20-шағын ауданда орналасқан жеңіс бағына серуендеп, демалуға қала жұртшылығы көп келетін. Енді күтім жоқтығынан жетім қыздың күйін кешіп тұр. Оны өз иелігіне алған жеке кәсіпкердің үйіп-төккен уәдесі далада қалды. Осы жағдай соғыс ардагерлерін алаңдатты, дабыл қағуға мәжбүр етті.Жуырда облыс әкімі Серік Біләлов құрылыс, сәулет басқармаларының басшыларын , аға ұрпақ өкілдерін жинап, осы мәселеге байланысты жиын өткізді.
Серік Сұлтанғазыұлы Есіл өзенінің жағасында қоныс тепкен саябақтың коммуналдық меншікке қайтарылғанын, енді 12 гектар аумақты Ұлы Жеңіс мерекесіне дейін қалпына келтіру міндеті тұрғанын жеткізді. Облыстың бас сәулетшісі Валерий Затай алда атқарылатын іс-шаралар жоспарымен таныстырды. Жобаны қаржыландыруға 35 миллион теңге жұмсау қарастырылған. Ол үшін арнайы қор құрылып, еңбек ұжымдары мен бизнес өкілдерін тарту көзделген. Композициялық кешен әскери-патриоттық, аттракцион, спорт секілді секторларға бөлініп абаттандырылады. Бұл орайда әрқайсысының өз ерекшеліктерін сақтай отырып жоғары эстетикалық талғаммен безендіруге барынша мән беріледі. Десек те, басты идея жаумен арыстанша арпалысқан солтүстікқазақстандық жауынгерлердің отты жылдардағы ерен ерліктерін паш етуге, елді, жерді сүю секілді патриоттық қасиеттерді жас буынның бойына сіңіруге тоғыстырылатын болады. Даңқ аллеясына қыршыннан қиылған боздақтардың шағын мүсіндері орнатылып, әскери блиндаж жасалады. Әскери қарулар қойылады. Бұдан тысқары қоршауларды ауыстыру, жолдарды жөндеп, өрнектастармен әшекейлеу, қайықпен серуендеу аймағын жасау мәселелері де жіті ойластырылған.
Өмір ЕСҚАЛИ, Петропавл.