Қоғам • 25 Қазан, 2020

Терезеде ойнап отырған балалар өз өміріне қауіп төндіреді

358 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавл полициясына биік үйдің терезесін іштен ашып, жақтауында ойнап отырған бөбектер туралы суыт хабар түскен. Оны қарсы үйдегі көріп қалған тұрғын хабарлаған. Полиция Уәлиханов көшесіндегі осы үйге ювеналдық полиция инспекторы шұғыл жібереді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Терезеде ойнап отырған балалар өз өміріне қауіп төндіреді

Әйтеуір, жағдай трагедияға соқтырмай амандықпен аяқталды.  Екі бөбекті қадағалап отырған апалары көрші пәтердегі егде жастағы әйел қысылған соң оған жедел жәрдем шақырып, оны кіргізіп алуға төменге түсіп кеткен екен. Үйде қараусыз қалған «батырлар» осы кезде терезені ашып ойнаған. "Бөбектер қауіптің қайдан екенін біле ме? Әр түрлі жағдай болады. Мектептерде жолдардағы, су қоймаларындағы қауіпсіздік шаралары туралы түсіндіру әңгімелерін біз үнемі өткіземіз. Ал бөбектің терезеде ойнауы өте қауіпті. Кез келген секундта ол құлап кетуі мүмкін. Сондықтан аса қатты алаңдатушылық туғызады. Мұндайды көріп, полицияға хабарласқан қырағы тұрғындарға алғыс айтамыз", - дейді ювеналдық полиция бастығы Эльмира Абушева.

Полиция қызметкерлерінің тәжірибесінде ата-аналары дүкенге немесе жақын маңдағы жерге барып келуі үшін ұйықтап жатқан балаларын қараусыз қалдырып, келген уақытта үрей туғызған оқиғалардың орын алған жағдайлары жиі кездеседі. Өткен аптада Жамбыл көшесіндегі үйден полицияға қоңырау түскен. Әйел 2 жастағы баласын аз уақытқа қараусыз қалдырған. Оянған бөбек есікті іштен жауып алып, қайта аша алмай, анасын далада қалдырған. Тағы бір жағдай осы жазда орын алған. Ұйқыдан оянған биік үйдегі бөбек терезені ашып, одан басын шығарып, анасын шақырып тұрғанын көрген тұрғындар да полицияға хабарлаған. Абырой болғанда бұл жолы да бөбек аман қалған еді.