Экологиялық бағдар
Жалпы, темір жол тасымалы экологиялық көлік құралы болып есептеледі. Әуе көлігінің рейстері климатқа өте зиянды болғандықтан, ұшақтан гөрі пойызды оңтайлы көретін белгілі швед эко-белсендісі Грета Тунберг те бұл мәселеге назар аударып отыр. Десе де, шығарындылары қаншалықты аз болғанымен, пойыздардың онсыз жұмыс істеуі әлі мүмкін болмай отыр.
Қазақстан 2016 жылдан бастап елдерді атмосфераға көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтуға міндеттейтін негізгі халықаралық экологиялық құжаттардың бірі – Париж келісімінің қатысушысы болғаны мәлім. Осылайша, 2030 жылға қарай Қазақстанда шығарындылардың деңгейі 15%-ға, ал қосымша халықаралық қолдау болған жағдайда тіпті 25%-ға дейін төмендеуі керек. Бұған отандық темір жолдың ұлттық операторы да үлес қосуда. Яғни компания экологиялық таза пойыздар үшін жолаушылардың жылжымалы құрамын жаңартуға кірісті.
ҚТЖ-да қоршаған ортаны қорғау бойынша қабылданып отырған шаралардың қатарында вагонға биодәретхана орнату, қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеу әдістерін жақсарту және жылытудың экологиялық таза нұсқаларына көшу қарастырылған. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері Бекжан Садықовтың айтуынша, бұл уақыт талабынан туындаған қадам.
«Жолаушылар жылжымалы құрамының жаңаруы елімізде соңғы жылдары жолаушылар ғана емес, сонымен қатар жүк вагондары мен локомотивтердің азайып бара жатқанына байланысты туған жаңа міндет. Бұл жаңаруды жалпы көлік-логистикалық жүйені дамытудың тетігі деп санаймын», деді Б.Садықов.
Сарапшы пікірін машина жасау саласының маманы Марат Ыдырысов та қолдайды.
«Жақында Deutsche Bahn (Германияның негізгі темір жол операторы) компаниясының өкілдерімен сөйлестім, олар жалпы жолаушылар тасымалы саласындағы қызмет көрсетуді жақсартудың қажеттілігіне сенімді. Жолаушылар теміржол қызметін екі жағдайда пайдаланады: егер пойызда жүру ыңғайлы болса және автомобильге қарағанда жылдам болса. Біздің елде, негізінен, тальгодан басқа барлық вагондар ескірген технология бойынша құрастырылған. Заманауи вагондарға көшу – эволюциялық жол. Қалай болғанда да өте қажетті шара», дейді М.Ыдырысов.
Көмірден дизельге
Вагондар паркін жаңарту мақсаттарының бірі – көмірмен жылытылатын вагондардан бас тарту. Баршаға мәлім, көмір жаққан кезде атмосфераға және адам денсаулығына қауіпті улы заттар түзіледі. Сондықтан көптеген дамыған елдерде пойыздар зияндылығы аз жылыту әдістеріне әлдеқашан ауыстырылды. Отандық оператор ескі вагондарды біртіндеп энергияны аз тұтынатын, дизельді қондырғылармен жабдықталған жаңаларына ауыстырады, бұл сенімді және автоматтандырылған жоғары тиімділікті қамтамасыз етеді. Жаңа вагондарды сатып алу пойыздардың экологиялық тазалығын жақсартып қана қоймай, жолсеріктерінің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді. Әзірге оларға вагондарды қолмен жылыту жұмыстарын өздері атқаруға тура келеді.
Ресейлік технология – қазақстандық құрастыру
ҚТЖ жылжымалы құрамы жаңа үлгідегі вагондармен 2019 жылы толықтырылды. Сол кезде компания «Тұлпар» зауытынан бірден 91 заманауи жолаушылар вагонын сатып алды, тағы 46-сы 2020 жылы келді. Бұлар Тверь вагон жасау зауыты (Ресейдің «Трансмашхолдинг» машина жасау компаниясының құрамына кіреді) технологиясының көмегімен құрастырылған және қазірдің өзінде ел ішінде жолаушыларды тасып жүр.
«Бүгінгі таңда басты назар ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыруға аударылған. Жаңа машиналар белгілі бір стандарттарға сәйкес келуі керек. Біз жылыту жүйелері, ауаны тазалау, ауаны дезинфекциялау, орындар саны, жайлылық туралы айтып отырмыз. Оның үстіне олар біздің климаттық жағдайларға төтеп беруі керек. Әйтпесе тез тозады. Бұл тұрғыда «Трансмашхолдингтің» вагондары осы талаптарға сай келеді», дейді ҚСЗИ сарапшысы Б.Садықов.
Жаңа вагондар жолаушыға жайлы
Ресейлік вагон өндірушісі жолаушылардың жайлылығын ойластырды. Климатты бақылау, ауа мен суды зарарсыздандыру жүйелері, USB коннекторлары, Wi-Fi, биодәретханалар және т.б. қарастырылған.
Жайлылықтың бұл ерекшеліктері 54 жатын орынға есептелген купе вагондарда да бар. Бұл вагондар кондиционерлермен, жеке қуат көздерімен, өрт сөндіру жүйесімен және бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Инновациялардың бірі электронды тақта болды, онда пойыздардың жүру бағыты, вагон ішінің және даланың ауа температурасы, жуынатын бөлменің бос екендігі көрсетіледі.
2029 жылға қарай ҚТЖ барлық жылжымалы құрамы осы үлгідегі вагондармен жаңартылады деп күтілуде. Биыл жыл соңына дейін Тверь вагон жасау зауыты Қазақстанға «Тұлпар» зауытында жиналатын 100 вагон кешенін жеткізеді.