Білім • 23 Қазан, 2020

«Серпіннен» серпіліс күтеміз

606 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Серпін» жобасында серпіліс бар ма? Мемлекеттік бағдарламаға қомақты қаржы бөлініп, оңтүстік өңірдің жастары солтүстікке келіп тегін білім алуда. Жергілікті жерде біршама жағдай да жасалуда. Жеті жыл бұрын жүзеге асырыла бастаған бағдарлама қаншалықты баянды болды?

«Серпіннен» серпіліс күтеміз

Аталған бағдарлама бойынша игілік­ті істі қолға алғандардың бірі – облыс орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті. Бұл оқу орнын талай жас бітіріп шығып, үлкен өмірге жолдама алды. Әуел бастағы «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» деп аталған мемлекеттік бағдарламаның түпкі мақсаты адамы тығыз орналасқан оңтүстік өңірдің жастарын солтүстікке әкеліп жерсіндіру, білім беріп, белгілі бір мамандықтың иесі етіп, түпкілікті қоныстандыру болатын. Сондықтан да тегін оқытылып, жайлы жатақханамен қамтамасыз етілді. Бірден айта кетелік, төмен балмен тегін грант ұтып алып, бағдарламаның шарапатын көрген түлектер әуел баста көңілдері қалап келген солтүстікті жерсінбей, қайтадан өз аймақтарына аттануда. Мәселен, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті соңғы үш жылда «Серпін» бағдарламасы бойынша оқыған 714 түлекке диплом берген. Алғашқы түлектерінің 90 пайызы жұмысқа орналасқан. Одан соң бұл көрсеткіш не бары 60 пайызды қамтыған. Биыл тек 40 пайызы ғана жұмысқа орналасты. Сонда мемлекеттің мол қаржысы өнімсіз іске босқа шығындалып жатқан жоқ па деген орынды сауал туады. Бұл мәселе жергілікті жердің де біршама өкпе-назын тудырып отырғанын айта кетелік.

Әрине, алғашқы ой, мақсат өте жақсы. Бұл өңір білікті мамандарға сусап отырғандығы да шындық. Оның үстіне қазақы қалыбы мықты оңтүстік өңірінің жастарымен бірге рухани әлемімізге жылы бұлақтың қосылатындығы даусыз. Өз ана ті­лінде еркін сөйлеп, ұлттық әдет-ғұ­рыптарымызды мықтап сақтаған жалынды жастар орыс тілі орғып тұрған өңірдегі ұлт кескінін өзгертуге үлес қосар еді. Әттең, мемлекет тарапынан жасалып жатқан жақсылықтың шарапатын көріп, қолына диплом тиген соң тұрақтап қалмайтыны өкінішті-ақ.

Бәрі бірдей дей алмасақ керек. Белін бекем буған соң тұрақтап қалғандары да аз емес. Айталық, біз Шымкент өңірінің тумасы, «Серпін» бағдарламасының түлегі Фарида Қадырбековамен сөй­лестік. Оқу орнының киім дизайны мамандығын меңгеріп шыққан ол облыс орталығындағы жоғары техникалық колледжге жұмысқа орналасып, тәп-тәуір еңбек етіп жүр. Шетелден жеткізілген тігін машиналарының тілін меңгеріп, білім алушыларға киім тігудің қыр-сырын үйретуде. Фариданың айтуына қарағанда, өзімен бірге солтүстік өңірге білім іздеп келген, әуел баста орнығып қаламын деген талай жас болмашы сылтауларды айтып, келген іздерімен қайтып кеткен.

– Шындап іздесе жұмыс табуға әбден болатын еді. Тек бойыңда ынтаң болсын, – дейді Ф.Қадырбекова, – мен де бастапқы бетте жұмыс таба алмадым. Кейін міне, өзім қалаған мамандық бойынша орналастым. Біз мемлекеттің мүддесін дұрыс түсінуіміз керек. Сонда ғана ел іргесін бекемдей аламыз.

Серпіндіктердің биыл жұмысқа ор­наласа алмауына жаман тұмаудың өршуі себепші болды дейтіндер де бар. Бірақ бұл жалқының емес, жалпының басындағы жағдай ғой. 

– Биыл «Білім туралы» заңға арнайы бағдарламамен оқу бітірген түлек үш жыл бойы жіберілген аймақта сынамадан өтуі міндетті деген өзгерту енгізілді. Түлектермен онлайн жиналыс өткізіп, жұмысқа орналасу мәселесін талқыладық, – дейді университеттің жұмысқа орналастыру орталығының жетекшісі Айжан Тәжмиева, – жергілікті кәсіпорындар жұмыспен қамтамасыз ете бермейтіндігі белгілі. Оның да өзіндік себебі бар, көп ретте еңбек өтілі талап етіледі. Сондықтан бағдарламаға жер­гілікті атқарушы билік тарапынан да қолдау керек. Реті келіп жатса, баспана мәселесі де қарастырылса, оң болар еді.

«Серпін» бағдарламасы бойынша білім берушілердің алдыңғы легіндегі университет былтыр 450 адам қабылдаса, биыл 266 жасты қабылдапты. Осы жылы облыс орталығындағы колледждерді 176 білім алушы бітіріп шыққан. Оның 89-ы ғана жұмысқа орналасқан. Сонда «Серпіннен» серпіліс бар деп айта аламыз ба?

Бағдарламаның баянды болуын қадағалау жағы кемшін. Біріншіден, қоныс аударуға кәміл бет бұрғандармен жұмыс жүргізу керек. Тегін оқып, білім алған соң тұрақтап қалу тетігін жетілдірген ләзім. Үйдегі ойды базар­дағы нарық бұзып кетпеуі үшін тек қана жағдай тудырған жетімсіз, бәлкім қатаң талап қою да керек шығар.

 

Ақмола облысы