Руханият • 23 Қазан, 2020

Осы жұрт Жұмағалиды біле ме екен?!

737 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Атаусыз қалған, есімі көп айтыла бермейтін Алаш арыстарының бірі – Жұмағали Тілеулин. Сөз әлібін осылай сабақтасақ та, 2018 жылдың соңында Көкшетау қаласындағы Левон Мирзоян көшесіне Алаш­тың айтулы қайраткері Жұмағали Тілеулиннің есімі берілгені бар.

Осы жұрт Жұмағалиды біле ме екен?!

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

­­

Анығында тағдыры қиын тарихи тұлға туралы жалпақ жұрт жете біле бермейді. Жазықсыз құрбан болған аяулы жанның ауыр тағдырын, көкірегінде кеткен асыл арманын өскелең ұрпақтың білгені жөн. Өнеге үшін, тәлім үшін.

– Менің атам Тілеулі мен әжем Ерке екеуі Шаймерден, Мұқаш, Есім, Сапи (менің әкем) және кенжесі Жұмағали есімді бес ұл тәрбиелеп өсіреді. Жұмағали бала кезінде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Ғ.Мүсірепов ауданында Жа­маншұбар ауылында молдадан сауат ашып, білім алды. Жасынан білімге құш­тар баланың алғырлығы мен зеректігін көрген ағасы Шаймерден оны Қаратал ауы­лындағы өзінің досы Құсайын Темір­бековке орыс-қазақ мектебінде білім алуға береді. Арабша, орысша білімді Жұмағали дәрігер Құсайынның (халық арасында оны солай атаған) ақыл-кеңесімен Омбы­дағы әскери-фельдшерлік мектепке оқуға түседі, оны 1913 жылы тәмамдайды, – дей­ді Жұмағали Тілеулиннің немере інісі Бекет Тілеулин, – мектеп бітірген соң ауыл­­да жұмыс істеп, кейін Құсайын Темір­бе­ков­тің рұқсатымен оның қызы Райханға үйленіп, Петропавл қаласына кетеді. Сол жерде жары екеуі үш ұл тәрбиелеп өсіріп, қиын тағдырды бастарынан кешіреді. 1938 жылдың 17 ақпанында Ішкі істер ха­лық комиссариаты басқармасы «үштігінің» қаулысымен «халық жауы» ретінде ату жазасына кесілді. Атамыздың өмір жо­лы шынында да ауыр. Ол ағарту ісі­нде, денсаулық сақтау саласында, сонымен бірге мемлекеттік және қоғамдық орын­дарда қызмет еткен қайраткер. «Алаш­орда» қозғалысының белді өкілі болды. Тарихтан белгілі, бұл қозғалыстың көздеген мақсаты қазақ мәдениетін, қазақ тілін дамытып, қазақ жастарының білім алуын алға қою еді. Ең бастысы, олар Алаш автономиясын құруды қажет деп санады. Бұл партияның қайраткерлері қазақ халқына қызмет ету бағытында көп еңбек сіңірсе де, соңы қайғылы аяқталды. Саяси партияның белді өкілдерінің ішінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыровпен бірге Жұма­ғали Тілеулин де болды.

Қызылжар қаласында уездік дәрігер болып қызмет етіп жүрген кезінде «Алаш» партиясының болашақ көшбасшылары М.Дулатов, М.Жұмабаевтармен танысады. Осы адал достық өмірлерінің соңына дейін үзілмей жалғасса керек. М.Дулатов 1909 жылы «Оян, қазақ!» атты кітап жазады. Мұндай кітапты сол тұста жазуға мүлде болмайтын. Міржақыптың сұрауымен осы кітаптың бір мың данасын Жұмағали Тілеулин өз басына төнетін қауіпті біле тұрса да, басын оққа байлап, үйінде ты­ғып ұстайды. 1918 жылы Алашорда мү­шесі ретінде тұтқындалып, Петропавл түр­месіне қамалады. Сол кезде Мағжан Жұмабаев «...ға», яғни «Жұмағалиға» деген өлеңін шығарады.

