Аймақтар • 23 Қазан, 2020

Жатақханалардағы тұрмыстық ахуалмен танысты

151 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

"Nur Otan" партиясының жастар қанаты "Qutty meken" партиялық жобасының аясында арнайы мониторингтік топ құрып, олар М.Қозыбаев атындағы СҚО университетінің жатақханаларындағы студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz

Жатақханалардағы тұрмыстық ахуалмен танысты

Мұнда тұратын студенттердің бәрі қашықтықтан оқуға техникалық мүмкіндіктері жоқ басқа қалалардан келген жастар. Білім және ғылым министрлігінің ұсынымдарына сәйкес әр бөлмеде 2 адамнан аспауы тиіс.

"Мониторингтік топ мүшелері жатақханаларда тұру жағдайымен танысты, тұрғын бөлмелердің, оқу залдарының, кір жуу орындарының, ас үйлердің, себезгі және санитариялық тораптардың жай-күйін қарап шықты. Қазір ЖОО жатақханасына қабылдау университеттің ресми сайты арқылы электронды түрде жүзеге асырылады. Бұл тетікті енгізу бюрократиялық кідірістер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін толығымен жояды", деп атап өтті "Nur Otan" партиясының "Болашақ" филиалы төрағасының бірінші орынбасары Александр Зель.

Жатақхананың әр қабатында санитайзерлер орнатылған, жастар арасында болуы мүмкін ауруларға арналған изоляторлар бар. Сондай-ақ, олар интернет байланысының сапасы мен инфрақұрылымның қолжетімділігін бағалады. Барлық жатақханалар ішкі және сыртқы бейнетіркеумен, өрт сөндіргіштермен жабдықталған. Нұротандықтардың пікірінше, бұл шаралар университеттің студенттік кампусының аумағында қауіпсіз тұруды қамтамасыз етеді.

"Мониторинг қорытындысы бойынша бұзушылықтар анықталған жоқ. Біз студенттермен сөйлестік, олардан шағымдар түскен жоқ, оларды бәрі де қанағаттандырады екен", деді А.Зель.

ПЕТРОПАВЛ