Әлем • 26 Қазан, 2020

Ядролық қаруды бақылау шарты ұзара ма?

254 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

АҚШ-тағы президенттік сайлау жақындаған сайын, Вашингтонда қарбалас күшейіп келеді. Мәселен, таяуда ядролық қаруландыруды болдырмау жөніндегі келісімді ұзарту туралы әңгіме қайта қозғалды.

Ядролық қаруды бақылау шарты ұзара ма?

Келер жылғы ақпанда The New START деп аталатын стратегиялық шабуылдау бағытында қарулануды болдырмау жөніндегі Ресей мен АҚШ арасындағы келісімнің мерзімі аяқталады. Мұхиттың арғы бетіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ақүй әкімшілігі Ресеймен арадағы The News START деп аталатын осы келісімді ұзартуға ықылас танытқан.

Мәселе түсінікті болуы үшін тарихқа үңілейік. The New START шартына 2010 жылы осы екі елдің сол кездегі басшылары Барак Обама мен Дмитрий Медведев қол қойған-ды. Соған сәйкес оқтұмсықтар саны 1550-ге дейін, құрлықаралық баллис­тикалық зымырандар, сүңгуір қайық­тард­ағы баллистикалық зымырандар және ауыр бомбалаушылар саны 700 данаға дейін қысқартылуы тиіс. Жал­пы, бұл бастаманы 1982 жылы Амери­ка Құрама Штаттарының сол кез­дегі президенті Рональд Рейган көтер­ген еді. Кейінірек 1991 жылы үл­кен Джордж Буш пен Михаил Гор­бачев оның мерзімін ұзартты. Жал­пы, АҚШ пен Ресей арасында осындай бір­неше келісім жасалып, екі елдегі оқ­тұм­сықтар саны айтарлықтай қысқарған.

Келесі жылы ақпан айында осы келісімнің мерзімі аяқталады. Бұған дейін Ақүй басшысы Дональд Трамп ядролық қаруға қатысты жасалған бірқатар халықаралық келісімді бұзған еді. Соған байланысты кей сарапшылар The New START шарты ұзартылмай қалуынан қауіптенген-ді.

Қазан айының ортасында Ресей президенті Владимир Путин қазіргі келісімді ешқандай өзгертусіз тағы бір жылға ұзартуды айтқан болатын. Оның айтуынша, осындай қадам ар­қы­лы алдағы бір жылда шартты жан-жақты талқылауға мүмкіндік тумақ. Ал өткен аптада Ресейдің сыртқы іс­тер министрлігі мәлімдеме жасап, келі­сімді тағы бір жылға ұзартуға ықы­лас­ты екенін білдірді. Әрі Вашинг­тонға өз ұсынысын жібергенін жеткізген.

Ақүй әкімшілігі келісімді ұзартуға ыңғай танытқанымен, шартқа өз талабын қоюды көздеп отырған көрінеді. «Біз Ресей Федерациясының ядролық қаруды бақылау мәселесіне екпін бергенін жоғары бағалаймыз. АҚШ тарапы келісімді нақтылап, аяқтау үшін өз талабын әзірлеп қойды. Ресейлік дипломаттар да осындай қадам жасайды деп үміттенеміз», деді сыртқы істер министрлігінің өкілі Мегар Ортагус.

АҚШ-тың келісімді жаңа талаппен қабылдау туралы ұсынысы Ресейге ұна­майтыны анық. Мұны лауазымды тұл­ғалар ашық айтты. Мәселен, сыртқы іс­тер вице-министрі Сергей Рябков Ре­сей тарапы кез келген сәтте ядролық қару­­ды бақылауда ұстау жөніндегі келі­сімді созудан бас тарта салуы мүмкін. Оның айтуынша, Кремльдің шешімі АҚШ-тың алдағы әрекетіне байланысты.