Бұл тұста елде мұғалім кадрлары қас­қал­дақтың қанындай тапшы еді. Жұмаға­ли уездік фельдшерлік ауруханада қызмет ете жүріп, қысқа мерзімдік мұғалімдер даярлау курстарында сабақ берген. Жа­лындаған жастың алға қойған мұраты үшін бұл жұмыс аз болып көрінуі әбден ықтимал. 1922 жылдың қазанында Ақмола губерниясында қазақ мектептері үшін мұғалімдер даярлайтын педагогикалық курстарды ашу туралы шешім қабылданып, Ж.Тілеулин осы курстың меңгерушісі ­бо­лып тағайындалған. Төңірекке білім нұрын шашқан, сол замандағы талай талапты та талантты жастың көкірегіне сәуле құйған курс кейін техникумға айнал­ған. Жұмағали Тілеулин Қызылжар қала­сындағы осы техникумның алғашқы директоры болып қызмет атқарған. Бүгінде бұл оқу орны М.Жұмабаев атындағы Пет­ропавл гуманитарлық колледжі деп ата­лады. Мұражайда Алаштың арыстары Мағжан Жұмабаев пен Жұмағали Тілеу­линге қатысты талай тарихи материалдар сақтаулы тұр.

Бүгінге жеткен тарихи деректерге, жалпы қисынға салып қарағанда, алғаш­қы білім мекемесінде олқылық шашетек­тен еді. Жатақхана, жиһаз, қаржы жетіс­пеушілігі өз алдына, мұғалімдер де аз болатын. Тілеулиннің өзі тарих, жаратылыстану және педагогика пәндерінен сабақ беріпті. Курс оқушылары Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Атбасар және Шарлық уездерінен болса керек. Білімді әрі өте жігерлі курс жетекшісі материалдық-тех­никалық базаны нығайтуға орасан зор еңбек сіңірген. 1924 жылы танымал композитор Иван Копыхты музыка және ән сабағынан оқытушы етіп жұ­мыс­қа қабылдаған. Ол елуден астам оқушы­ның қатысуымен қазақ ұлттық хорын құрыпты. Олардың ішінде кейін ха­лық­қа танылған Шахмет Құсайынов пен Жұмағали Саин да болған. Хор облыстық өнер байқауларында сан мәрте жеңімпаз атанса керек. 1928 жылы Бүкілресейлік орталық атқару комитеті қазақ өкілдігінің ша­қыруымен Мәскеуге де барған. Дерек­терге қарағанда, бұл хорды мемлекет қайраткері А.Досов шақырған екен.

Оқу орнында оқулықтар дайындауға барлық мұғалімдер жұмыла кіріскен. Жұмағали Тілеулиннің өзі 1922-1927 жыл­дары оқулықтарды орыс тілінен қазақ ті­ліне аударып, медицина тақырыбындағы кітаптар шығарған. Негізгі мамандығы фельдшер болғандықтан, Орынборда «Гигиена», «Денсаулық», Мәскеуден «Жұқ­палы аурулар», «Қышыма» атты кі­таптар шығарыпты. 1927 жылы Қызыл­орда қаласында «Гигиена» кітабы та­ғы бір мәрте басылып шыққан. Ден­саулық сақтау саласы бойынша ағарту жұмыстарын жүргізу мақсатында медици­налық мазмұндағы жинақтарды ауда­рып шығарған. Көптеген мақалалар жаз­­ған. Жан-жақты жұмыстарының арқа­сын­да мұғалімдер курсы сол кездегі Қазақ­стан­ның үздік оқу орындарының біріне айналған.

1927 жылдың тамыз айында медици­на­лық кадрлардың тапшылығы себеп болып, денсаулық сақтау саласына орал­ған. Ақмола губерниясы бойынша «Каз­медторг» мекемесінің уәкілі болып таға­йындалған. Губерниялық денсаулық сақ­тау саласы емдеу бөлімшесінің меңге­рушісі қызметтерін атқарған. Ол кезде не көп, ел ішінде жұқпалы ауру көп. Ауық-ауық бас көтеріп тұрады. Міне, осындай індет өршіген кезде халықты емдеп, көп пайдасын тигізген. 

