 санитарлық автокөлік, 8 жылжымалы медициналық кешен және 100 көпфункционалды төсек жет­кізілетін болады. Ал қауіп­ті індетпен күреске 4 410 меди­циналық қызметкерді жұ­мыл­дыру жоспарлануда екен. Өңірдің бас дәрігерінің айтуынша, же­ке қорғаныш құралдарының жет­кілікті мөлшері жасақталған. Мониторингтік топтар 3 ірі ауруханада дәрілердің тапшылығын анықтаған. Берілген өтінімдерге сай «СҚ-Фармация» ЖШС ме­ди­циналық препараттарды жет­кізіп береді. Ал бұл орайда «СҚ-Фармация» ЖШС-ның өңірдегі өкілі Айжан Тортаева дәрілерді уақ­тылы жеткізуді компания бас­ты назарда ұстайтынын айтты.

Бүгінгі таңда аймақта корона­вирус індетінен сақ­тану үшін барынша жүйелі жұ­мыс жүр­гізілуде. Облыс әкі­мі Б.Сапар­баев жергілікті денсау­лық сақ­тау басқармасының бас­шысы Ә.Қалиевке барлық реа­ни­ма­циял­ық төсектердің өк­пені жа­санды тыныс алдыру аппара­тымен қамтылуын бақы­лауға алу­ды тапсырған болатын. Сон­дай-ақ облыс әкімі аудан әкім­­деріне де ауруханалар­ды аралап, медициналық инфра­құ­рылымның коронавирус інде­тінің болуы мүмкін ке­зек­­ті тол­қынына дайындығын тексеру­ді мін­деттеді. Дегенмен қазір­гі кезде облыста адамдардың қа­уіп­­сіздігі үшін барлық мүм­кін­дік жасалуда. Денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Ә.Қалиевтің айтуынша, бүгінде тұ­мауға қарсы екпе 243 278 адам­ға егілген. Бұл жұмыстар әрі қа­рай да жалғасады.

 

Жамбыл облысы