Ресей мен АҚШ тарапының The News START шартына мұншалықты шүй­лігуінің себебі бар. Кейінгі жыл­дары ядролық қарусыздану жөнін­дегі келісімдер бірінен кейін бірі бұзылып жатыр. Мәселен, АҚШ тарапы Иранмен жасалған келісімнен шықты. Сондай-ақ Қысқа және орта қашықтағы зымырандарды жою шарты да бұзылды.

Бұдан бөлек, АҚШ ядролық арсеналын күшейтуден ешқашан бас тартқан емес. The New START шартын Сенат ратификациялайтын кезде Барак Обама АҚШ-тың ядролық арсеналын жаңғыртуға уәде бергені есімізде. Нәтижесінде, АҚШ «смарт бомба» әзірледі. Салмағы 350 кило тар­татын жаңғыртылған B61-12 мо­делі жер серіктерін пайдалана отырып, ны­сананы дәл көздей алады. Одан қала берді, биыл АҚШ президенті До­нальд Трамп Невададағы ядролық сы­нақ алаңын қайта жандандыру жоспар­да бар екенін жеткізді. Келесі жы­лы Ақүй ядролық қаруға арналған бюд­жетті 37,3 млрд доллардан 44,5 млрд дол­ларға көбейтуді жоспарлап отыр.

Кремльдің де ядролық қаруға қатысты ұстанымы өзгеруі ықтимал. Біріншіден, Ресей әлемдегі ядролық арсеналы үлкен мемлекет саналады. Қазіргі таңда солтүстіктегі көршімізде алты мыңға жуық оқтұмсық бар. Соның 1500-ден астамы кез келген сәтте қолданылуға дайын тұр.

Екіншіден, Ресей жыл сайын ядро­лық арсеналын жаңартып отырады. Мәселен, «Буревестник» құрлық­аралық зымыраны әлемнің кез келген нүктесін нысанаға ала алады. «По­сейдон» ядролық торпедосының қуаты ерекше. Құрлықаралық «Сармат» зымыраны, дыбыстан жылдам ұшатын «Авангард», мұның бәрі – Ресейдің ядролық қаруды жаңғыртудағы жоспарына кірген. Қазіргі таңда осылардың ішінде «Авангард» қолданылып жүр. Ал «Сармат» 2021 жылы пайдалануға берілмек.

Сондай-ақ дыбыстан жылдам ұша­тын зымыран жасауға келгенде солтүс­тіктегі көршіміз басқа елдер­ге қарағанда әлдеқайда алда тұр. Сон­дай-ақ ракетаға қарсы қорғаныс жү­йе­сін айналып өтуде де Мәскеудің басым­дығы байқалады. Қысқасы, Ресей де келісім бұзылса ядролық арсеналын күшейтуге жедел кірісуге әзір.

Ядролық қару туралы сөз қозғал­ғанда Қазақстанға тоқталмау әсте мүм­кін емес. Өйткені еліміз бомба сынағы­ның зардабын аз тартқан жоқ. КСРО 1947 жылы Семейде полигон ашу тура­лы шешім қабылдап, 1949 жылғы 29 та­мызда алғашқы атом бомбасын сынақ­тан өткізгелі бері ұлы даланың топы­рағында 468 ядролық қару жарыл­ды. Бұл – бүкіл КСРО-да жасалған сынақ­тардың үштен бірі. Осының өзі Семей­дегі полигонда жарылған ядролық қару қуа­тының қасіретін анық аңғартса керек.

Мұндай апатты қарудың қасіретін жақсы түсінген еліміз әлемдегі төр­тінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Бұл шешім жер-жаһанды жаппай қырып-жою қаруларынан азат етуге бағытталған соны қадам болғанын уақыт көрсетті. Бүгінде мемлекетіміз ядролық қарудан бас тарту ісінде өзгелерге үлгі. Жалғыз Қазақстанның бастамасымен шартарапты атом бомбасынан құтқару мүмкін емесі түсінікті. Ендеше, әлем­нің ядролық державалары ядролық қарусыз әлем құруға талпыныс жасауға тиіс.