Жазған мақалаларын ең алғашқы баспа – «Айқап» журналында бастырған. Сонау 1913 жылдан бастап Орынборда Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың шығарған «Қазақ» газетінің белсенді тілшісі болған. Мәнді мақалаларын «Жаңа мектеп», «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» журналдарында жариялаған. 1917 жылдың 1-12 мамыр аралығында Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне 800-ден астам делегат қатысқан. Сол саптан Ақмола губерниясынан Мағжан Жұмабаев пен Жұмағали Тілеулин табыл­ған. Осы съезде, кейін Орынборда өткен Бүкілқазақстандық съезде ұлттық автономия құру туралы мәселе көтерген. Ішінде Ж.Тілеулин бар он адамнан тұратын де­путаттардың құрылтай жиналысын өт­кізіп тұру мәселесі көтеріледі. Осы жиында «Алаш» атты қазақтың жаңа саяси партиясы құрылады. Оны зиялы қауым жетекшілері басқарып, құрамына М.Тынышбаев, Х.Ғаббасов, А.Ермеков, М.Жұмабаев, Ж.Тілеулиндер кіреді. «Алаш» партиясының уездік комитеттері құрыла бастаған тұста Петропавл уез­дік комитетінің жетекшілері болып Ж.Ті­леу­лин мен С.Күсемісов сайланған.

Отызыншы жылдың 5 маусымында Жұмағали Тілеулин тұтқындалып, Қы­зылжар түрмесіне қамалды. 2 тамызда босатылды. Әйтсе де, 1931 жылдың қаңтар айында қайта тұтқындалып, Ал­ма­­тыға жіберіледі. 1932 жылдың 20 сәуі­­рінде Ж.Тілеулин және «Алашорда» қозға­лы­сының басқа да мүшелері бес жылға сот­талып, Воронеж облысына айдалған. Сол жақта жүріп Белозер аудандық ауруханасында жұмыс істеген. Медицина тақырыбында маңызды мақалалар жазған. Ал отбасы болса төңіректің бәрін қара бұлт торлап тұрған уақытта қудаланудан сескеніп, Ташкент  қаласына қоныс аудар­ған. Жер аудару мерзімі біткен соң Жұмағали Тілеулинді Қырғызстанға жібереді. Фрунзе қаласындағы аудандық ауруханада жұмыс істейді. 1936 жылы Новотроицк аудандық ауруханасының меңгерушісі болды.

Алғашқы қудалаудың ауыр әсері енді арыла берген кезде қылышынан қан там­ған 1938 жыл да келіп жеткен. Сол жылы 17 қаңтарда Ж.Тілеулин тағы да тұт­қындалған. Ақпан айында Алматы облы­сындағы ішкі істер халық комиссариаты «үштігінің» қаулысымен «халық жауы» ретінде сотталып, ату жазасына кесіледі. Ол ол ма, «фашистік шпион» деген ауыр айып та тағылады. 17 ақпанда сот үкімі орындалады.

Есіл ердің  есімі арада жиырма жыл уақыт өткеннен кейін ғана ақталған. Қай­тыс болған куәлік пен қылмысы анық­талмағандығы туралы шешім шығарылған.

Алаш қайраткерінің Ерік, Әзиз, Серік есімді үш баласы болған. Ерік қан майданда сырқатқа ұшырап, қаза тапқан. Ортаншы ұлы Әзиз де майдан даласында хабар-ошарсыз кеткен. Кіші ұлы Серік соғыстан кейін Алматыдағы медициналық институтты үздік бітіріп, аспирантураға түскісі келеді. Бірақ «халық жауының» баласына мұндай бақыт бұйырар ма?! Жұмағали атамыздың жары Райхан апа­мыздың да денсаулығы сыр бере бастаған. Ленинград қаласына апарып емдетіп, ота жасағанымен 1955 жылы өмірден өткен. Бір әттеген-айы, жарының ақталғаны тура­лы жақсылық хабарды естімей кетті. Серік докторлық диссертациясын қорғап, медицина саласына үлесін қосып, сексенге толған шағында қайтпас сапарға аттанған.

Қазір Көкшетау қаласындағы бұрынғы Левон Мирзоян көшесіне Алаш ардақтысы Жұмағали Тілеулиннің есімі берілген. Бәлкім, әділдік дегеннің өзі де осы шығар. Л.Мирзоянның тұсында ату жазасына кесілгенімен, оның атындағы көше қай­раткер атамыздың атына ауыстырылуы ақи­қаттың жеңуі дейді көкшетаулықтар. Шы­нында да солай емес пе?!