16 Сәуір, 2010

БЕДЕЛДІ ҰЙЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

577 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов журналистерге дәстүрлі брифингін өткізді. Онда ресми өкіл бірқатар маңызды іс-шаралар жөнінде баяндап берді. Солардың бірі “Қазақстан Республикасының аумағында ТМД елдерінің азаматтарын тір­кеу ережесіндегі өзгерістерге” қа­тысты болды. Мәселен, Қа­зақ­стан, Беларусь және Ресей Фе­дерациясы арасындағы Ке­ден одағын қалып­тас­ты­ру­дағы жоспарлы жұмыс шең­бе­рінде ҰҚК, ІІМ және СІМ бір­лескен бұйрығымен биылғы жылдың 13 сәуірінде “Сыртқы істер министрлігінің шет елдер­дегі мекемелерімен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының өткізу пункттері­нен шекаралық бақылау бөлім­ше­лері арқылы тіркелген шетел азаматтарын есепке алу ереже­сі­не” өзгерістер енгізілген. Бұл ережеде ТМД елдері азамат­тары­на Қазақстан Республика­сы­ның аумағында бірыңғай тір­кеу тәртібін  енгізуге қатысты тиіс­ті өзгерістер айқындалыпты. “Атап айтқанда, Қазақстан аума­ғына кірген ТМД елдерінің азаматтары 5 күнтізбелік тәулік ішінде өзінің уақытша тұру ор­нына сәйкес, ішкі істер орган­да­ры­ның көші-қон бөлімше­ле­рінде тіркелуі тиіс”, деді А.Аб­драхма­нов. Оның айтуынша, дәл сол күннен бастап, Қырғыз Республи­касының (90 күнге дейін) және Тәжікстан Респуб­ли­касының  (30 күнге дейін) аза­маттарына Қазақстан Рес­пуб­ликасының аумағында қол­да­ныста болып келген тіркеусіз жүріп-тұру ережесі өз күшін жойған. Брифинг барысында Елбасы Н.Назарбаевтың Корея Респуб­ли­касына алдағы 21-23 сәуір ара­лығына жоспарланған мем­ле­кеттік сапары жөнінде де ай­тыл­ды. Бұл мемлекеттік сапар Корея Республикасының Пре­зи­денті Ли Мен Бактың Қазақ­стан басшысын арнайы ша­қы­руына орайластыры­лып отыр екен. “Жоғары деңгей­дегі кез­де­сулер барысында Қазақ­стан Рес­публикасы мен Корея Рес­публикасы арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптес­тік­тің қазіргі ахуалына және даму келе­ше­гіне қатысты мәселелер кеңінен талқыланбақ. Сапардың алғашқы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Ко­рея­дағы жылы­ның ашылу рә­сі­міне қатысады”, деді ресми өкіл бұл турасында. Сондай-ақ, сапар барысында Қазақстан-Корея бизнес-фо­ру­мы ұйымдастырылып, екі елдің мемлекеттік органдары мен ком­паниялары арасында бір­қа­тар екіжақты құжаттарға қол қойылады деп көзделіп отыр екен. Сондай-ақ, ресми өкіл ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Қазақстанның Қырғызстандағы жағдайға байланысты арнайы миссиясы белгіленгенін, бұл бірінші кезекте көрші мемле­кет­тегі ең өткір тұрған мәселелерді оңтайландыру мен елдегі тұрақ­тылықты қайта қалпына кел­тіруге бағытталатынын атап өтті. “ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасының арнайы өкілі, Парла­мент Мәжілісінің вице-спикері Жәнібек Кәрібжанов күрделі жағдай орын алған алғашқы күннен бері Қырғызстанда жүр. Ол БҰҰ, Еуроодақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы мен басқа да беделді ұйым өкілдері­мен өзара келіссөздерге белсенді қатысуда. Бұл келіссөздер Қырғызстандағы мәселелерді жүйелендіруге, оң нәтижелерге қол жеткізуге ықпал етеді деген ойдамыз”, деді А.Абдрахманов қорытындысында. Ләйлә ЕДІЛҚЫЗЫ.