Қазақстан • 23 Қазан, 2020

"Қазақ радиолары" мен ЕҰУ меморандумға қол қойды

325 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін еліміздегі озық ЖОО-ның бірі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен "ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ" серіктестігі шығармашылық және кәсіби байланысты нығайту мақсатында меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz. Бұл туралы "Қазақ радиолары" ЖШС басдиректоры Ернұр Бурахан жазды. 

"Қазақ радиолары" мен ЕҰУ меморандумға қол қойды

Оның негізінде университет ұжымы "ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ"  радиостудия базасында алқасөз, семинар, тренинг, видео-конференциялар өткізеді. Ал серіктестік  Журналистика және саясаттану факультеті студенттеріне Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы редакцияларда оқу және өндірістік тәжірибеден өтуге жағдай жасайды.

Қазақ руханиятының қарашаңырағы 100 жылдығын тойлар жылы ЕҰУ ширек ғасырға қадам басады. Айтулы қос мереке қарсаңында бірлесе атқарар жобалар да жетерлік.

"Ректоры Ерлан Бәтташұлының іскерлігі мен көрегендігінің нәтижесінде университет биылдан бастап спорт журналисін арнайы мамандық ретінде енгізген еліміздегі тұңғыш жоғарғы оқу орнына айналды. Ал "Қазақ радиолары" серіктестігінің 20-дан астам қызметкері осы университет түлегі. Халықаралық білім аренасында өзіндік орны бар ЕҰУ қабырғасында Журналистика мәселелерін зерттейтін институт та ашылған болатын. Оның директоры – ражиожурналистиканың жанашыры, осы салада том-том еңбек жазған профессор Намазалы Омашев ағамыз. Бүгінге дейін де "Қазақ радиолары" мен ЕҰУ бірлесе атқарған жұмыстар жетерлік. Алда да екіжақты ынтымақтақтастық арқасында ауқымды жұмыстар атқарыла беретініне кәміл сенеміз", деді Ернұр Бурахан. 

Айта кетейік, бұған дейін Серіктестік Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен екіжақты байланыс орнатты. Келісімге сәйкес Қазақ радиосының 100 жылдығы қарсаңында университет ғимаратында радиостудия ашу жұмысы басталып кетті. ⠀